Жаңалықтар

Ерікті еңбегі елеусіз қалмайды

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірдің белсенді еріктілерімен кездесіп, су тасқынының алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстарын талқылады. Әрі бес мыңнан астам еріктінің қызметін үйлестіру үшін цифрлық база құру қажеттігін баса айтты.

Сурет zakon.kz

Бұдан былай JasProKrg платформасы арқылы әр еріктінің қызметі цифрлық базаға тіркелмек. Кейін жинаған баллдары есептелініп, ай сайын облыстың «Үздік еріктілері» анықталады. Ал, үздіктерге жоғары және арнаулы оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі, өңірдегі шипажай-профилакторийлеріне жолдамалар берілмек. Әрі беделді компаниялар мен кәсіпорындарда тағылымдамадан өту де қарастырылған. Сонымен қатар, еріктілердің «Волонтер паспорты» да әзірленеді. Яғни, ерікті грантқа немесе жұмысқа орналасуда осы құжатын да өткізеді. Ал, үміткерлер мен талапкерлерге бұл құжатпен басымдық беріледі.

– Елімізде еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығы тағайындалып, 230-дан астам волонтер марапатталды. Бүгінде Қазақстанда 275 мыңға жуық ерікті бар. Ал, облыста еріктілер ұйымдарының мүшелігінде 5 мыңнан астам адам бар. Сіздердің әрқайсыңызды «Адал азамат» деген атаққа лайық деп білемін, – деді Әлібек Әлденей.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова белсенді жастардың қоғам дамуындағы маңызды рөлін баса айтты.

– Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының көрсеткіші. Еріктілерді қолдау және олардың қызметін ынталандыру – біздің басты міндетіміз. «Волонтер паспорты» мен JasProKrg платформасы арқылы біз еріктілердің еңбегін лайықты бағалап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз, – деді ол.

Кездесу барысында алғаш рет Балқашта Balkhash Tour Fest фестивалі аясында еріктілердің республикалық форумын өткізу ұсынылды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button