Жаңалықтар

Ерлігімен ел аузында

        Әскерилер – құрмет төрінде. «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ғимаратында ерен ерлігімен, адал еңбегімен көзге түскен бір топ әскери қызметші мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Салтанатты рәсімде марапатталғандардың бірі – Қазыбек би атындағы ауданның қорғаныс істері бойынша бөлімінің заңды тұлғалармен жұмыс жүргізу тобының бастығы, кіші сержант Зәуре Шахабаева. Кіші сержант желтоқсан айында қыз баланы ажал шеңгелінен аман алып қалған.

– 10 желтоқсан күні С.Сәпиев атындағы спорт кешенінде өткен би байқауына кіші қызымды алып бардым. Алдымызда қыз бала келе жатқан еді. Бір мезетте әлгі бала жоқ болып кетті. Құдыққа түсіп кеткенін бірден білдім. Жүгіріп барып, құдыққа еңкейіп, қолынан ұстап үлгердім. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Есімді «жедел жәрдем» көлігінің ішінде жинадым, – деп еске алады сол күнді Зәуре Шахабаева.

Құдықтың тереңдігі екі метрден асады екен. Және құдық түбінде темір-терсек жиналып қалған. Зәуренің жедел қимылының арқасында Ақтоты есімді қыз бала аман қалды. Егер, Зәуре жылдам әрекет етпегенде не боларын кім білген…

Зәуреге бұл әрекеті үшін ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалі табысталды.

Октябрь ауданы қорғаныс істері бойынша бөлімнің бастығы, подполковник Думан Бәкіров ҚР Қорғаныс министрі Грамотасының иегері атанды.

Подполковниктің әрекеті де «бәрекелді» деуге тұрарлық. Думан Бәкіров 17 желтоқсанда Қарқаралыға сапар шегіп, жол үстінде тұрған автобусты көреді. Көліктің жанына тоқтап, хал сұраған. Автобуста толы балалар мен әйелдер екен. «Шахтер» демалыс орнына бет ал­ған автобус сынып қалып­ты. Подполковник көп ой­ланбастан өз көлігімен бірнеше рейс жасап, жолаушыларды қажетті орынға жеткізіпті.

– Адамды қиын жағ­дайда тастап кетуге болмайды ғой. Бұл жағдайда салондағы әйелдер мен балалар суыққа ұрынар еді, – дейді Думан Бәкіров.

Бір айта кетері, екі әскери де бұл іс-әрекеттері үшін марапат күтпеген. Қайырымды жандарға риза болған тұрғындар ерлікке балап, әлеуметтік желіде таратқан. Өз кезегінде ҚР Қорғаныс министрлігі әскерилер ерлігін ескерусіз қалдыр­мады.

Марапаттарды «Астана» аймақтық қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қайдар Қарақұлов табыс етті. Сондай-ақ, салтанатты жиында сөз алған облыстың қорғаныс істері бойынша департаментінің бастығы, полковник Қайрат Әбішев әскерилер әрекетін өскелең ұрпаққа үлкен өнеге екенін атап өтті.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Back to top button