Есің болса, есірткіден қаш

Облыстық білім басқармасының қолдауымен «Қазақстан азаматтары» һәм «Сау ұрпақ» қоғамдық бірлестігі бірлесіп, «Өмір үшін есірткіні ұмыт» акциясын өткізді. Теміртау қаласындағы «Восток» қалалық саябағында және Қарағанды қалалық орталық саябағында өткен шараға жұртшылық белсене қатысты.

Акция Қарағанды және Теміртау қалаларында нашақорлық пен шылым шегудің зияны туралы ақпарат беру, саламатты өмір салтын насихаттауды көздеді.

Акция қатысушыларына, саламатты өмір салты тақырыбындағы сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге тәтті «Қазақстан» шоколады, дәмді кәмпиттер сыйға тартылды. Бұдан бөлек, «Темекіңізді кәмпитке ауыстырыңыз» ұранымен темекі шегіп жүргендер темекіден бас тартатынын айтып, оны арнайы ыдысқа тастаса, оларға да тәтті сыйлықтар үлестірілді.

Саябақтағы алаңның ортасына үш баннер орнатылды. Үшеуі бірін-бірі толықтырып, үйлесіп тұрды. Ортасындағыда темекі шегу мен нашақорлықтың зияны, түрлі ауруларға шалдыққан адам бейнелері және бұл дерттің адамды өз тереңіне тартып әкететін жауыз қалпы суреттелген. Ол «Жамандықтың бейнесі» деп аталады. Ал, екі жағында екі есіктің бейнесі бар. Ондағы есіктің көзінен ішіне үңілсеңіз, бір есіктен нашақорлықтың, екіншісінен темекіге әуестіктің өте қорқынышты салдарын көре аласыз.

Әр баннер жанында тиісті тақырыптағы ақпараттық стенд орналасқан, онда акцияға қатысушылар осы мәселелер бойынша білімін толықтыра алады.

Алдымен, саябақта жүрген қала тұрғындарын акцияға қатысуға шақырады. Қатысушы қызыл, көк немесе сары жіпті таңдап, жіпті қиып алып, шегеге байлап, оны «Жамандықтың бейнесіне» қағуы тиіс. Жіптің әрбір түсі есірткі мен темекі шегуге деген көзқарасты білдіретін белгілі бір пікірге сәйкес келеді.

Мәселен, қызыл жіпте – «Нашақорлар дертті адамдар, оларды емдеу керек», көк жіпте – «Есірткінің бәрі зиянды, мен оларды қолдануға қарсымын», сары жіпте – «Мен балаларымның бұл мәселеге тап болғанын қаламаймын» деген сынды пікір стендке жазылған. Әр түсті жіптің көптігі арқылы тұрғындардың пікірін білуге болады.

Өте көп шеге қағылды. Теміртау мен Қарағанды тұрғындарының қаққан шегелерінен стенд түрл-түсті жіпке толып кетті. Тіпті, жаңадан отау құрып жатқан жас жұбайлар да келіп, акцияға қатыс­ты.

Теміртау қаласында жастар үшін есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Нұржан Дүйсебеков сөз сөйлеп, есірткінің алдын алу, есірткіні қолдану мен таратудың құқықтық аспектілері туралы айтты. Қоғамда, әсіресе, синтетикалық есірткінің ауыр зардаптарын атап өтті.

Ал, қарағандылықтар темекіні кәмпитке айырбастау барысында белсенділік көрсетті. Өйткені алмасуға тек темекі ғана емес, сонымен қатар вейптер де қатысты. Акция барысында шамамен 10 вейп жиналды. Кей қатысушылар темекіні сындырып, ыдысқа тастады. Бұл акцияның мәнін ашты.

Облыстың полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің көмегімен акцияға қатысушыларға «Есірткісіз өмір» деген жазуы бар футболкалар мен қалпақтар табыс етілді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде облыстың білім басқармасының «Колледж студенттері, Қарағанды және Теміртау қалаларының жоғары сынып оқушылары арасында никотиндік және есірткіге тәуелділіктің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешені» тақырыбындағы жобасын іске асыру шеңберінде #менсалауаттыөмірсалтыүшін2023 тақырыптық хэштегі бар флешмоб аяқталғаннан кейін салтанатты марапаттау өтті.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.