Руханият

Ерлан Төлеутайдың әңгімесі (Эссе)

Ерлан Төлеутай. Өнерді түгендеп, тарихын байытқан тұлға. Қаламы жүйрік, жазары көп, себебі, алдында тау арқалаған Толағайлар ғана көтере алатын үлкен мақсат-міндет тұр.

Қаламы – қазақтың қаламы, алтын болған соң ғана емес, тоқтамаған соң да, жарқырап тұрады. Тоқыраған автордың қаламы тот басқан жезге айналады, тереңнен елдің інжу-маржанын терген қаламгердің жазар еңбегі – телегей-теңіз.

Біртуар. Жоспары – жүзеге асырған жобаларынан да әлдеқайда көп. Білетін адам бейнетқор. Қашан көрсең де, ой үстінде, уайым астында, жұмысқа жегіліп, шаруаға көміліп жүреді.

Ол қыр өмірін жетік біледі. Қала өркениетінен, шаһардың жайлы тіршілігінен шалғай жатқан ауыл тұрмысына қанық, ел іші – өнер кеніші екеніне бала кезінен куә боп өскен азамат, алаш өнерінің жанашыры.

Өмірі – кітап, ән. Ең бір оқымыстылар, сұңғыла оқырмандар қыстау-жайлауда тұратын таңғажайып кез еді. Сөз жоқ, Ерлан Төлеутай – ондыққа тиген, сәтті айтылған ақын-жазушының әр сөзін бүкіл ел болып талқылайтын, әдебиет, көркемөнердің бағы, бақыты жанып, қуанышы тарқамаған, руханият сән-салтанат құрған, кітап төрге озып, таққа отырған ғажап дәуірдің төл перзенті.

Сондықтан, өнердің мұңы – ғұмыры. Қазақтың қайғысы – зары. Бірақ, Ерланның тамыры тереңде жатыр. Көне сақ-ғұн, түркі-қыпшақ, ноғай-қазақ заманы, кейінгі жүзжылдықтар ел үшін, жер үшін жағаласқан есіл ерлердің, қайран шеріктердің ерлік істері, жорықтары, күрестері – оның да жеке басының тарихы, ұлттық әрі тұлғалық сана-сезімінің жадынан өшпейтін биографиясы, рухани тәжірибесінің шежіресі. Тұмар ханымның да, Еділ батырдың да, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуекел хандардың бар Алаш жұртына қатысындай, Ерлан Төлеутайға да қатысы бар. Ерлан Төлеутай – еңіреп өткен сол ерлердің бір бөлшегі.

Ол – ел тұтастығының жыршысы. Арқа әндерін түпкілікті зерттеп, толық аяқтаған соң, Жетісу, Сыр, Түбек, Батыс дәстүріне көшпекші. Ахмет Жұбановтардан кейін дәл Ерекеңдей қазақ музыкасын терең зерттеген ешкім жоқ, Ахаң (Ақселеу Сейдімбек) күй тақырыбын көбірек қаузады, Таласбек Әсемқұлов та күй табиғатын тануға ұмтылды. Қайран, уақыт, алдымызда қарайып жол бастап келе жатқан екі данышпан еді. Екеуі де ерте құлады.

Ол – қаламы төселген кәнігі шебер жазушы. Көркем әңгіме де жазды, деректі романдарға да қалам тартты. Жүсіпбек Елебековтен қалған асыл мұра, алтын қазынаны түбіне шейін қопарды. Үкілі Ыбырайды танытты. Баянауыл өнерпаздары соңынан Кереку, Көкшетау, Қарқаралы, Жаңаарқа өңірлері алыптарын жазуы тиіс еді. Бірақ, киноға келіп, ізденісінен қол үзіп алды. Десек те, кинематографтан қазақтың иісін бұрқыратты. Кадрдан жусан, изен, тобылғы жұпары аңқыды.

Қазақ хандығы туралы Рүстем Әбдірашевтің фильмдерінің диалогтарын түгел Ерлан Төлеутай жазды. Қыз Жібек кинотуындысына сөз жазған Асқар Сүлейменов сияқты.

Еңбегін бұлдамайтын тұлға, бірақ, қоғам, мемлекет қорғауына, қамқорына алынатын ұлтжанды перзент.

Өзі – өнер.

Өнердің кейпін, бейнесін, тұлғасын көргіңіз келсе, Ерлан Төлеутайды көріңіз.

Бір өзі – Алаш энциклопедиясы. Шежіре тарату болсын, қазақтың қордаланған қайғы-шері болсын, Ерланның дайындығы, білімпаздығы, ізденісі шындығын шертуге жетеді: әрбір рудың құрамын, тарихын, жүріп өткен жолын, ауыс-түйіс кезеңін, салтын, жөн-жоралғысын, әдет-ғұрпын, сана-сезімін, ақыл-ойын жақсы біледі. Ұлт және ұлттық сана ұғым-түсінігі бойынша қойылатын бар сауалға жауабы даяр.

