ФАП құрылысы биыл жалғасын табады
Бүгін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен аппарат жиыны өтті. Қаралған мәселе – ауылдық елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитариялық пункттердың құрылысы. Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 92 медициналық нысан ашылуы керек.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2024/02/e3fbf3c90e3f7512ed800351dca2a85a_original.78345-1.jpg)
Былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша облыс ауылдарында 14 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Қалған 78 нысан биыл бой көтеруі тиіс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, бүгінгі таңда 26 нысанға конкурс жарияланған.
– 12 нысан бойынша мердігермен қол қойылуда, 14-інің конкурстық шаралары жалғасуда. Салынатын 92 нысанның 11-і – дәрігерлік амбулатория, 34-і – фельдшерлік-акушерлік пунт және медициналық 47 пункт болады. Қалған нысандардың құрылысы жоспар бойынша мамыр-маусымда басталады, – деді Бибігүл Төлегенова.
Басқарма басшысы салынатын жаңа нысандарға баратын мамандарды даярлау мәселе туралы да айтты.
– Қазіргі уақытта 5 жалпы практика дәрігері, 24 орта медбике, 10 акушер, 3 фельдшерге қажеттілік бар. Бүгінде 138 маман резидентурада оқып жатыр. Биыл 71-і бітіреді. Олармен келісім бар, – деді ол.
Ермағанбет Бөлекпаев былтыр ашылған ФАП-тарды құрылыс басқармасынан денсаулық сақтау басқармасына беру процедурасын тездетуді тапсырды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz