АймақҚарқаралы

Ескерткіш тақта орнатылды

Қарқаралы тарихында өзіндік орны бар, абзал азамат, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, статистика саласының ардагері Рүстем Оспановқа мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақта ардагердің өзі жұмыс істеген, іргетасын қалаған ұйымның қабырғасына ілінді. Рүстем Қабдоллаұлы 1941 жылы 20 наурызда Қарқаралы қаласында дүниеге келген.

Рүстем Оспанов

Қаладағы №1 қазақ орта мектебін оқып бітірген соң Семей ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Арнаулы білім алған жігерлі жас жігіт аудандық статистикаға қатардағы маман болып қабылданды. Аз уақыт ішінде еңбекқорлығымен, білім-қабілетімен дараланған жас маман осы мекеменің меңгерушісі болып тағайындалды. Сол уақыттан бастап, Рүстем Қабдоллаұлы зейнеткерлікке шыққанша аталмыш саланы басқарды.

− Ол өзінің жұмысқа деген ыждаһатты да тиянақты ұстанымынан танбай, қызметін бар жауапкершілікпен атқара білді. Іскер, мықты басшы болды. Оның басшылығымен Қарқаралы аудандық статистика бөлімінің жұмысы нақты жəне ұйымдасқан түрде алға басты. Білікті басшының іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылығы, дарындылығы, жоғары біліктілік қасиеттерінің арқасында кез келген өндірістік тапсырмалар уақытылы əрі сапалы орындалды. Кез келген мəселе оңтайлы шешімін табатын. Мен Рекеңнің орынбасары болып он жылдай қызмет істедім. Жұмысқа 5 минут ерте келіп, 5 минут кеш қайтатынбыз. Бізді аудандағылар «Қарқаралының сағаты» деп айтатын. Əділдікті жаны сүйетін адам еді. Əрі өзінің білгенін, оқыған, тоқығанын үнемі бізге үйретіп отыратын. Тəртіп пен əділдікті жанына ту еткен абзал азамат еді, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Бүгінгі ескерткіш те сол еңбегінің өтеуі, − деп еске алады қызметтес болған Қалиман Құсайынова.

Тақтаның ашылу сəтінде сөз алған аудан əкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев бұл шараның маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова пікір білдірді.

− Дос ретінде, жерлес ретінде Рүстем абзал азамат еді. Біз қызмет бабында ғана емес, дос ретінде, азамат ретінде жақын араластық. Өте мейірбан, адал, тік мінезді еді. Айтар ойын ірікпейтін. Ұзақ жылдар бойы бір мекемені басқару оңай емес. Қыз метін абыроймен атқарды. Мына ғимарат та сол кісі еңбек еткен жылдары салынды. Бүгін ашылған тақта əркімге бұйыра бермейтін бақыт, − деді Рымбала Кенжебалақызы.

Қадірлі қонақтардың жүрекжарды лебізінен соң тақта ашылды. Ақ шүберек сырғи кеп түскенде тақтадан кең маңдайлы, қыран көз адамның бейнесі жарқ етті. Қойылған гүлдерде есеп жоқ. Ардагердің 56 жыл отасқан жары Сағыныш Бөпиева ескерткіш тақтаның ашылуында көзіне жас алды.

− 30 жыл бойы осы мекемеде қызмет жасады. Енді, міне, еңбегі еленіп жатыр. Халқыма, еліме алғыс айтамын. Бүгін өшкенім қайта жанғандай болды. Алдына келген адамның баршасына жақсылық жасауға дайын еді. Сол жақсылықтары бүгін еселеп қайтты. Алла разы болсын!, − деді жары.

Меруерт БАЛКЕЕВА.
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button