ЕURO-2024: Ұлттық құрама шешуші ойынға дайын ба?
Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің аяқталуына да аз қалды. Қазақстан ұлттық құрама командасы 17-ші қарашада өз алаңында Сан-Марино құрамасын қабылдайды. Бұл ойынға билеттер 30 қазаннан бастап сатылымға шықты. Сол күні бірнеше сағаттың ішінде 14 527 билет сатылып кеткен.
Қарымта кездесу – «Астана Арена» стадионында өтпек. Ойынға екі аптадан астам уақыт қалды. Билеттерді ticketon сайтынан сатып алуға болады. Бағасы – 1 500 теңгеден басталады.
Айта кетейік, қос команда арасындағы алғашқы кездесу 0:3 есебімен аяқталған болатын. Жерлестер сырт алаңда жеңіске жетіп, маңызды ұпайды еншілеп қайтты. Қазіргі таңда «Н» тобындағы жағдай күрт өзгеріп кетуі бек мүмкін. Демек, отандастарымызға іріктеу кезеңінен өтуге әлі де мүмкіндіктері бар.
Қазір бұл топта 19 ұпаймен Словения құрамасы көш бастап тұр. Дания құрамасының да еншісінде – 19 ұпай. 18-ші қарашада қос команда Дания құрамасының алаңында қарымта кездесу өткізеді. Бұған дейінгі ойын 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Бұл жолы топтан алғашқы болып шығуы үшін қос команда барын салып ойнайтыны сөзсіз. Демек, біреуі ұпай жоғалтады.
15 ұпаймен ІІІ орында келе жатқан Қазақстан құрамасы үшін бұл жақсы мүмкіндік. Өткен ойында Сан-Марино құрамасын еш қиындықсыз жеңген еді. Бұл жолы да ұлттық құрама жігітері жеңісті қолдан бермейтіні сөзсіз. Егер жеңсе, топта ІІ орындағы командамен иық тірестіреді.
Соңғы ойын – сырт алаңда Словения құрамасына қарсы. Алғашқы ойында жерлестер бұл командадан өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Егер қарымта кездесуде отандастарымыз қарсыластарынан айласын асырса, «Н»тобынан ІІ орынмен келесі кезеңге шығуымыз әбден мүмкін.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz