Ерте емделу – маңызды

Елімізде онкологиялық дертке шалдыққан тұрғындардың саны жылына 1,8%-ға артып келеді. Ал, Қарағанды облысы науқастардың саны бойынша 6 орында тұр. Осыған орай, облыстық онкологиялық диспансерде онкологтардың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті.

Онкологтардың айтуынша, ел арасында аты жаман ауруға қатысты жалған түсінік көп. Мәселен, тұрғындардың көпшілігі «обыр – жазылмайтын ауру» деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Егер науқас жазыларына бек сенімді болса, кез келген сырқатты жеңіп шыға алады. Ең бастысы, уақытылы дәрігерге көрініп, қатерлі ісікті асқындырмай анықтау.

− Онкологиялық дертке шалдыққан азаматтарды дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын қолданудың маңызы зор. Соңғы уақытта І және ІІ деңгейлі науқастарды анықтау көрсеткіші артты. Мәселен, 2019 жылы омырау қатерлі ісігіне шалдыққан 564 науқас анықталды. Олардың 215-і – І дәрежелі, ал, 253-і – ІІ дәрежелі. Науқасты дер кезінде анықтаудың арқасында біз дертті асқындырмай, дер кезінде емдей аламыз, – деді жалпы онкология және хирургия бөлімінің меңгерушісі Андрей Панибратец.

Аймағымызда 3796 адамнан қатерлі ісік анықталған. Оның ішінде 2146 науқас – әйел. Жалпы алғанда негізінен тері және сүт безі қатерлі ісігі жиі кездеседі екен. Онкологтардың айтуынша, бұған экологиялық ахуал да айтарлықтай ықпал етуде. Дей тұрғанмен, оң өзгеріс те бар. Яғни, 2019 жылы онкологиялық ауралардың өлім-жітім көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға азайған. Сондай-ақ, дерті асқынғаннан кейін ғана соң барып дәрігердің қарауына келетін науқастардың қатары сиреген. Осы орайда, онкологтар тұрғындарды скринингтік тексерулерден уақытылы өтіп, денсаулығында қандай да бір кінәрат болса өз бетінше емделмей, бірден дәрігер кеңесіне жүгінуге шақырады. Сырқат неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу де соғұрлым жеңіл болмақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.