Жаңалықтар

“Гауһар ханшайым” карантиннен шықты

Коронавирус салдарынан 4 мыңға тарта жолаушы үшін екі апта бойы «түрмеге» айналған Жапонияның «Diamond Princess» круиздік кемесіндегі карантин аяқталды. 50 елдің азаматы сапарлаған кемеде төрт қазақстандық да болған. Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІНІҢ мәлімдеуінше, отандастарымыз дін аман. Олар Жапониядан елге өздері оралады. Жолаушылар тексеріліп шығарылатындықтан, қазақстандықтар кемеден кезектері келгенде босатылады.

Ақпан айының басынан Жапонияның Иокогама портында карантинде тұрған «Diamond Princess» кемесіндегі жолаушылардың 634-іне коронавирус диагнозы қойылған. Карантин аяқталған сәрсенбіде диагностикалық тесттен жалпы 3062 адам өткен. COVID-2019 анықталмаған 700-ге тарта жолаушы лайнерден кете бастады. Олар, негізінен, егде жастағылар. Жапон билігінің мәліметінше, тексеруден өткізуге кем дегенде үш күн қажет. Барлық жолаушыларын круиздік кемеден түсіру 21 ақпанда аяқталуы тиіс деп күтілуде.

Соған қарамастан, коронавирус анықталған жолаушылармен байланыста болған жүзге тарта жолаушы әлі де бортта 14 күн бақылауда болады. Бірқатар жолаушылар тексеру нәтижелерін күтуде. Лайнер экипажы мен қызмет көрсетуші персонал да кеме жолаушылары кеткеннен кейін басталатын карантиннен өтуі тиіс.

2004 жылы Жапонияда сапарын бастаған круиздік лайнерде барлық жағдай жасалған. 10 мейрамхана, 5 бассейн, теннис корты және гольф-клуб, казино, үш театр…

Дәл осылай 20 қаңтарда Иокогамадан тур басталғанда Гонконгтың 80 жастағы тұрғыны бортқа көтерілген. «Гонконгтық жолаушы» бес күннен кейін «ханшайымнан» түсіп қалғаннан кейін де круиз жалғаса береді. Ал, бірақ 1 ақпан күні ауруханаға түскен жолаушыны коронавирусқа тексергенде, тест оң нәтиже көрсеткен. Ол кемеде болған бес күн ішінде «Гаухар ханшайымның» әр жолаушысына COVID-2019 жұқтырып үлгеруі мүмкін деген болжаммен, Жапонияның Денсаулық сақтау министрлігі Иокогамаға келген кемеге екі апталық карантин жариялаған.

Үш күнге шақталған круиздегі ең арзан каюта бір адам үшін шамамен 150 мың теңге болса, терезесі, балконы бары – 700 мың теңге көлемінде. Ал, круиз он күнге созылса – 2 млн. теңге көлемінде.

Екі апта бойы ақшасын төлеп, сатып алған қапасқа тап болған «ханшайым» тұтқындары дәл түрмедегідей күн кешті. Каютада оқшауланып, палубада көбірек серуендеуге, адамдардың бір-біріне жақындауына тыйым салынды. Тағамды да каюталарға жеткізіп беріп отырды. Дегенмен, қатаң шара өзін ақтады. 7 ақпанда жолаушылар арасынан вирус жұқтырған 61 адам анықталып, 10 ақпанда олардың саны екі есеге өскен. Ал, 18 ақпанда саны шамамен 600-ге жеткен.

 Бейсенбі күні әлемде COVID-2019 жұқтырған 60 мың адам тіркелсе, оның 48 мыңнан астамы – Хубэй провинциясында.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button