Ермағанбет Бөлекпаев Өзбекстан елшісімен кездесті

Қарағанды облысында Өзбекстан елінің компаниясымен бірлесіп тұрмыстық техника шығарылатын болады. Ірі жоба Сарандағы индустриалды аймақ аумағында жүзеге асырылуда.

Кездесуде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев экономикалық байланыстарды нығайту және кеңейту мәселелерін талқылады.

Өңір басшысы Қарағанды облысының өнімдері әлемнің 54 еліне экспортталатынын айтты. Облыста Өзбекстандық серіктестермен бірлескен 25 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда жұмыс істейді.

– Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықтың сәтті үлгісі – Artel Electronics тұрмыстық техника өндіретін зауыт салу. 1500 жұмыс орнын құра отырып, 21 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз сіздердің елмен өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Бірлескен бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

2022 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, 5 млрд АҚШ долларын құрады. Дипломаттың айтуынша, алдағы жылдары бұл соманы екі есеге арттыру міндеті қойылған.

– Біз ғасырлар бойғы достықты, тату көршілікті, өзара сенімді одан әрі нығайтуға бел будық. Өсу нүктесі – аймақаралық байланыстар. Бізде Қарағанды облысымен ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар бар. Өзбекстанға ірі қара мал жеткізу мүмкіндігін қарастырғымыз келеді, өйткені Қарағанды еті өте дәмді. Маусымаралық кезеңде сіздердің облыстарыңызға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайынбыз. Өз кезегінде, сіздің фермерлеріңізден картоп сатып аламыз, – деді Саидикрам Ниязходжаев.

Ол құрылыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен туризмді дамыту перспективалары бар деп санайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.