Руханият

«ЕСІЛ КӨТЕРІЛІСІ» немесе Мағжан ақын не дейді?

Осыдан 100 жыл бұрын Ресей тарихшылары үшін «Батыс Сібір шаруалар көтерілісі» ал, қазақтар үшін «Есіл көтерілісі» деген атпен тарихта қалған елеулі оқиғалардың бірі ақпан айында басталған еді. Кеңес дәуірінде контрреволюция деп айыпталған қарулы көтерілісті қазіргі Ресей тарапынан ақталып, коммунистік кеңес билігіне қарсы азаттық соғысы деп бағалауға бейім. Осы пікірді жақтаушылар Қазақстанда да бар.

Оның мәнісі – жалпы коммунист немесе совет атаулыны жөн-жобасыз теріске шығару дақпырты, тарихи жағдайлардың ақиқатына жетпегендік. Шындық басқа болатын. Қазақстанның Тәуелсіздігі жағдайында осы бір қайшылықты оқиғаның ақиқатына жетуді қажет санаймыз.

1921 жылдың тамызында жаңа құрылған Қазақ автономиялы Республикасының Ақмола губерниясы Ресейдің Сибревкомынан заңды түрде бөлінген. Демек, «Сібір көтерілісі» мақсаты жағынан қазақ ауылдарына жат. Оған қазақтар қатыспаған. Қайта қазақ ауылдары солтүстіктегі көршіден шыққан көтерілісшілер тарапынан да, оларды басып-жаншуға шыққан жазалаушы жасақтардың тарапынан да жазықсыз жапа шекті.

Әлбетте, бұл жерде біз «Есіл көтерілісінің» мән-жайын тәтпіштеп баяндамақ емеспіз. Қазақтың Қызылжарының жазығы Ресеймен шекаралас жақындығын әрі бұрын бір патшаның қарауында болғаны ғана. Көтеріліс Қызылжарда басталған жоқ, Ресейден келді. Омбы, Қорған және Түмен облыстарында пісіп-жетілген, қарулы бүлік Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ емес ұлт өкілдері тарапынан, яғни, іштегі жаудан қолдау тапты. Біздің елдің шетіне жеткен бетте-ақ лаулай жанып, алапат өртке айналды. Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездеріндегі славян тектес диаспора үкіметке қарсы қантөгіс жасады.

Бұл шаруалардан азық-түлікті «берсе қолынан, бермесе жолынан» алу туралы әйгілі Кеңес өкіметінің «соғыс коммунизмі» саясатына қарсы көтерілісі еді.

1921 жылғы 14 ақпан күні көтерілісшілер Қазақ АССР Ақмола губерниясының орталығы Петропавлды басып алды. Ертеңіне Омбыдан жеткен сапты әскерге қосылған жергілікті жасақтар қарсы шабуылға шықты. Қала үш рет қызылдарға, үш рет көтерілісшілер қолына өтіп, ақыры қару-жарағы мықты қызыл әскерлер жеңген. Келесі аптада көтерілісшілер Көкшетауды басып алып, қанға бөктірді де, күш қосып, Ақмола мен Атбасарға аттанды.

Зерттеушілер кейін нақтылағандай, көтеріліс қарулы күшпен басып жаншылып, облыс аймағы 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында тынышталды. Жүздеген адам қырылды. Бірақ, одан елдің жағдайы жақсарып кеткен жоқ, ақыры Солтүстік Қазақстандағы 1921-1922 жылғы алапат аштыққа әкеп соқты. Ақмола губерниясының құрылуы қиындады. Бұл айтылғандардың бәрі қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы қазақ ауылдарына тікелей қатысты еді.

