Жаңалықтар

Есіл ерге – ескерткіш

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, нұралық батыр, Даңқ орденінің толық кавалері Мүтәш СҮЛЕЙМЕНОВКЕ туған ауылында ескерткіш тақта орнатылды.

Нұра ауданы Кертінді ауылының тумасы, Қарағанды қаласы мен Нұра ауданының Құрметті азаматы, осы ауылдан қан майданға аттанып, ерлікпен елге оралып, туған жерде ұстаздық еткен батырға ескерткіш тақта орнату салтанаты Жеңіс күніне тұспа-тұс келді.
– Қатардағы жауынгерлерге ғана берілетін «Даңқ» орденінің үш бірдей иегері атанған жауынгер Кеңес одағының батыр атағымен пара-пар деген қағида бар. «Даңқ» орденінің кавалері атағын майдан даласында 240 жауынгер иеленсе, соның 110-ы Қазақстан жерінен аттанған батырлар. Біздің Мүтәш Сүлейменов ағамыз осы батырлар қатарынан болғандығы біз үшін мақтаныш, – деп тілек білдірді аудан әкімі Ниқанбай Омарханов.
Мүтәш Сүлейменов 1921 жылы Кертінді ауылда дүниеге келген. Ерте есейген ердің майдан даласында көрсеткен ерліктері Даңқ орденінің толық кавалері атандырды. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 12 мәрте үкімет медалімен марапатталған. Соғыста үш рет жараланып, қаралы қағаз да келген екен. Ананың тілегі қабыл болып, жеңіспен елге оралды. Мәскеуде өткен Жеңіс парадтарына бес мәрте қатысқан. Мектепте ұзтаздық еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.
Аудан әкімі Ниқанбай Омарханов, ҚарМУ профессоры, Нұра ауданының Құрметті азаматы Қайыржан Бекішев және ескерткіш тақтаны орнатуға демеушілік көрсеткен нұралық азамат Берік Инкабеков ескерткіш тақтаның шымылдығын ашты. М.Сүлейменов мектебінің ұстазы, ауған соғысының ардагері Еркін Мұхамеджанов ескерткіш тақтаның мәңгілік алауын тұтатты.
Сондай-ақ, Кертінділік майдангер Ахметбек Искаков ақсақалдың жұбайы, тыл ардагері, бір ғасыр жасаған кеуана Тұрмар апайға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Əшімбаевтың құттықтау хаты мен естелік сыйлығы табысталды.
ҚарМУ профессоры Қ.Бекішев батыр жайлы естеліктерімен бөлісіп, мектеп ұстаздары О.Қоқанов пен В.Сыздыкова батырға арнаған шығармаларын оқыды.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button