Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Федор БЕЛОВ

Федор Антонович Белов 1910 жылы Орынбор облысы, Сакмар ауданының Белов хуторында туған.

1931 жылы Федор Белов Қарағанды облысының Осакаров станциясына келіп, Қарағанды-Балқаш темір жолының құрылысында жұмыс істеді, жол қараушы, бригадир болды. 1942 жылы армия қатарына шақырылды, Бронебойшы Белов әуеліде Волхов маңындағы жергілікті маңыздағы ұсақ ұрыстарға қатысты. Тек 1944 жылдың маусымында ғана 382-ші атқыштар дивизиясының құрамында Карель мойнағындағы фин бекінісіне шабуыл жасау барысындағы жойқын шайқастарға қатысты.

Выборг қаласы үшін болған ұрыстар барысында сержант Беловтың бөлімшесі қоршаушы топ сапында жанқиярлықпен соғысты. Осы ұрыстар үшін оған «Ерлігі үшін» медалі берілді. Сол жолы жарақат алды.

Жазылып шыққаннан кейін Федор Антонович тағы да майданға араласты. Бірақ, бұл жолы басқа бөлімде – 120-ші Гатчинск атқыштар дивизиясының 289-ші атқыштар полкі құрамында. Дивизия бұл кезде Нарва плацдармында ауыр ұрыстар жүргізіп жатқан еді. Федор Белов басқаратын бөлімше танкіге қарсы қолданылатын қаруларды ұтымды пайдалана отырып, жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз етті. Осы ерлігі үшін ол III дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

1945 жылғы қаңтардың аяғында 120-ші Гатчинск дивизиясы Одер бағытында кескілескен ұрыстар жүргізді. Фашист басқыншылары плацдармның көзін жою үшін бар күш-жігерін жұмсап бақты. Қаһарман кеңес жауынгерлерінің күніне жеті-он жау шабуылын тойтарған кездері болды. 1945 жылғы 27 қаңтарда Одерфельде деревнясы маңында гитлершілер төрт ауыр танкінің қолдауымен кеңес шебіне тұтқиылдан шабуыл жасады. Құрамында Федор Белов бар танкіге қарсы қарулар взводы жаяу әскерлер құрамында болатын. Взвод командирі жау танкілерін жақындатып алып, дәлдеп ұруға бұйрық етті. Танкілер шепке екі жүз метр шамасы қалғанда аға сержант Белов бірінші болып оқ жаудырды. Бірнеше оқпен ол бастапқы машинаны отқа ораған еді. Дегенмен, қалған екі құрсаулы «құдірет» ауыр оқтарды бұршақтай жаудырды. Бірақ, үшінші танкі де істен шыққан соң, соңғы, тоғайда жасырынып тұрған танк өз-өзінен шегініп кетті. Жағдай бірден жеңілдеп қалды. Жаяу әскерге көмектесу үшін взвод мүшелері қолдарына винтовка мен автомат алды. Ортақ күшпен жау шабуылы тойтарылды. Ал, осыдан бірнеше апта өткен соң, дивизия командирі, генерал-майор Говоров аға сержант Ф.Беловқа II дәрежелі «Даңқ» орденін өз қолынан тапсырды.

1945 жылғы 24 наурызда Александр Невский орденді 289-атқыштар полкі Нейсе қаласына қарай бағыт түзеді. Немістер Кеңес әскерлерінің алға жылжуын қалайда тоқтату мақсатында өздігінен жүретін машиналардың қолдауымен қарсы шабуылға шықты. Аға сержант Белов машиналардың қозғалысын өз секторында мұқият бақылап отыр еді. Ебін тауып, қатты соққы берді. Бір машина 180 градусқа кейін бұрылып, тоқтап қалды. Федор Антонович машинаның шынжыр табанына дөп тигенін түсінді, келесі соққымен оны отқа орады. Басқа расчеттар да барынша дәл қимыл жасады. Гитлершілердің шабуылы тоқырап қалды.

Федор Белов Оппельн қаласының оңтүстікбатысында, Нейштадт, Шпейнау, Фалькенберг және басқа қалалар үшін болған ұрыстарда да жанқиярлық ерлік пен батырлықтың үлгісін танытты.

Соғыстың соңғы кезеңіндегі жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен Федор Антонович Белов I дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

Бірақ, соғыстан кейін Ф.А.Белов қызмет еткен бөлім таратылып, жауынгер наградасын алып үлгермей әскер қатарынан босатылды. Ол, тіпті, жоғары награда алғаны туралы білген де жоқ. Қаһарман солдатқа Алтын орден Кеңес Қарулы Күштерінің 51 жылдығы қарсаңында, осы айтулы датаға арналған салтанатты жиналыста тапсырылды. Федор Антонович Белов ұзақ жылдар Шет ауданының Жарық станциясында тұрды. Кейін Қазақстаннан тысқары жерге қоныс аударды.

Басқа материалдар

Back to top button