Басты тақырыпСпорт

Ескекшілер ерледі

     Қылқайықта және ескекті спорт қайығында ескек есу бойынша өткен Азия чемпионатында Қарағанды облысының өкілі Владимир ПЕТРОВ үш алтын медальді жеңіп алды. Сондай-ақ, тағы бір жерлесіміз Дарья РАЗУМОВИЧ аталмыш біріншіліктің жеңімпазы әрі жүлдегері атанды.

Жалпы, Шанхайда өткен Халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынды иеленді. Біздің ескекшілердің еншісінде – 15 алтын, 6 күміс және 5 қола медаль. Екінші орында – қытайлықтар, ал, Өзбекстан құрамасы үшінші орынға ие болды. Жарысқа 27 елдің спортшылары қатысты.

Ел құрамасын жеңіске жетелеуге біздің облыс спортшылары да өз үлестерін қосты. 25 жастағы Владимир Петров қазақстандық төрттік құрамында 200, 500 және 1000 (каноэ) метрлік қашықтықтарда жақсы өнер көрсетіп, үш мәрте Азия чемпионы атанды.

Дарья Разумович үш қазақстандық спортшымен қоса 500 метрлік қашықтықты қылқайықпен игеріп, алтын медальді жеңіп алды. Бұған қоса, ол Анастасия Березовскаямен бірге 200 метр қашықтықта өнер көрсетіп, екінші орынды иеленді.

Владимир Петров 2004 жылдан бастап ескек есумен айналысады. Ол Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етеді. Жақында ғана 18 жасқа толған Дарья Разумович – Азия чемпионының шәкірті.

– Оның келешегінен зор үміт күтеміз. Ескек есумен бес жыл бойы айналысып келеді, – деді Владимир Петров. – Дарьяның бұл жетістігі, тек, бастамасы ғана деп ойлаймын. Шанхайда өткен чемпионат жақсы ұйымдастырылған. Біз көп уақыттан бері осы құрамдағы төрттікпен Азия чемпионаты сияқты жарыстарда өнер көрсетпесек те, жеңіске жете алдық. Меніңше, барлығымыз жақсы дайындалдық әрі тек қана алтынға көз тіктік. Және солай болғанына қуаныштымын. Сондай-ақ, Дарья екеуіміздің алдағы мақсатымыз – 2018 жылғы Азия ойындарында және 2020 жылғы Олимпиадада жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жету.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button