Ерлан бірде бір тамаша әңгіме жазды. Атауы да жақсы: «Иманжүсіптің әні». Классикалық сюжет, бастауы да, күрмеуі де – классикалық. Тілі жатық, сөз қоры мол, тілі құнарлы, ойы қуатты.

Бұл шығарманы бірнеше жыл ешқандай газет, журнал баспай қойды. Жарыққа бір шығып қалар деген үмітпен талай басылымның тартпаларында шаң басып жатты. Бір жарияланғанында, «ықшамдалып, жал-құйрығы күзеліп жарық көрді».

Әңгіме «отаршылдардан қорлық көрген Иманжүсіптің өзіндей талайсыз, бақсыз шығармаға» айналды.

«Тағдыры тура Иманжүсіптің Торыарғымағындай болды, – деп жазды автордың өзі, – баспадан шығарда пышаққа ілікті. Атағы Алатаудай ағаларыма іштей ренжідім де, қойдым. Бірақ ренжігеннен не пайда?»

Бастысы, ұлт алдындағы өз парызына адал.

Ол – қазақ ұлты өнер-мәдениетінің қорғаны. Бірі де бірегейі. Қайда жүрсе де, дәстүрді қорғап шырылдап жүреді. Әдетте, телеарналарда жүріп жатқан бағдарламалардан шоу-бизнесті жақтаған көп дауысқа қарсы бір-ақ дауыс күркіреп естіледі: ол – Ерлан Төлеутайдың қазақ үшін жан алысып, жан берісіп жатқан шақтағы жан дауысы.

Әңгімесі – ұзақ. Ұмытпасам, отыз беттен асады. Бұл әңгіме – қазақтың дәстүрлі әңгімесінің жастар үйренуі тиіс, еліктеуі тиіс, түпнұсқа тұрғысында тануы тиіс үздік үлгісі.

Кіші жанрда жазылған үлкен туындыда асқан сабыр, байсалдылық, байыптылық бар. Кең сақара, бетпақ түз, сайын дала көз алдыңа келеді – дүбірі, сарыны, дыбысы жаңғырып тұрады.

Асығыс, ойланбай-толғанбай келтірілген сөз, сөйлем жоқ. Бәрі өз орнында, дәйекті, деректі.

Өзі де, қаламы да – шыншыл. Кейде, Ерлан Төлеутай ақиқатты сүйген, арқалап өрге сүйреген ақиық ақын-жыраулар, ақ семсер сал-серілер ғасырынан адасып, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай сөйлейтін жалтақ, жарамсақ дәуірге еніп кеткендей.

Бос сөз, бос сөйлем көрмейсіз. Әр жолы – көңіл бөліп қарап, зейін қойып тыңдап, зерде санаға оқып-тоқыған ізденісінің, зерттеулерінің нәтижесі. Бейнеттің арқасы. Бейнетпен жазылған мәтіннің ғұмыры да ұзақ.

Ерлан ердің құнын, елдің бағасын біледі. Ән салғанда, әңгіме айтқанда бір фальш жібермейді, бүкіл әнді, бар әңгімені, әдетте, бір-ақ фальш құртады. Сондықтан, Ерлан сері – әрқашан сергек, сақ, ұқыпты.

Шаруасына мығым, жүктеген міндетіне жауапкер.

Ерланның шырқап салған алып әнінде ғана емес, толғап жазған әңгімесінде де музыка бар. Ол – әннен, өнерден, дәстүрден жаратылған тұлға.

Әр сөзі өз орнын тауып, мәтін ішіндегі күллі сөйлемі бір-бірімен оңай, жеңіл қиысады, қисындасады, қабысады, астасады, жалғасады. Бір-біріне мінгесіп кетпейді, рет-ретімен, кезек-кезегімен тұрады, өйткені, тәртіп дегеніміздің өзі – мәдениет.

Ол, егер, қазақтың Ерлан Төлеутайы болып тумағанда, Алаштың Затаевичі болып туар еді. Бәрібір, қазақ өнеріне келер еді.

Маңдайына жазғаны, пешенесіне бұйырғаны – киіз туырлықты қазаққа үздіксіз қызмет ету.

Әңгімеге оралайық. Сюжет желісі бойынша – Иманжүсіптің сәйгүлігімен бәйге шапқан, асарын асаған, жасарын жасаған әулие көкірек бір қарт аштық, кәмпеске, асырасілтеушілік, қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік қырғын, нәубет, сойқандарға қарамай бір әнін жадында сақтап қалады. Қария өлім аузында жатып, бертінде ғана ұмытқан осы әнді ауылға кездейсоқ келе қалған бір елгезек, танымайтын, санасында саңылауы, көкірегінде көзі бар жас жігітке тұтас жеткізуге тырысады. Бірақ, әл жоқ, есі кіресілі-шығасылы, талпынып, күш-қайратын жұмсап, есіне бір шумағын ғана түсіреді.

