Бас тақырып

Ертең Қарағандыда жылу беріледі

Қыс – қыр астында. Әрине, бұл мезгіл жазғы дайындықты сарапқа салады. Үй суық болса, мазамыз кететіні тағы бар. Жақында Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау 93,3% құрағаны туралы Энергетика министрі Болат АҚШОЛАҚОВТЫҢ Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесуінде айтылған болатын. Жауапты мекемелер «Қарағанды қаласы жылыту маусымына дайын» дейді. Биыл жылу беру маусымы ертең басталады.

Ертең Қарағандыда жылу беріледіБұл – жылы күндермен қоштасу болғанымен, қыстың қытымыр аязы мен боранына аяқ басу. Міне, жаз бойы дайындалып, құбырын жаңартқандарға сынақ күндері де келді..

Алдымен Қарағандыда 28 қыркүйекте балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Бұл 2022­-2023 жылғы жылыту маусымының басталу күні белгілеуге арналған қала әкімдігінде өткен арнайы комиссия отырысында айтылды. Ал, жаппай жылу беру маусымы 30 қыркүйекте басталады. Бұл күн – облыстық мәслихат шешімін, Қарағанды гидрометеорология орталығының деректерін негізге ала отырып және барлық мүдделі тараптың келісімі бойынша белгіленді.
Ертең дайындықты сарапқа салатын күн. Бұған жауапты мекемелер не дейді? Білмекке талпындық.

– №1 және №3 Жылу электр орталықтарында 26 қыркүйектен бастап, жылыту маусымының басталуына байланысты іске қосу басталды. Станцияларда жылу желілерінің контурын толтыру аяқталғаннан кейін айналымды жүргізу үшін желілік сорғылар іске қосылады. Қыркүйектің 30­-ы желілік жылытқыштар арқылы су өткізуге арналған ысырмалар және желілік суды жылыту үшін буды жылуландыру іріктеулері ашылады. Жылу беру маусымына дайындық кезінде 5 қазандық агрегатында және 3 турбинада күрделі жұмыс жүргізілді. 11 қазандық пен 7 турбинада ағымдағы жөндеу өтті. Әлі де болса ЖЭО­3­-тегі №4 қазандық агрегаты мен №5 турбогенераторының күрделі жөндеулері жалғасуда, – дейді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС­нің бөлім басшысы Татьяна Клокова.

Оның айтуынша, отын қоры да жеткілікті. Жалпы, 335 мың тонна көмір бар. Ал, қаладағы екі ауданда жағдай қалай?

Жылыту мәселесіне жауапты Қазыбек би атындағы аудан әкімі орынбасары Мадияр Жағабайұлы:

– Біздің ауданда тұрғын үйлер жылыту маусымына дайын. Тек кейбір үйлерде ғана ақаулар болды. Толығымен жөнделгеннен кейін ол үйлер де жылу желісіне қосылады, – дейді.

Әлихан Бөкейхан ауданының шенділері де 100 пайыз дайын екендіктерін жеткізді.

Нақтылап айтсақ, Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық науқаны штаттық режимде өтті. Күзгі-­қысқы кезеңге барлығы 7 энергия және 685 жергілікті жылу көзі, 569 шағын электр станциясы, 2116 км инженерлік желі, 1126 әлеуметтік сала нысаны және 5 598 тұрғын үйдің негізгі және қосалқы жабдықтары дайындалды. Аймақта жалпы қуаты 218,7 МВт ЖЭК 7 объектісі бар, оның ішінде қуаты 216 МВт 4 күн электр станциясы және қуаты 2 МВт 2 биоэлектр станциясы, қуаты 0,6 МВт 1 су электр станциясы барын айта кеткен орынды.

Күнтізбеде желтоқсан, қаңтар, ақпан болғанымен Арқада қыс «алты» айға созылады. Қазан мен қараша күзге тиесілі болса да, халықты бүрсеңдеткен суығымен қысты бір орайды. «Сәуір келмей, тәуір болмас» деп наурызды да қысқа еншілейміз. Олай болса, «Қысқа сақадай саймыз» деген жауапты мекемелерге тек сыннан сүрінбей өту маңызды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button