Бас тақырып

Бейбіт күн қаһарманына құрмет

Алғыс айту күніне орай Достық үйінде өткен салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен өңірдің зиялы қауымы қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов қатысты. Мерейлі сәтте қызмет барысында ерлік көрсеткен полицейлер мен құтқарушылар, әскерилер және бейбіт күннің қаһармандарына айналған азаматтар  құрметтелді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Салтанатты шараның шымылдығы қарағандылықтардың алғысымен ашылды. Қарапайым тұрғындар қоғамның дамуына және адамдардың қауіпсіздігіне жауапты мамандық иелеріне алғысын жаудырды. Бір тудың астында бейбіт күн кешіп жатқан этнос өкілдері де қазақ халқының қадір-қасиетін айтып, ағынан жарылды. Алаш жұртының кең пейілін, үлкен жүрегін жырларына қосты.

Содан кейін сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынға берілді. Ерлан Құсайын осы бір мерейлі күннің маңызын атап өтіп, барша жұртқа алғысын жеткізді.

– Алғыс айту – халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі. Халқымыз қашан да әр жақсы һәм игі іске ризашылығын білдіріп отырған. Жақсының жақсылығын айта біліп, кең пейілін көрсеткен. Бұл дәстүр бүгінде өзінің жалғасын тапты. Бұл күн – жалпыұлттық бірлігіміздің салтанат құрып, берекемізге бастау болған бейбітшілік пен кемелденудің кепіліндей келісімнің күні. Осы мерекенің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келуі де – заңдылық. Мұнда тарихи мән жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей институт. Онда еңбек етіп жүрген барлық азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады» деп еді.

Осы залдан ақ пейілдің ақ ордасындай болған аға буын өкілдерін көріп, қуанып тұрмын. Бүгінгі бейбіт заман мен берекелі өмірге қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Сіздердің өмірлік тәжірибе һәм өнегелеріңіз Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында ауадай қажет. Ұлттың болашағы үшін ғасырдың жүгін көтерген сіздерге шексіз алғыс білдіреміз, – деді Ерлан Құсайын.

Марапаттау рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының тынымсыз еңбегімен көзге түскен өкілдері марапатталды. Тізімде кәсіпкерлер қауымдастығы орталық аппаратының бөлім басшысы Елмұрат Әзімханов бар. Кәсіпкерлер қауымдастығы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ерсін Әбділманапов пен қалалық «Видергебург» неміс қоғамының төрағасы Александр Гиберт және қалалық мәслихаттың депутаты Марина Платонова да Қазақстан халқы Ассамблея төрғасы орынбасарының алғыс хатын алды.

Қолайсыз ауа райы кезінде тасжолда қалған жетпіске жуық автокөліктің көшін бастап, қауіпсіз жерге дейін жеткізу шараларын ұйымдастырған полиция қызметкерлері Азамат Бекзатқалиұлы мен Алдияр Бағдатұлына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ат құлағы көрінбес боран кезінде жолда қалған автокөліктерді қалаға дейін аман-есен жетулерін ұйымдастырған Сұңғат Абылқас пен Медет Нұрмұхановтың да ерлігі еленді.

Марапатталғандар тізімінде өртеніп жатқан пәтерден 5 жастағы баланы құтқарған әскери полиция қызметкерлері де бар. Боран кезінде жолда қалған автокөліктердегі жолаушыларды үйіне паналатып, көмек көрсеткен ауыл тұрғындары да аймақ басшысының алғысына бөленді. Мақсұт Төлеубайұлы  түн ортасында көрші үйден шыққан өртті байқап, өз өмірін қатерге тігіп,  көршілерін құтқарған Амангүл Құтпанова Теміртаудағы су каналына батып бара жатқан 8-сынып оқушысын құтқарып алған. Ал, өрт сөндіруші Ерлан Жұмажан отқа оранған үйден газ баллонын алып шыққан.

Марапаттау рәсімінен кейін арнайы мейман болып келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтановқа сөз берілді.

– Алғыс – адам баласының аузынан шығатын қасиетті сөздердің бірі. Көктегі Күнге, жерге, қара орман халыққа, асқар тау әкеге, ақ жаулықты анаға алғыс! Сонымен қатар, маған сенім артып, дауыс берген сайлаушыларыма алғыс! Жарқын күндерге жете берейік! – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button