АймақБалқаш

Газет оқырманымен ғұмырлы

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзді айтқалы бері қағаз басылым талай ұрпаққа бағыт-бағдар берді. Оның бірі – Арқа өңіріндегі ақпарат тарату ісінің басында тұрған, 90 жылдық тарихы бар «Ortalyq Qazaqstan» газеті. Басылым осы уақыт ішінде жолынан жаңылмай, үрдісін жалғастырып, оқырманынан бір елі ажыраған емес. Оқырмандар да басылыммен бірге екенін білдіріп хат жазып тұрады. Бүгінгі хат иесі Балқаш қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Камшат Тлеубекова басылымды тұрақты түрде жаздырып алатынын айтады.

Сурет: автордан

– Қазір ұрпақ ауысып, технология дамып жатқан кезең. Біздің қатарларымыз, ересектер жағы «Орталық Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы. Мен бала күнімнен осы басылыммен дос болдым. Оның себебі неде? Өйткені, біздің Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылында шопанға дейін газетті жаздырып оқитын еді. Әкем Жарылқаған Тлеубеков жеке кәсіпкер болып еңбек етті. Әлі күнге дейін «Орталық Қазақстан» газетіне жазылып оқиды. Анамыз Мағзура Рахымберлина бізге газеттегі мақалаларды оқытып, өзі тыңдайтын. Жас буын туралы мақалалар жиі басылатын, олардың әдебиетке құштарлығы, өлеңдері, хабарлары көбірек берілетін. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін отбасымызда үзілген емес. Бұрындары газет үйге келіп тұратын. Қазір Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейіне жаздырып, оқимын. Газеттің «Шамшырақ» беті ұстаздар қауымының мінберіне айналған. Жас кезінен басылымға жақын болған ұрпақ ертең одан қол үзбейді. Жасыратыны жоқ, газетке жазылып, тұрақты оқырманы болу да сол басылымды өміршең етеді. Сол себепті, мен әріптестерімді облысымыздың төл басылымына жазылуға шақырамын. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясы ұстаздар қауымы. Олардың барлығы газетпен тығыз қарым-қатынаста болды. Біз шәкірттерімізді осы бағытта жұмыс жасауға, газетпен дос болуға шақырамыз, – дейді Камшат Жарылқағанқызы.

Нұрдос КӘРІМ,

 БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button