Күшпен басылған көтерілісшілердің қалдығы саптағы әскердей қаруланып, Қытайды бетке алып қашты. Олардың келе жатқаны туралы 5 сәуір күні Петропавлдан Баянауылға хабарланған. Баянауылдан телеграф арқылы хабар алған Қарқаралы азаматтары қаладағы «Халық үйіне» жиналып, қарсы жоспар құрып отырғанда, таңғы сағат 4-те бандылар тұтқиылдан басып кіріп, қыра бастаған. Түрмедегі тұтқындарды босатқан. Қиырда жатқан қорғансыз қалада екі күн ойран салып, 71 адамды өлтірген, олардың ішіндегі бір-екеуі болмаса, түгел қазақтың ортаң қолдай атпал азаматтар, шетінен оқығандар. Қарқаралыда басшы қызмет атқарып жүрген 5 орыс коммунисі соларға еріп кеткен. (Атақты ақын Мәдиді, әнші композитор Мәдиді атқан милиция бастығы коммунист Жасанов та сатқын болып шықты, деген сөз бар.-З.Т.) (ҚР ПА. 811-қор, 3-тізбе, 6-іс, 1-4-беттер). Куәгерлердің айтуынша, олар өздерін «халық әскері» деп атаған, «Коммунистерсіз советтер жасасын!» деп ұрандаған.

Қарқаралы қырғынының себебі мен зардаптарын анықтауға Семейден Мұхтар Әуезов бастаған бір топ басшы қызметкерлер келген. Түгел қырылған мекемелерді қалпына келтіре бастаған. Республиканың басқа облыстарынан мамандар шақырылған.

«Есіл көтерілісінің» Қазақстан жерінде, қазіргі Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында болды дедік. Қазіргі ұрпаққа осы оқиғаның жергілікті қазақтарға қалай әсер еткенін, қазақтардың бұл көтерілісті қалай қабылдағанын түсіндіру – міндет.

Тарих жүзінде 1920 жылдың 26 тамызында Кеңес билігі Қазақ автономиялы советтік республикасын жариялады. Толық тәуелсіз болмасақ та, қағаз жүзінде қазақ жұрты Абылай хан қаза болғаннан кейін ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттілік туын көтерді. Отаршыл Ресейдің бұғауынан құтылып, тынысы кеңейгендей шақ туды. Демек, «осындай жағдайда көрші орыс деревняларында атыс-шабыс, қырғын соғысқа қазақтар қарсы туруы керек еді ғой» деген ой тумай ма?

Кеңестік билік заманында «Есіл көтерілісі» – кеңестік, социалистік билік тәртібіне қарсы, яғни, ұлтына қарамастан, еңбекшілер мүддесіне қарсы бағытталған қылмысты бүліншілік, контрреволюция деп бағаланды.

Енді, соңғы отыз жылда, Кеңес үкіметі құлап, Одақ ыдырығаннан кейін, кейбір жекелеген авторлар «Есіл көтерілісінің» қанды қырғын зардаптарын ақтап алуға бейім. Бұл көтеріліс «тоталитарлық, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған, демократия, бостандық үшін күрес еді» деп баға беретіндер бар. Себебі, бұл заманда коммунистік, кеңес атаулының бәрін теріске шығару үрдісі басым болып, тіпті кейбір зиялылар, әсіресе орыс тілділер, Ресейдің самодержавиесін сағынып, Романовтар дәуірін аңсап жүргені де жасырын емес. Тіпті, осы тақырыпты қаузаған автор таяуда электронды БАҚ бетінде «В наказание восставшим, в 1921 году четыре русских уезда с коренным русским населением были отторгнуты от Омской губернии и включены в состав Киргизской АССР»., деп жазды. Мұндағы «…четыре русских уезда с коренным русским населением» қазақшасы сол кездегі Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездері Ресейдікі еді деген сөз.

Қазақстан Тәуелсіздігіне отыз жыл болса да бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Әр дәуірдің өз ерекшелігін сабырмен саралап, шындық бағасын беру керек деп ойлаймыз. Тіпті, біздің кейбір көзі ашық деген замандастарымыз «1990 –жылдардағы саяси-әлеуметтік оқиғаларды «развал советского союза…» деп өкінішпен еске алуға бейім. «Развал» болмаса саған Тәуелсіздікті кім ұстаса салар еді?! Мұндай қараңғылықтың ініне су құю керек! Ең дұрыс жауап сол кездегі қайраткерлердің, оқиғаны көзімен көріп, саяси тұрғыда терең пайымдай біледі-ау, деген сауатты азаматтардың сөзі болмақ. Қазақ Тәуелсіздік алған жылдарды, сол кездегі оқиғаларды оң бағалап, еске алып отыру парыз…

