Есімі – еңселі

   Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазағы шамалы Қарағандыда ұлттық мүддені көздеген жастар шоғыры қалыптасты. Жер-жерде өнерге ынтық жастар үйірмелері құрылып, төл руханиятымызды түлетуді қолға алды. Қазіргі ҚарМУ мен ҚарМТУ қабырғасында «Балауса» және «Жасқанат» поэзия клубтары құрылды. Бұл – сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар топтасқан ұлттық мәдениет ошақтары еді. Осы істің басы-қасында бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Ерсін ЕСЕНТАЕВ жүрді.

Ерсін – қазіргі Бұқар жырау ауданындағы Алғабас ауылының тумасы. Ерсіннің тегі – сөз бен дәулет дарыған тұқым. Қазақтың белді руы Қаржастың Алтынторы бұтағынан. Оның ішінде мыңды айдаған Өтебайдың Тыныбегі, оның ұлы болыс Есентайдың ұрпағы. Бұқар жырау осы Алтынторыдан тарайтынын көзі қарақты қауым біледі. Жастайынан оқуға зеректігін танытқан Ерекең жеткіншек шағынан поэзияға аңсары ауып, ауыл арасында «бала ақын» деген атаққа ие болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, ел үмітін үкілеген жастардың біріне айналды.

Мектепті тәмамдаған соң Ерсін оқуын ҚарПТИ-де (қазіргі ҚарМТУ) жалғастырды. Осында жүріп дос жолықтырып, пікірлес тапты. Қанына біткен елгезектігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өз ортасында абыройға ие болды. Сол кезде құрылған «Жасқанат» поэзия клубының іргетасын қалауға атсалысты.

Бұл клуб қанатына жаңашыл жастар тобы жиналды. Клубтағы басқосуда әңгіме ел ертеңі, ұлт келешегі, қылышынан қан тамған қызыл империяның отаршылдық саясаты туралы өрбитін. Республика өмірінде болып жатқан әрбір оқиға осы жерде қызу талқыға салынатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы клуб мүшелерінің ерекше назарында болды. Алматылық жастарға үн қосу мақсатында Қарағанды көшелеріне шығып, наразылық шараларын ұйымдастырды. Ерсін осы шерушілер басында жүрді.

Политехты тәмамдар жылы декан Ерсін Сағыновқа Мәскеуге барып, оқуын жалғастыруды ұсынады. Алайда, өзінен кейінгі шиеттей бауырларын жеткізуді ойлаған ол ұсыныстан бас тартады.

Оқу бітірген соң Қарағанды қаласының Октябрь ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде еңбек етеді. Кейін Шұбаркөл көмір разрезінде эксплутация бастығы қызметін атқарады. Осы қызметінде жүргенде әкесі Болат кенеттен көз жұмады. Мәңгілік сапар алдында Болат ақсақал Ерсінге бауырларына бас-көз болуды аманаттайды. Сөйтіп, әкесінің жетісін өткізгеннен кейін ауылға көшіп келеді.

Ауылға келіп, шаруа қожалығын құрады. Нарықтық қатынастың талаптарын түйсіне білген Ерсін алғашқы болып Бұқар жырау ауданында осы істі қолға алады. Бұл жерде, әрине, Бибітай анамыздың көпті көрген тәжірибесі көп жәрдемін тигізді…

Болат аға қайтқаннан кейін сегіз баланы жеткізу оңай емес екені белгілі. Аналарының жанкешті еңбегінің арқасында мектеп қабырғасындағы жеткіншектер оқуларын бітіріп, болашаққа қанат қақты. Әркім өмірдегі өз жолын тапты… Ана еңбегі ақталды. Бұл – 1993 жыл еді. Іскер, жігерлі жігіттің бастамаларына тәнті болған аудан басшылығы оны жыл өте Керней совхозының бас инженері қызметіне тағайындайды. Кейін «Керней – 2008» ДОАТ-ның президенті қызметін атқарады. Табысты еңбек етіп, жұртты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етті.

Бүгінде сол Ерсін арамызда жоқ. Жыл толды. Соңында өзі оқырман назарына ұсына бермейтін жыр жолдары, көзінің қарашығындай болған жұбайы Назгүл мен төрт баласы қалды. Жырлары – өзіне орнатқан мәңгілік ескерткіші болса, балалары – соңында қалған ізі. «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде балаларының алды отау құрып, соңғылары білім алуда. Ұлы Данияр Мәскеуде магистратураны тәмамдады. Үлкен қызы Динара Ломоносов атындағы ММУ-де магистратурасында оқуын жалғастыруда. Ортаншы қызы Аяулым ҚарМУ-дың «халықаралық құқық» факультетінің студенті. Тіл білімін тереңдету мақсатында Түркияда тәжірибеден өтіп келді. Ал, кенже қызы Арайлым гимназияның шәкірті.

Ерсіннің есімі – еңселі. Көзі тірісінде жақсылығы мен шарапатын өзін қоршаған жанға тигізе білген марқұмның жарқын бейнесі жамағат жадында мәңгі қалары сөзсіз. Ғұмырында жұрттың абыройы мен құрметіне бөлене білген Ерекеңнің келбеті – халық есінде.

«Жақсының аты өлмейді» деген осы болар…

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.