ҚарқаралыАймақБас тақырып

Ертегілер елі Едірей

Қазіргі кезде Қарқаралы ауданының шалғайдағы шағын елді мекеніне айналған Едірей аулы бір замандары елдің ортасы болды деп айтсаңыз, оның өткен тарихынан хабарсыз адамдар сенбейтіні хақ. Ең алдымен, Едірей деген атаудың шыққан төркіні туралы ой бөлісейік. Бала кезімізде ауылдың ересектері: «Қаздауысты Қазыбек бабамыз Сырдың бойынан Сарыарқаға елін бастап әкелгенде мына тауларды қалмақтың Едірей және Бедірей деген ағайынды батырлары қоныстанып отырған көрінеді.

Суреттерде: Едірей тауы мен Қаздауысты Қазыбек ордасын тіккен Қызылшілік қонысының кейбір көріністері

Олар бабамызға, “Жерді соғыссыз-ақ босатып берейік, тек тауға біздің атымызды қойсаңыз болды дейді. Сөйтіп, өзара келісімге келеді. Уақыт өте келе Бедірей аты түсіп қалып, тау Едірей аталыпты» деген аңызды айтатын. Кейбір ағалар атау таулардың сырт келбетіне, әсіресе шығыс жағынан қарағанда едірейіп тұратын көрінісіне байланысты шыққан болар деп болжам жасайтын еді. Кейінірек білім алып, таным-түсінігіміз кеңейіп, Едірей деген атау көне түрік тіліндегі еді («жеті») және әрей («арай») сөздердің бірігуінен өте ерте кезде қалыптасқанын және таулардың өне бойында кездесетін көне қорымдар ауыл қариялары айтатындай «қалмақтардың моласы» емес, сақтардың обасы, әйгілі көсемдері жерленген қорғандары екенін білдік.

Едірей атауы қазақ – қалмақ қақтығыстары тұсында, яғни осыдан 2-3 ғасыр ғана бұрын емес, әлдеқайда ертеде тайда болғаны жайлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы һәм тарихшы Әнес Сарай былай дейді: «Байқауымызша, арғындар – қазақ топырағының ең ежелгі тұрғындарының бірі, оның тарихы б.д.д. екінші мыңжылдықтарға ұзайды. Жыл санауымыздан бұрынғы ХV-ХІІІ ғасырлар аралығында Қазақстанның батыс және солтүстік өңірін мекендеген арий тайпасы оңтүстікке жылжып, соңғы көштері қазіргі Ауған, Иран топырағына аялдағанда, ілкі қозғалғандары Үндістан, Арабия, Палестина, тіпті, Греция арқылы Еуропаға өткені белгілі. Міне, осы қозғалыстағы жүздеген тайпалар арасында біздің назарымызды екі рулық қауым ерекше назар аудартады: ол – арг, арқа бұтақтары.

Арг және Арқа рулары туралы Мұсаның «Бес кітабында» анық-қанық жазылған. Ибраһим пайғамбар заманында (б.д.д. 2 мыңжылдық) Ханаан (қазіргі Палестина) өлкесіне Алыптың ұлы деп аталатын бір бөтен, жат тайпаның келгені айтылса, еврейдің Мұса пайғамбары б.д.д. ХІІІ ғасырда Египет құлдығынан өз бауырларын алып шыққанда олар Палестинаға бауыр басып жайғасып, 60 қала салып тастаған екен. Бастапқыда алыптың ұлы деп аталған қауым да бұл кезде өздерін Арг деп атап, жаңа отандарына да Арг деген есім беріп, патшалығын Басан (Бошан) деп, ал Астана қаласын Едірей деп атаған (қараңыз: Ә.Сарай. Асылдың сынығы, А. 1996 «Арғындардың тайпалық жыры»). Еврейлер ұзақ соғысып, аргтарды жеңген. Жоғарыдағы басты атаулар Арг, Басан (Бошан), Едірей де Арқаға қатысты атаулар, ал Едірей болса – Қарқаралыдағы ең биік шыңның бірі» (Әнес Сарай, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Тайпалар тарихы. «Қазақстан әйелдері» журналы, №5,6. 1999 ж.). Осыған қарағанда, Едірей атауы біздің дәуірімізге дейінгі мезгілде пайда болса керек.

