Ресми

Ерлан ҚҰСАЙЫН: «Ішкі тұрақтылық – даму кепілі»

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН «Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында аймақтың қазіргі таңдағы қоғамдық-саяси ахуалы туралы кең сипатты әңгіме өрбітіп, ішкі тұрақтылық дамудың басты кепілі екендігін ерекше атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған алуан түрлі сауалдарға орнықты әрі тұщымды жауаптар берді.


Ерлан Бейсембайұлы алғашқы кезекте биылғы жылы ел аумағында атап өтіліп жатқан атаулы даталарға қатысты іс-әрекеттерді тілге тиек етіп, басқа да басым сипаттағы жұмыс бағыттарына көңіл аударды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы сынды атаулы оқиғалар бар.

Сала басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыста 19 ақпараттық-насихат тобы жүйелі жұмыс жүргізеді. Оның 1-і – облыстық, 18-і – қалалық және аудандық деңгейде. Құрамындағы 573 адамның қатарында мемлекеттік органдардың, ғылыми-шығармашылық зиялы қауымның, бизнес-қауымдастықтың, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдері бар.
Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты аталған ақпараттық-насихат топтары бүгінге күнге дейін онлайн форматта 1 537 кездесу өткізген екен. Мақсатты жұмыс індеттің тұрғындар арасында кең таралмауына оң ықпалын тигізген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде түзілген 2020 жылғы іс-шаралар жоспарына 132 ірі іс-шара енгізіліпті. Ал, кеңейтілген жоспарда 500-ден астам түрлі мазмұндағы іс-шаралар бар.
Сондай-ақ, биылғы жылы Ұлытау ауданындағы Жошы хан тарихи кешенінің жаңғыртылуы, Қарағанды қаласында «Қасымның үйін» ашу сынды бірқатар шаралар тізбегі тұр.
Баспасөз мәслихатында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға, Мелкеттік рәміздерді ұлықтауға, ҮЕҰ-дың ілкімді іс-қимылына, БАҚ қызметіндегі жаңашылдықтарға және тағы да басқа көптеген жұмыс бағыттарына қатысты көзқарас ұстанымдары әңгіме өзегіне айналды. Этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы ролі туралы ой-пікірлер де назардан тыс қалмады.
Елдегі, оның ішінде, эпидемиологиялық ахуал мен соған орай атқарылып жатқан жұмыстар легіне де көңіл аударылды.

Мен аймақ тұрғындарын санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтауға шақырамын. Арақашықтықты сақтау, бетперде тағу, өзге де сақтық шарттылықтарын сақтау – уақыт талабы, – деді Ерлан Құсайын.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button