Галактика балалары

5 сәуірде Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Біз – галактика балаларымыз» атты жыл сайынғы «МастерART» көрме-байқауы ашылды. Көрмеге тылсым ғаламның сыр-сипатын ашатын бояуы қанық кескіндеме, графика, мүсін, компьютерлік графика, сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған. Туынды авторлары – облыстағы қосымша білім беру мекемесінің 60-тан астам педагогі.

Суретшілер картина арқылы көрермен қиялын шарықтататын аллегория­лық көркем образ жасап, тылсым әлемге, шексіз ғарыштық кеңістікке сапар шеккізеді. Көрмеге қойылған барлық туынды ғаламның құпиясын білуге, әр адамға өзінің ішкі ғарыштық әлеміне үңілуге шақырады. Ол 16 сәуірге дейін жалғасады.

Көрме-байқауды Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен №1 балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырды.

– Биыл мұндай көрме-байқау облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Қосымша білім беру ассоциациясының жоспарына сәйкес алғаш рет өткізіліп отыр.

Бұған дейін бейнелеу өнері мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін анықтау мақсатында 2012 жылы өткізілген екен. Ол кезде көркемдік бағытта қосымша білім беретін педагогтердің шығармашылық бастамасын жүзеге асыруды көздейтін ешқандай жоба болған жоқ. 2013 жылы көрме-байқаудың негізгі талаптары анықталды. Алғашқы жылдарда Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинскіден 30-40 педагог қатысқан болатын. Бүгінде қатысушылар саны артты. Былтыр Жезқазған, Ұлытау, Балқашта болды. Сондай-ақ, облыстағы ең танымал байқауға айналды. Облыстың білім беру басқармасының бұйрығына сәйкес, биыл қосымша білім беру педагогтері аттестатталады және жеңімпаз атанған қатысушылар жетістігі аттестацияға қажет портфолиоға енеді, – деді облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова. Сондай-ақ, ол мұндай көрмеге алғаш рет келгенін әрі туындылардың ерекшелігіне таңданғанын жасырмады.

№1 балалар көркемсурет мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлмира Калышеваның айтуынша, Қарағандыда әртүрлі тақырыптағы осыған ұқсас 11 көрме өткен.

– Педагогтер дайындалып үлгеруі үшін көрме өтетіні туралы ақпарат әдетте оқу жылының басында жарияланады. Көрмеге ұсынылатын экспозиция еш жерде жарияланбаған болуы қажет. Бұған дейін өткен көрмелер Қазақстанның Тәуелсіздігін, өткенге деген сағынышты, уақыт туралы, би сиқыры туралы болды. Биыл ғаламның, ғарыштың, зерттелмеген әлемнің, кез келген рухани аспектілер тақырыбын қамтыды. Мұнда әр қатысушы өзіне ұнайтын тақырыпты таңдады, – деді ол.

Гүлмира Калышева осы көрмеге «Ғаламнан туған» атты өз туындысын да ұсынған.

– Бұл картинаны жасауға Қазақстанға, еліме деген сүйіспеншілік түрткі болды. Одан қазақ халқының ұлттық болмысы аңғарылады. Біз бәріміз жерде өмір сүреміз, бәріміз ғаламның балаларымыз, осы нәрсе жұлдыздардағы әйел бейнесін жасауыма себеп болды. Әрқайсымыз – ғарыштың бір бөлігіміз. Мен өз картинамда жердегі физикалық, көктегі рухани ұғымдарды біріктірдім, – деді Гүлмира Ғабдыманатқызы.

Мұндағы көлемді картина – Шахтинск қаласындағы Ә.Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінің оқытушысы Наталья Сайгушеваның «Байқоңыр» ғарыш станциясын бейнеленген «Старт» туындысы.

– Көрме-байқаудың тақырыптарынан маған Қазақстанның ғарыштық мұрасы қатты әсер етті. Сондықтан таңдауым «Байқоңыр» бейнесіне түсті. Картинаны кенеп арқылы салдым. Ғарыш тақырыбына аса қызықпаймын, дегенмен бағымды сынап көргеніме қуаныштымын. Алдын ала алты эскиз жасадым, аспан түстес көк пен сары түсті таңдадым. Содан соң қызыл және қыз­ғылт сары реңктерді пайдаландым, – деді Наталья Сайгушева.

Айта кетейік, «Біз – галактика балаларымыз» атты «МастерART» көрме-байқауы 16 сәуірге дейін жалғасады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.