Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Фестиваль жалауы желбіреді

Арқаның алтын бесігі Ақтоғай ауданында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалінің жалауы желбіреді. Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоба жаздың соңына дейін жалғаспақ. Шығармашылық, музыка, қолөнер, ойын және спорт арқылы әр өлкенің мәдениетін жаңғырту мақсатын көздеген фестиваль облыстың барлық өңірін аралайды.

Айтулы фестивальде ақындар, күйшілер, термешілер, жыршылар, фольклорлық ансамбльдер, айтыскерлер, дәстүрлі ән орындаушылары өнер көрсетеді. Сонымен қатар, тоғыз құмалақ, асық ату, қазақша күрес және басқа да кең тараған ұлттық ойындар көрсетіледі.

Аймақтың әр ауданы мен қаласында қазақтың ұлттық қолөнерінің көрмесі (ат әбзелдері, текеметтер, ағаштан, сүйектен, металдан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер) жұрт назарына ұсынылады. Бұдан бөлек, ұлттық киім дайындау және дефиле көрсетілімдері өткізіліп, этноауылдар безендірілмек.

Облыс аумағындағы тоғыз аудан мен тоғыз қалада өтетін фестиваль тамыз айының соңында аяқталады. Қазылар алқасы мен «Saryarqa» телеарнасының түсірілім тобы қазір Ақтоғайда. Келесі бағыт – Шет ауданы. «Saryarqa» телеарнасы фестиваль күнделігін жариялап отырады. Әр өңірде шараға қатысушылар өз бағдарламасымен өнерін ортаға салады. Желтоқсанда Қарағандыда өтетін гала-концертте фестивальдің үздіктері өнер көрсетеді, – деді облыстық мәденисауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Алтынай Нұрманбаева.

Тағылымды шара бастала салысымен елдің қызығушылығын туғызып, қолдау тауып жатқанын айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button