Фермерлер бұршақтан зардап шекті

Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Өсімдік шаруа­шылығын дамыту және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев өңірде егін жинау нау­қаны қалай жүріп жатқаны туралы баяндады.

Болат Мұратұлы биыл ауа райы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыр тиіп отырғанын хабарлады.

– Қуаңшылықтан кейінгі бұршақ аралас жауын егістік алқаптарына айтарлықтай кесірін тигізді. Мысалы, Нұра ауданы әкімдігінің мәліметінше, аймақтың 20-ға тарта ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне қарасты 21,7 мың гектар дәнді дақылдар алқабын бұршақ «жапырып», жиын-терім амалдарын есептен шығаруға мәжбүр болған. Күн райының мұншалық тосын құбылысына қарамастан, біз белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеудеміз, – деді спикер.

Дәнді дақылдарды жинау алаңы 993,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жыл деңгейінен 73,3 мың гектарға артық, оның ішінде бидай – 813 мың гектар. Ендігіде 29,6 мың гектар алқапта майлы дақылдарды, 16,1 мың гектар картоп және 2,4 мың гектар алқаптағы көкөністі жинау міндеті тұр.

– Жем балансы бойынша орташа өнім­ділігі гектарына 8,3 центнер болған кезде астықтың жалпы жиын-терімі 824,3 мың тонна көлемінде күтілмек. Бұл астық көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарын тұқыммен толығымен қамтамасыз етуге жарап тұр. Картоптың жалпы орташа өнімділігі гектарына 260 центнер шамамен 418,6 мың тоннаны құрайды, – деп түсіндірді құзырлы мекеменің бөлім басшысы.

Тамыз айының соңындағы жағдай бо­йынша 109 мың тонна астық бастырылған. 692 гектар алқаптан 17,9 мың тонна картоп, 150 гектар алқаптан 4,2 мың тонна көкөніс жиналды. Егістік нау­қанына 2 095 астық жинайтын, 76 бірлік картоп жинайтын және 90 бірлік картоп қазатын комбайн жұмылдырылған. Сондай-ақ, 3000-нан астам техника астықты комбайндардан шығаруға қатысады.

Болжамды деректер барлық комбайндардың тәуліктік өнімділігі 43 мың гектар болғанда, егін жинау науқанын 24 күнде аяқтауға болатынын растайды. Жалпы, ауа райы қолайлы болса, астық жинау жұмысын 30 қыркүйекке дейін аяқтау межеленді. Дизель отынын жеткізу кестеге сәйкес іске асуда.

– Өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында үш миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 547,1 млн. теңге, пестицидтердің құнын субсидия­лауға – 2058,1 млн. теңге, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға – 897,5 млн. теңге, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді сумен жабдықтау қызметтерінің құнын субсидиялауға – 135,1 млн. теңге жұмсалды, – деді Болат Омарбаев.

Өңірде астықтың қажетті мөлшерін сақтауға арналған қойма жеткілікті.

Еске салып өтелік, өткен жұмада жау­ған бұршақ аралас толассыз жауын сәтін жергілікті тұрғындар бейнетаспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Мұның мал, бау-бақша өсіретін фермерлер мен сая­жай иелеріне ауыр соғатынын айтып, жарияланым бағанына көп пікір жазылған еді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.