Руханият

Этностильден – заманауи үлгіге

Қарағанды облысы колөнершілер орталығының ұйымдастыруымен қалада жәрмеңке мен форумдар жиі өтуде. Енді орталық сән көрсетілімін өткізуді қолға алды. Сәрсенбі күні Достық үйінде «Әйелдің әлемі әдемі» атты сән көрсетілімі өтті. Онда орталықтағы тоғыз тігінші дизайнер көздің жауын алатын сәнді көйлектер мен шапандарды көрермен назарына ұсынды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстық қолөнершілер орталығының басшысы Перизат Құлымбетова жергілікті қолөнерді республикаға, әлемдік аренаға танытуды басты мақсат еткен. Оның құрамында 300-ге тарта тігінші бар. Олардың қолынан шыққан киімдер мен түрлі бұйымдар сауда үйлерінде өткен жәрмеңкелер мен Достық үйінде өткен форумда көрсетілді. Орталық үйде отырып, тігінді ермек еткен нәзік жандыларды жан-жақты қолдап, хоббиін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.

– Орталық ашылғаннан кейін «Қол өнері – қазақтың төл өнері» атты форум өткіздік. Оған қоғам қайраткерлері, қолөнершілер, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Форумда 25 қолөнершінің жұмысы көрсетілді. Кейін сауда үйлерінде жәрмеңкелер өткіздік. 20 қолөнерші өз жұмыстарын көрсетті. Сөйтіп, тігіншілер өз киімдерін сән көрсетілімінде көрсетсек деген ұсыныс білдірді. Бұл көрсетілім бастамасы ғана, – дейді Перизат Қалиханқызы.

Көрсетілген киімдер тігіншілердің инстаграм парақшаларында сатылады. Онда бүлдіршін мен балалардан бастап үлкендерге де арнап тігілген қазақи нақыштағы киімдер бар. Кішкентай ұл балаға арналған алтын адам киімі, кішкентай қыз балалардың сәнді киімдері, түрлі кескіндемелермен әрленген шапандар мен көйлектер өте әдемі әрі сапалы тігілген. Оған – көрерменнің ыстық ықыласы дәлел.

– Көрсетілім нәтижесінде алдағы уақытта неге баса назар аудару керек, нені қолға алу керек екенін түсіндік. Достық үйінде форум, жәрмеңке сәтті өтсе де, сән көрсетіліміне сахнаның тарлық ететінін түсіндім. Келесіде масштабын үлкейтіп, күзде өткіземіз бе деген ниеттеміз. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығының үлкен сахнасында өткізу де жоспарда бар. Осы сән көрсетіліміне Арман Жақанұлының киностудиясы демеушілік көрсетті. Орталық тігіншілерінің әлеуетін көріп, демеушілік етем деушілердің саны артты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімшілік тарапы көмек беруге ниетті. Сонымен қатар, Достық үйінің әкімшілігіне де көрме ұйымдастыруға көмектесіп, сахна бергеніне алғыс білдіреміз, – деді Перизат Құлымбетова.

Орталықтың басты мақсаты – ата-бабалардың мәдени мұрасын жаңғырту, заманауи этностильде қолөнерді дамыту. Дәстүрлі стильді заманауи киім үлгілерімен, өмір сүру образымен ұштастыру.

Ақерке МҰХАММЕД-АЛИ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 4-курс студенті.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button