Бас тақырыпЖаңалықтар

Ерсін Бақытжанов, талапкер: “Өз мамандығымды өзім таңдадым”

«Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек» дейді дана халқымыз. Соның алғашқысы – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау! Осы күні мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Қайқайсысының болсын, «түн ұйқысын төрт бөлген» сындарлы сәттің де ауылы алыс емес. Болашақты болжап, таңдау пәнін ой елегінен өткізіп, сана сансаққа жүгіретін кез ғой. Алда – үлкен өмір жолы, үлкен таңдау күтіп тұр. Ол, әрине – мамандық таңдау мәселесі.

Мамандық таңдау – өмір кірпішін дұрыс қалау деген сөз. Бұл ретте, біз мектеп қабырғасымен қоштасайын деп отырған Қарағанды қаласының №6 жалпы білім беретін орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ерсін Бақытжанов пен оның ұстазын һәм ата-анасын әңгімеге тарқан едік. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы жөнінде психолог кеңесіне де құлақ түріп, мамандық ауыстыруға бел буған студент сөзін де қаперге алдық.

Ерсін БАҚЫТЖАНОВ, Қарағанды қаласының №6 жалпы білім беретін орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

 – Таңдап отырған мамандығым – әскери өрт сөндіру қызметкері болу. Бұл мамандыққа қабылдану үшін физика пәнін таңдауыма тура келді. Яғни, өз мамандығымды өзім таңдап, абырой болғанда ата-анам да түсіністік танытып, қолдауын білдірді. Өз басым, қатаң тәртіпті, жауапкершілікті ұнатамын. Әскери адамның бойында аталған қасиеттердің барлығы болуы керек деп білемін. Сондықтан, талапкерлер мамандық таңдау барысында алдына үлкен мақсат қойып, ол туралы ата-анасымен де ақылдасқаны жөн. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтейін деп отырған барша талапкерлерге сәттілік тілеймін!

 Әрине, «келісіп пішкен тон келте болмасы» анық. Сондықтан, болашағын бағдарлау барысында әр түлек дұрыс шешім қабылдау үшін ұстаз сөзіне де құлақ түреді. Өз кезегінде, ұстаздар да шәкірті жерде қалмас үшін аянып қалмайды.

Рымкүл ӘМІРОВА, сынып жетекшісі:

– Біз оқушыларға мамандық таңдауға кәсіптік бағыт-бағдар береміз. Ең бастысы, оқушы атаананың қолдауы мен өзінің не қалайтынын түсінуі керек. Мектебімізде мамандық мәселесіне қатысты түрлі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте, мысал етіп мамандық таңдау жөніндегі тәрбие сағаттарын, оқу орындарының өкілдері ұйымдастыратын «Ашық есік күндерін» және де басқа да іс-шараларды айтуға болады.

 Ақылға ақыл қосатын ата-ана пікірі де аса маңызды. Түптеп келгенде, бауыр еті баласының бақытты болуына барын салатын да – солар.

Ризагүл ЖАЙМИНА, анасы:

 – Менің ойымша, әр ата-ана баласының кішкентай кезінен бастап қабілеті мен бейімділігіне аса назар аударуы қажет. Мамандық таңдау – осыдан бастау алады. Әр бала өзінің қызығушылығына, қарым-қабілетіне қарай шешім қабылдай білуі маңызды. Ұлымның таңдап отырған мамандығы – бала күнгі арманы. Оған мамандық таңдауда ешқашан шектеу қойған емеспін. Керісінше, атаана ретінде өз қолдау көмегімізді көрсетеміз.

 Десе де, арманынан бас тартып, ата-ана ақылына сүйенетін, бірақ келе-келе өз жолын тауып жататын жастар да аз емес. Ондай студентпен де тілдесудің сәтін салды.

 Камила ҚАЙРОЛЛОВА, студент:

– Қазіргі таңда академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім аламын. Оған ата-анамның қолдауы бойынша түскен едім. Бірақ, алдағы оқу жылынан бастап, яғни, 2-курста дефектология мамандығына ауысамын деген шешімге келдім. Себебі, бұл мамандықтың өзіме, яғни болашағыма қажет екенін түсіндім. Дефектолог – қазіргі уақытта өте тапшы мамандықтардың қатарында. Сондыктан, осы мамандықты таңдап, әрі қарай мақсаттарымның орындалуына қолымнан келгенше тырысатын боламын.

Бұл – жоғары оқу орнындағы студент пікірі болса, сол білім ордасына талпынып жүрген талапкерлердің осы күнгі дайындығы да жақындарының жіті назарында. Себебі, кей оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуді өмірдің мәні санап, нәтиже ойдағыдай болмаса өмірін қатерге тігіп жатады. Ол – мүлде дұрыс емес. Сондықтан, осы мәселеге қатысты маман пікіріне құлақ түруді де жөн санадық.

Сымбат ІЛИЯШОВА, Қарағанды қаласының №57 мектеп-лицейінің педагог-психологы:

– Осынау сындарлы сәтте атаана ең алдымен балаға сенім білдіруі, түсіністік танытуы маңызды. Отбасында татулық пен мейірімділік, балаға деген сүйіспеншілік орната білу қажет. Бір мезгілде қатал әрі мейірімді бола білген жөн. Бірақ, айыптаудан аулақ болған абзал дер едік. Оны мазалаған ішкі күйзелісті түсінетініңізді білдіру шарт. Ең бастысы – емтихан баланың бар мүмкіндігінің өлшемі бола алмайтынын ұғындыру керек. Себебі, ата-ана қобалжуы балаға тез беріледі.

Психолог маманның айтуынша, тістілеуге дайындық кезінде бала денсаулығын қадағалау да артық етпейді. Өйткені, ата-анадан артық бала денсаулығындағы ақауды ешкім де уақытында аңғара алмайды. Тіпті, тамақтану режимін де бақылауға алып, ақыл-ойға салмақ түскен кездерде дәрумендер кешенін ұсыну да көптік етпейді. Сондықтан, бала денсаулығына байыппен қарайық!

Гүлім ДҮЙСЕНБАЕВА,

ҚарМУ-дың ІІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button