АймақБас тақырып

Ешкім қол қусырып отырған жоқ – Ораз Таурбеков

Естеріңізде болса, бірнеше күннен бері Теміртауда ауыз су кесте бойынша беріліп отырғанын жазған болатынбыз. Бір жыл ішінде желілерде 500-ден астам апат болған. Осыған байланысты Теміртауда негізгі су құбырының апатты учаскелерін жөндеу басталды. Келешекте ұзындығы 27 шақырым болатын Қарағанды – Теміртау су құбырын қайта жаңғырту көзделіп отыр.

Су құбыры 1981 жылы пайдалануға берілген. Оның тозуы шамамен 90%. Қазір қаланың кейбір орталық аудандарының тұрғындарына кесте бойынша су жеткізіліп отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін биылғы су құбырының апаттық учаскелері зерттеліп, ұзындығы шамамен 5 шақырымды құрады.

– Теміртау үш көзден сумен қамтамасыз етіледі. Оның негізгісі – Қарағанды-Теміртау су құбыры. Бүгінгі таңда ол өзінің нормативтік қызмет мерзімінен екі рет асып түскен. Күрделі жөндеуден өтпеген. Біз инженерлік желілердің жағдайына байланысты сумен жабдықтау тапшылығын жаба алмаймыз, сондықтан шектеулер енгізіп, кесте бойынша су беруге мәжбүрміз. Шағымдар өте көп. Қала тұрғындарына жағдайдың себептері туралы хабарлау қажет. Ешкім қол қусырып отырған жоқ. Біз жұмыс істеп жатырмыз, – дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Қазір конкурстық рәсімдер аяқталуда. Егер бәрі ойдағыдай болса, тамыздың бірінші онкүндігінде су құбырындағы негізгі жұмыстар басталады. Бірақ «Оқжетпес-Т» ЖШС мердігерді күтпей, апатты учаскелерді өз күшімен ауыстыруға кірісіп кеткен.

– Биыл біз негізгі жұмыстарды тамыз және қыркүйек айларында орындайтын боламыз. Біз қалаға судың келуін тұрақтандырамыз және кесте бойынша су беруден арылуға тырысамыз. Мәселені толығымен шешу үшін қалған 22 км қайта құру арқылы қалпына келтіреміз. Енді біз жобалаушымен келісімшарт жасасамыз, содан кейін ол жобалық жұмыстарға кірісуі керек. Жобада суды айдау станциясын да қарастыру қажет, – деп атап өтті Теміртау әкімі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Суреттерді түсірген: Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button