Жаңалықтар

Ет өнімінен қауіп көп

Жуырда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өнімнің қауіпсіздігі аясында бақылау жүргізіп, қорытындысын шығарды. Сұрыпталған және зерттелген тамақ өнімдерінің 4991 сынамасынан сараптама нәтижелері бойынша 686 сынама талапқа сәйкес келмеді. Бұл туралы аталмыш департаменттің өкілдері мәлімдеді.

Ішкі нарықты сараптау нәтижесінде регламентке сәйкес келмейтін өнімдердің басым бөлігі ет өнімдерінен байқалған. Ет өнімдері 23,6%, балық өнімдері 16,2%, сүт өнімдері 10,2%, құс өнімдері 9,9% құраған. Ал, кондитерлік өнімдер 9,3%, жеміс-көкөніс өнімдері 9,3%, өзге де өнімдер 21,5% көлемінде көрінеді.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, барлық фактілер бойынша Қарағанды облысының аумағында орналасқан өнімдерді сату және өндіру объектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Өкінішке орай, тексеру нәтижелері өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және өндіріс шарттарының бұзылғанын анықтаған.

Бұл үшін қолданыстағы заңнама аясында кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 5 млн. 838 мың 438 теңгеге 61 айыппұл салынған.

Көбіне заңбұзушылықтар таңбалауда кездескен. Мәселен, тауарда қазақ тілінде жазу болмаса немесе оның құрамы мен шыққан мерзімі көрсетілмесе, бұл құқықбұзушылық болып саналады. Өткізілген іс-шаралар барысында 572 келі өнім жойылып, 4 тонна 999 келі өнім кәдеге жаратылып, қайта өңдеуге бағытталған. Ал, 763 келі тамақ өнімі сатылымнан алынып, жеткізушілерге қайтарылған.

 Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button