Бұл – Иманжүсіптің елден ауып бара жатқанда шығарған соңғы әні екен. Әңгіме өткен ғасырдың отызыншы жылдары Иманжүсіптің елде бәйге шапқан думанды күндерге қарай ойысады.

Автор былай толғайды: «Иманжүсіп бізді оңаша алып шықты. Маған ұзақ сынай қарап тұрды. Бағанадан бері қалың жұртшылықтың арасынан анықтап көре алмаған едім. Бажайлап қараудың сәті енді түскендей. Жас шамасы алпыстан мол асып, жетпісті қусырып қалғанына қарамастан баяғының батырындай еңселі, биік. Алып біткен сом тұлғасының бітімі ерекше. Аш арыстан кеуделі. Кең жазық маңдайлы. Қасқыр қабағының астына шүңіректене біткен көздері кісіге тік, шүйіле қарағанда өңменіңнен өтіп кетеді екен. Тік қыр мұрынды. Шалғысы ширатылған мұртына ақ кіріп, ұзынша селдір сақалы буырыл тарта бастаған. Үстіне жеңіл шапан, тік жаға, зерлі ақ көйлек киіпті. Басында пұшпақ тақия. Беліне күміс кіселі жалпақ қайыс белбеу тартқан. Аяғында қисық табан әмірқан етік. Қолында сегіз тұтам сері қамшысы. Жанындағы бойы өзіне жетеқабыл жігіт баласы Дәулетхан болып шықты. Жасы отыздардың шамасында. Әкесіне қатты ұқсағанымен өңі қара-қоңыр. Ештеңемен ісі жоқтай, томсарайған күйі екі көзін бір нүктеден айырмай, шетте үн-түнсіз тұр. Әу бастан сөзге жоқ адам тәрізді.

 – Балаңыздың сүйегі тым ұсақ екен. Түріне қарасаң, тоғызға да толмаған сияқты. Ұзақ шабыста тақымы талып, құлап қалып жазым болып жүрмей ме, – деп қауіп білдіре сөйлеген Иманжүсіп – Бұрын бәйгеге шауып па ең? – деп маған жылыұшырай қарады.

– Иә, – деп басымды изегенше болған жоқ, жамағайын туысым жалма-жан:

– О не дегеніңіз, Имеке!? Осы өңірдегі өтіп жатқан талай бәйгенің алдын бермей жүрген бала бұл. Келісті ат болса болды, Имеке. Бабы келіскен талай жүйріктің бағын жандырды бұ жігіт. Қаралдысы кішкентай енді. Көзін ашқалы көріп келе жатқаны жетімдік болған соң, қайтсін енді, көкке жарымаған көпей қозыдай қортық боп қалды. Ештеңе етпейді. Қайта қысылып өскендерден ер жете келе мықты жігіт шығады деуші еді, үлкендер. Әйтпесе, жасы биыл он төртке шығады. Менен басқа ешкімі жоқ бейшара баланың. Осылай ала жаздай ас пен тойға алып жүріп бәйгеге шаптырам. Сөйтіп, несібесін айыртамын елден. Басқа амалым жоқ. Қой бақтырып, көтен жегізетін байлардың жайын өзіңіз білесіз… Не болғанын… Ал енді, тақымы талады деп қорықпаңыз. Нағыз жел тақым, сірі сирақтың өзі. Тек таралғысын шақтап тартып берсеңіз болды, Имеке.

 Құйма құлақ асыл әуенге жете алмаса да, қайран Иманжүсіптің мұң-зарын жадына тоқып, санасына құйып алады.

Ел қазынасын жүрегінде сақтап келген қайран баба екі-үш аптадан соң, елең-алаң мезгіл, таң ата, дәм-тұзы таусылып, жұртымен қош айтысып, дүние салған екен.

Ол аса мағыналы өмір кешті. Ұлы Иманжүсіптің Абылай ханды жоқтап, Кенекемді іздеген, бодандағы халқының бостандығын аңсаған асыл әндерінің бірін ұрпағына аман-есен тапсыра алмаса да, асылдың соңғы күндері туралы баға жетпес естелік айтып кетті.

Ел аманатына деген бұдан асқан адалдық, ұлт келешегін ойлаған тұлға үшін одан артық басқа қандай арман-мұрат бар. Кешкі алагеуімнен басталып, түн жалғасып, таңғы алагеуімде аяқталған, жер мойны қашық ауылдағы, қыр астында дүркіреп өткен дүбірлі той да, қызық-думан да өз мәресіне жетті.

