Ерлігі еленді
Қарағанды облысы ПД басшысы, генерал-майор Санжар Әділов Максим Кригерге қолсағат тарту етті. Ішкі істер министрлігінің символы бейнеленген сағатты қарағандылық жас жігітке күдіктіні қолға түсіруде көзге түскен ерекше ерлігі үшін сыйлаған.
31-тамыз күні сағат 11.00 шамасында қалалық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қала көшелерінің бірінде әйелге шабуыл жасалғаны туралы қоңырау түседі. Дереу оқиға орнына жеткен патрульдік полицейлер қылмыстың алдын алып, 36 жастағы күдіктіні қолға түсіреді.
– Алдымда қолында ұялы телефоны бар келіншек келе жатқан. Күтпеген жерден белгісіз біреу шығып, оның қарсылық танытқанына қарамастан күш қолданып, әмияны мен ұялы телефонын тартып алуға тырысты. Көріп тұрып көрмегендей өтіп кетуге жігіттік намысым жібермеді. Дереу іске көшіп, келіншекке көмек қолын создым. Сөйтіп күдіктіні құрықтауға септігім тиді,-дейді 23 жастағы Максим Кригер.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-191 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz