ҚарағандыРуханият

Ертеңі нұрлы ел боламыз десек

   Елбасымыздың салиқалы саясаты Қазақстанның қарыштап дамуына сөзсіз зор үлесін қосып келеді. Бұған – Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дәлел болмақ. Халқымыздың берекесі мен берекетін, ырысы мен ынтымағын көксеген Көшбасшымыз татулық пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім мәселесін де айналып өтпейді. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамбелясының атқарып жатқан ауқымды жұмысын мысал етсе де жетерлік.

Елбасымыз мақаласында «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деп ой түйеді. Рас, жыл санап емес, күн санап түрленіп жатқан жаһанда таптаурын қағидалардан арылмай кемелді көш түзеу мүмкін бе? Сондықтан, ұлтаралық татулық болмай, заңғар белестерді бағындыра алуымыз неғайбыл. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар жұмысы ұшан теңіз. Менің ойымша Қазақстан халқы Ассамблеясы идеясын уақыттың өз алып шықты. Бұл бейбітшілік пен келісім институты ақылды басшыларсыз осындай жетістіктерге жетпес еді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы көпұлтты Қазақстан халқының мүддесін қорғайды. Мүддесін қорғап қана қоймай, тілі мен дінін, дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен өнерін, тарихы мен тамырын зерделеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзге этностардың тарихи отанымен байланыс жасауына да жағдай жасап келеді. Ендеше, дәл мұндай келісім мен ұлтаралық түсіністіктің әлемде теңдесі бар деп айта қою қиын. Бұл – Елбасымыздың көрегендігі мен сарабдал саясатының жемісі. Бұл – бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған халқымыздың ортақ мұраты. Бұл ретте қазақ халқының кеңдігі мен мейірбандығын айтпай кету мүмкін емес. Қазақтың қонақжайлығы болмаса, достық қарым-қатынас орнар ма еді, орнамас па еді? Не болса да, басымызға бұйырып, маңдайымызға жазылған осы қасиетіміз арқылы сан ұлысты бауырымызға басып, қанатымыздың астына алып келеміз.

Бүгінгі күнге дейін де өз басым бір кісідей дара даңғылды жүріп өттім деп айта аламын. «Даңқ» орденінің толық кавалерімін. 1942 жылы 17 жасқа толған шағымда өз еркіммен майданға аттанып, Мәскеуді, Сталинградты, Қырымды жаудан қорғадым. Ұлы Отан соғысының шешуші ұрыстарына қатыстым. Севастополь үшін болған ұрыста Сапун-гора штурманы кезінде ауыр жараланып, емделгеннен кейін екінші топтағы мүгедек ретінде комиссияландым. 1944 жылы қыркүйекте Қарағандыға оралып, құрылысшы болып еңбек жолын бастадым. Кейін, кірпіш зауыты директорының орынбасары лауазымын атқарып, бейбіт кезде де көптеген наградалармен, оның ішінде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталдым.

Айтайын дегенім, өмірім Отан және қоғам алдында азаматтық борышымды өтеуге арналды. Қандай қиын кезеңдерге тап болмасам да, адамгершілік қасиетінен аттамай, кісілік биігімде қалуға тырыстым. Қазір, қартайғаныма қарамай, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсене араласып келемін. Мен үшін ең маңыздысы – еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға тамшыдай болсын үлесімді қосу. Себебі, бейбіт өмірдің бағасын білетін адам болса – ол менмін. От пен суды қатар кешкен заманда осы ұлтаралық татулықтың үлкен үлгісін көрдім. Жүздеген ұлттан құралсақ та, жұмылған жұдырықтай болып, жауды жеңдік.

Сондықтан, Президентке жә­не оның айналасындағыларға адамдардың теңдігі мен бостандығы туралы адамзат баласының жарқын ой арманын жүзеге асыратын, жер бетіндегі гуманизм идеяларын тарататын осындай ерекше институт үшін рахмет. Ассамблея басшыларымен, біздің этно-мәдени орталықтардың белсенділерімен кездескен сайын келешекке сеніммен қараймын. Этно-мәдени орталықтардың төрағалары мен ұлттық қауым белсенділері еліміздің өркендеуі үшін көп жұмыс атқарып жүргенін көремін. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім экономикалық факторға, біздің жетістіктердің темірқазығына айналды. Мен еліміздің жас ордасы, көпұлтты Қазақстан халқы құрылысын салған Астана қаласымен мақтанамын және ол индустриалы Қарағандысыз қалыптаспас еді. Астана да, Қарағанды да еліміздің түкпір-түкпірін жалғайды. Елорданың азық-түлік белдеуін құрайды. 1857 жылы Ақмола елді мекенінің халқы небәрі 10 мың адам болатын! Ал қазір қарасаң Астана үлкен мегаполис. Елордамыздан бүкіл әлемге бейбітшілік пен қайырымдылық идеялары тарайды. Ежелгі Сарырақа жерінде достық пен бірліктің арқасында бейбітшілік орнап тұр. Мен өз балаларым, немерелерім, шөберелерім үшін уайымым жоқ.

Кәмәли ДҮЙСЕМБЕКОВ,

Ұлы Отан соғысының

ардагері, Қарағанды облысының және Қарағанды қаласының

Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button