Аяқастынан, кездейсоқ асыл қазына үстінен түскен автор көнекөз қариямен жолыққан сәтін, мәнді сұхбатын, тамаша әңгімесін қалай тыңдағанын шебер бейнелейді. Сауықшыл жұрт тойда күлкі-қалжың айтып, бір-бірін қағытып, сүріндіріп, кекетіп-мұқатып, жарқырап, даурығып отырғанда, жас жігіт пен қария ақсақал Иманжүсіп тағдырын кешіп, дауыстары жарықшақтанып, тарғылданып, екі көзіне жас алады.

Әңгіменің ұзын-ырғасы – осы. Жорғаның жүрісі тәрізді. Соңына тез жетесің. Жалпы, Ерланның жазғандары модернистік әдіс-тәсілдерсіз-ақ жақсы оқылады. Жазуында мін жоқ, айтқанында кем жоқ.

Ол – табиғатынан жазушы. Тума талант.

Менің ойымша, «Иманжүсіптің әні» – сөз жоқ, қазақ әдебиетінің табысы. Автордың Алаш өнеріне қосқан көп үлесінің бірі.

Бұл әңгімені қазақтың классикалық әңгімесі тұрғысында бағалаймын: «Торыарғымақ бәйгеден қара үзіп келеді. Енді шамалы сәтте көмбеден ұрандап өтем. Апырым-ай бағана сұрап алсамшы. Мәреден өтерде кім деп ұрандаймын? Соған да бас ауыртып… «Иманжүсіп, Иманжүсіп батыр!» деп қиқулап өте шықпаймын ба? Сансыз ойлар жан-жақтан қаумалап, алуан-алуан сезімдер санамды шабақтаған сорлы басым артыма бұрылып, соңымдағы аттарға ақырғы рет қарағым келіп кетті. Торыарғымақ самғай шауып келе жатты. Қарақшыға дейін бір-екі шақырымдай ғана жер қалып еді. Оң аяғымды таралғыға шірей, бір қолыммен ердің алдыңғы қасынан ұстап, ердің оң қапталына қарай сәл жантая, сол қолымды ердің артқы қасына тірей таяныш етіп, артыма бұрылып қарай бергенім сол еді. Жұлын үзердей жұлқып жіберген сұмдық соққы алдымен ердің алдыңғы қасына апарып ұрды да, ат үстінен тымақша ұшырды. Сол ұшқаннан есік пен төрдей жерге барып бұрқ ете қалған басым әлденеше рет домалап кеттім. Жалма-жан атып тұрып, атқа қарай жүгірдім. Бірақ аяғы құрғыр еркіме бағынбай, бір аяғым екінші аяғыма шалынып, құлап түстім. Бір тұрып, бір құлап қайта ұмтылдым. Зеңіп қалған басымды мың сан инелер шабақтап, қос құлағым зыңылдап, түк ести алар емеспін. Көз алдымды жапқан қызыл мұнар ештеңе көрсетер емес. Құлағымда Торыарғымақтың шыңғырған дауысы қалып қойғандай. Есім ауып қалғандықтан ба, ешнәрсе анық аңғара алар емеспін. Тәлтіректей жүгіріп келіп, Торыарғымақтың мойнынан құшақтай алғанымды білем. Жануар басын соғып жатыр екен. Алдыңғы оң аяғы жіліншік тұстан үзіліп кетіпті. Сәл кейінде аттың аяғы кіріп кеткен сарышұнақтың ескі іні опырайып жатыр. Болған сұмдыққа көзім жеткендіктен бе, бақырып жылап жібердім.

Қолдан келер басқа дәрмен жоқ аттың басын құшақтап алып, еңіреп жылай бердім. Сәлден кейін қалған аттар қасымыздан өте бастады. Тап мені табалағандай тура бұғалық тастар жерден қиқулап өте шығуда».

Бәйге қазылар алқасында отырған екі-үш сұңғыла бидің арқасында Иманжүсіп атына беріледі.

Кейін, өнер туралы көп әңгіме айтылатын қонақтың бірінде, дастарқан басында мен Ерлан Төлеутайдан сұрадым:

– Бұл туынды қиялдан туған көркем шығармаға ұқсамайды, детальдары тым анық, атмосферасы тым дәл, сол жас жігіт өзің емес пе?

– Өзім, – деді ол, – Иманжүсіптің рухына тағзым!

– Үстінен бір қарап, повеске айналдырып көрсек қайтеді, сұранып тұр.

– Алдымда көп жұмыс бар, мойнымда міндет көп, басқа арыстар жайлы да жазуым керек, енді бұл тақырыпқа орала алмайтын сияқтымын, – деді автор.

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы.

Басқа материалдар

Back to top button