Бас тақырып

Есірткі бизнесі есті алып тұр

Несін жасырамыз, Қарағанды есірткі саудасының ірі ошағына айналып барады. Мұны кейінгі уақытта құрықталған қылмыстық топтардың әрекетіне қарап, әңгімелеп отырмыз. Жалпы, алапат апаны жастарға да ауыз салды. Қазір бұл пәлеңіз әлгіндегідей үрей тудырмайды, өйткені, бойымыз үйренді. Есірткіге қатысты заң қанша күшейтілсе де, есі кеткен тәуелділер мен саудасы дүркіреп тұрған «алыпсатарларға» тұсау болар түрі жоқ.

ТРАНСҰЛТТЫҚ ТОП ЖҰМЫСЫ ТОҚТАДЫ

Қазір кей көпқабатты үйлердің қабырғаларында, дуалдарда түсініксіз жазылған жазулар, хэштегтер мен сызбалар бар. Бірақ, бұл суретшілердің сызбасы емес, нашақорларға арналған нұсқау, яғни, жарнама. Telegram-каналдағы есірткі сататын дүкендердің мекен-жайы. Өйткені, бұл жерде телефон нөмірі көрінбейді және кез келген жалған есіммен парақша ашуға болады. Жақында ғана Теміртау тұрғындары граффитиді – аэрозоль бояулармен жазылған есірткі жарнамасын жазбай танып, әлеуметтік желіні әжептәуір дүрліктірген еді. Қарағандылық полицейлер соның негізінде бірнеше қылмыстық топтың ізіне түсті. Сәуір айында облыстық полиция департаменті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық Қасымхан ҒАЛЫМ, топтың есірткі зертханаларынан салмағы 70 келіден астам есірткі және 3,5 мың тоннадан астам прекурсор (есірткі әзірлеуге қолданылатын заттар) тәркілеген. Ішкі істер өкілдері бұл қылмысты ашу үшін ұзақ уақыт із кескен. Соның негізінде, Қазақстанда есірткі әзірлейтін ірі 5 зертхананың жолын кескен еді. Бизнес әккілері сырт елден есірткіні ішімдік, автокөлік майы мен қосалқы бөлшектер түрінде, немесе май радиаторы мен өрт сөндіргіш сияқты заттардың ішіне сұйық түрде құйып, елге жеткізуді жолға қойған. Яғни, тамырын терең жайған. Өнімдерін Telegram және Signal мессенджерлері арқылы саудалаған.

ТОННАДАН АРТЫҚ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бір тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленіпті. Оның ішінде: марихуана – 848 келі, қарасора – 173 келі, гашиш – 103 келі және есірткі әзірлеуге арналған құралдар – 692 келі. Осыдан-ақ, есірткі бизнесінің көрігі қызып тұрғанын анық көруге болады.

– Екі жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылды. Мұнда қылмыскерлер синтетикалық есірткіні кең көлемде шығарған. Есірткі сатушылардан тәркіленген түрлі заттар, арнайы құрылғылар, машиналар мен жабдықтар «КамАЗ» көлігіне әрең сыйды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияр.

– Бұрынғыдай дозаны алу үшін «алыпсатарларға» баратын ескі сызба өткеннің еншісінде қалды. Техникалық прогресс есірткі саудагерлеріне интернет арқылы пайда табуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда оларды қадағалау мүмкін емес, ал сатушы мен сатып алушы бір-бірін көрмейді. Және есірткі тасымалдаушы болып, жұмыс істеп жүрген жас қылмыскерлердің саны өсуде. Сондықтан, баланың қайда жүргенін қадағалап отыру дәл қазір қажет нәрсе. Өйткені, «жеңіл жолмен жақсы ақша табамын» деп темірторға тоғытылып жатқандар қаншама, – дейді.

ЕСІРТКІМЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТЕ ТҮССЕ…

Қарағанды қаласы Петровская көшесіндегі үйдің ауласында қарасораға ұқсас өсімдік табылды. Сараптамаға сәйкес, 1 гектар жерден табылған өсімдіктер – жалпы салмағы 173 келі қарасора екендігі анықталды. Бұл аумақта 2147 бұта өскен, олардың барлығы жойылды. Бұған дейін де Абай қаласының Промышленная көшесі маңындағы даладан 9 мың бұта қарасора табылған. Сараптама қорытындысы 755 келі кеппеген марихуана екендігін анықтаған. Бұл қылмыстар «Қарасора – 2021» ауқымды кешенді жедел алдын алу шарасы кезінде ашылған. Яғни, күрес нәтижесі. Жоғарыда үй қабырғалары мен дуалдардағы есірткі жарнамасы туралы сөз еттік қой. Қарағанды полицейлері мұны да жолға қоюда. «Салауатты ұрпақ – дені сау ұлт» қоғамдық бастамасы негізінде еріктілерімен бірге жазуларды жоюда. Мыңға жуық жарнаманың көзін жойыпты. Бұл да болса, тосқауыл. Сонда да саудагерлер айылын жияр емес. Жақында ғана Металлист көшесіндегі саябақта 19 жастағы жас жігіт қолға түсті. Сөмкесінен синтетикалық есірткінің екі түрі альфа-ПВП және мефедрон табылды. Полицейлер араға күн салып, Ерубаев пен Балқантау көшелерінің қиылысында 32 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктіден 47 пакетке бөлініп оралған, белгісіз химиялық затты тапты. Бұл психотропты «пиролидин» зат екені белгілі болды. Сондай-ақ, Степной-2 ықшам ауданында сөмкесіне 17 келіден астам марихуана салып алған 22 жастағы жігіт ұсталды. Осакаров ауданында трактордың насосын ұрлады деген күдіктінің үйінен де 4 келі марихуана тәркіленді. Ол аз десеңіз, түрмеде жазасын өтеп жатқан педофилге гашиш пен темекі қоспасы жасырынған сәлемдеме жолданған. Сөз түйіні, тамыры жайлаған есірткіні жою оңайға соқпасы анық. Бірақ, барлық жүкті құқық қорғау органдарының иығына артып қойған жарамас. Сіз болып, біз болып, оңтайлы жолын тапсақ, сөйтіп, тамырына балта шапсақ, жөн болар еді…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button