2006 жылы Алматының «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында төмендегідей сараң жолдар бар: «ЕДІРЕЙ, тау. Қарқаралы ауд-ның солт.-шығыс бөлігінде, Егіндібұлақ ауылының солт.-шығыс жағында 60 км жерде. Ең биік жері 893 м. Солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай 12-13 км-ге созылып жатыр. Ені 2-3 км шамасында. Таудың орт. бөлігінде Қызылшілік қонысы бар. Протерозой граниттерінен түзілген. Беткейлері тік, құламалы жартасты. Барлық жерлерде түп жыныстарының 2-7 м көтеріліп жер бетіне шығуы байқалады. Таудың қызыл қоңыр, сортаңды топырағында австрия жусаны, бетеге, қызыл боз өседі. Аңғарлары мен тауаралықтарында түрлі шөпті, шиелі бетегелі шалғындар кездеседі. Е-дің етегінен көптеген бұлақтар бастау алады». Осы анықтаманы оқығанда оны жазған автор ешқашан Едірейде болмаған-ау деп ойлайсың еріксіз. Өйткені, беріліп отырған деректерде бірнеше жаңсақтық бар. Мысалы, Едірейдің батысындағы Таймас жотасынан шығысындағы Әшекең сораңына дейін 26 километр. Ені де, Қаратүлкіден Қарадырға дейін, кемі 20 километр болады.

Өне бойынан бұлақтар бұрқырап ағатын, сай-саласы шілік-тал, қайың, терек, бұталармен өрнектелген Едірейдің әр биігінің, сай-саласының жеке-жеке атауы, керемет көркі, тамаша тарихы бар: Әшекең сораңы, Дәлекең жотасы, Қызылшілік, Аңғар, Есенбай, Төресай, Керегетас, Қараүңгір, Қаратүлкі, Қитабан, Тесіктас, Қоржынтүбек, Қырыққұдық, Таймас… деп жалғасады.

Осы Едірей тауындағы көркем түзілістердің бірі Есенбай биігі. Оның түстік беткейіндегі Төресай атына заты сай керемет жер. Көзбен көргендер, Төресайдың сұлулығы суреттерінен де асып түсетінін мойындайды. 

Қызылшілік – Едірей туының ішіндегі қоныс, Керегетас жотасының оңтүстік беткейі мен Дәлекең жалының түйіскен тұсында орналасқан, тал мен шілік аралас өскен, қалың шалғынды өлке. Ауыздан ауызға жеткен деректер бойынша, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында Сырдың бойынан ауа көшкен Орта жүз ру-тайпаларымен бірге Сарыарқаға қоныс аударған туыстарын – Қаракесектерді бастап келген Қаздауысты Қазыбек 1728 жылы Едірей тауларына көш басын тіреп, Қызылшілікке ордасын тіккеннен кейін бұл жер ұлы бидің атақонысы саналатынын ақпарат құралдарында, соның ішінде қоғамдық желіде жарияға шыққан «Қаракесектердің Сарыарқаға қоныстануы» деген мақаламызда тәптіштеп жазған болатынбыз. Сол кезде Орта жүз қазақтары иеленбесе, осынау салқар кеңістік екі бүйірден ентелей келген империялардың біріне жұтылып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан, ол көш – қазақ ұлтының тағдырын шешкен аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі ғана емес, бірегейі.

– Бұрын жазғы жайлау болған Сарыарқаға Орта жүз қазақтары бірден келіп қыстап қалмаған, әуелі бірер ауылды қалдырып, барлау жасаған екен. Мысалы, Қаздауысты Қазыбек бабамыз Едірейге әуелде бір қыс киімшең ұлы Қайыпберліні қоныстандырған. Арқаға келгендер аяз бен апталап соғатын боранды алғаш рет көріп, одан қорғану үшін күпі, ұйық сияқты қалың киіммен танысады. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген аталы сөз сол заманнан қалса керек, – дейді Мәди ауылдық округына қарасты Едірей елді мекенінің тұрғыны Дәрислам Әлиәкпаров ақсақал.

Жоғарыда айтқанымыздай, енді екі жылдан кейін қазақтардың Арқаны қысы-жазы мекендейтін тұрақты қонысқа айналдырғанына 300 жыл толады. Осыған орай, Қарқаралы ауданының басшылығы, тіпті облыстың ел ағалары мұрындық болып, елді осы өңірге бастап келген Қаздауысты Қазыбектің ата қонысы Едірейге бір ескерткіш белгі қойғызуға ықпал жасаса, артық етпес еді.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Қазақстанның Құрметті журналисі  

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button