Сондықтан, «Есіл көтерілісі» туралы Отаншыл, қазақшыл ақын Мағжан Жұмабайұлы жазып, жарты Қазақстанға тарайтын «Бостандық туы» газетінің Омбыда, 1921 жылғы 19 наурызда шыққан 1-санында жариялаған «Еңбекші қазақтарға» деген бас мақаладан үзінді ұсынбақпыз:

«Совет өкіметі билік тізгінін қолына алғаннан бері нелер қатерді, нелер қиындықты бастан кешіп, барша соғыс майдандарында, ішкі һәм сыртқы жауларын жеңіп, қылышын қынабына салып, қолына мылтық орнына балға алып, барлық күшін шаруа майданына беріп, соғыс уақытында қарауға мүмкін болмаған халық мұқтажына керекті нәрселерді табуға кірісіп жатқанда, «халықты қырғыштығынан шен алған» алтын иықты төрелер, казак-орыстар сарай толған бидайын аш-арық жұмысшыларға түйірін бергісі келмей, мұжық жуандары Совет үкіметіне тыныштық бергісі келмейді. (Бұлар кімдер?). Олар орыс шаруасы мен қазақтың арқасында казак-орыстың қамшысын ойнатқан залым төрелер.

Еңбекшілерді зар еңіреткен, көздерінен жас орнына қан тамызған патшашыл жауыздар. Қой терісін жамылып жүрген қасқырлар. Бұлардың мақсаты не? Бұлар бұрынғы патша заманын, Колчак заманын қайта орнатпақ. Қаншама қан төгіп алған жұмысшылардың фабрика-зауыттарын, крестьяндардың да, қазақтардың да жерлерін тартып алып, халықты бұрынғысынан жаман зарлатпақ».

«…Көтерілісті бастап жүрген Колчак генералдарының жаңқасы, офицерлер, прапорщиктер, поптар, казак-орыстың жуандары. Бұлар еңбекшілерге не бермекші? Еңбекшілердің мойнына құлдық қамытын қайта кигізбекші. Олар Совет үкіметінің күшімен жасалған, өлдім-талдым дегенде дүниеге келген, Қазақтың жас автономиясын жоймақшы!

Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туыпөскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!..»

«Бұл Совет үкіметінің дұшпандары, қаражүз жауыздардың жасаған көтерілісі, бүліншілігі Қазақ автономиясының жері Қызылжар уезінде де болды. Қазіргі уақытта сол бұзақылардың аман қалғандары қашып, қазақ арасына тығылмақ. Совет үкіметінің дұшпаны, еңбекшілердің дұшпаны ондай бұзақылардың, жауыздардың қазақ арасына жасырынуы мүмкін емес!

Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар.

Жасасын, Совет үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!» «Бостандық туы», 1921, 19 наурыз. №1».

Осы мақаланың ізін баса, газеттің 3-сәуір күнгі екінші санының бірінші бетінде Мағжан ақынның талдау сипатты тағы бір мақаласы «Екіден – бір» деген тақырыппен басылды. Жоғарыдағы бас мақаламен сарындас, бірақ, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарын кең қамтыған көлемді мақалада: «…Біз, қазақ елі, төңкеріс жасаушы һәм төңкеріске өз бетімізбен жол салушы емеспіз. Бұл басқышқа жеткеміз жоқ. Сондықтан, біздің алдымызда екі ғана жол бар: Азаттық не құлдық. Не совет бостандығы, не Николай-Колчактың құлдық қамыты!» деген сөз бар. Халқының қамқоры, адал ұлы Мағжан Жұмабайұлы баспасөздің қуатты күшін пайдаланып, бар дауыспен шырқырайды. Үгіттейді, түсіндіреді: «Міне, қазаққа осыны ұғындыратын мезгіл жетті. Аралықты мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі «ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек» деп, қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі құлдықта езілген сорлы елді «қатарға кір, ел бол»деп құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин сықылды адал ерлер. Енді ойла, оқы, қазақ! Екіден – бір!».

( «Бостандық туы», 1921, 3 сәуір. №2»

Халық арасында беделі зор, сүйікті ақынның баспасөз арқылы таралған осынау сөздері кезінде оқырмандарын бейжай қалдырмағаны анық.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры,

Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Басқа материалдар

Back to top button