Жаңалықтар

Ерекше ықыласпен қабылдадым

«Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді» деді Мемлекет басшысы осы жолғы Жол­дауында. Бұл – біртұтас Қазақ елінің бүгіні мен болашағын ақыл-ойында әбден қорытып, жа­һан­дық ахуалды назарға ала отырып, мемлекеттің өркендеуі жолында жүйелі һәм мазмұнды мақсат қоя білген Көшбасшының ғана аузынан шығатын ақылман лебіз еді. Ерекше ықыласпен қабылдадым.

Жаһандық жаңарулар мен өзгерулерді біз айналып өте алмаймыз. Оның ішінде қаншама жаңалықтар мен жетістіктер бар. Жақсысын алып, жаманын тастау өз алдына, әр­қайсын саралап, арасынан өз жолымызды алып шығуымыз керек екенін саналы түрде түсініп, байыпты дамуға бағыт алып келе жатқанымыздың белгісіндей болды бұл Жолдау. Өйткені, мемлекетіміздің бағдарламалық құжа­тына айналып үлгерген бұған дейінгі «Қазақстан – 2050» даму стра­тегиясы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы дамуға жетелейтін нақты-нақты қадамдарды жүзеге асырудың жүйелі жалғасы екендігін аңғару қиын емес. Бағып тұрсақ, осындағы кейбір мәселелердің аясы кеңіп, ауқымы ұлғайып шыға келгендей. Яғни, бұрынғы үлкен-үлкен бағдарламалық Жолдаулардан туған кешенді жоспарлардың іс жүзінде игілігін көреміз деген сөз. Ол жайында мәдениет пен руханият төңірегінде жүрген бізден гөрі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері тереңірек талдап, пайымды пікірлерін әлі де айта жатар. Жаныма жақын болған соң ба, төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын игеруде маған ұнағаны – «Адами капиталда» айтылған жетінші міндет. Экономикалық, әлеуметтік дамудың тех­нологиялық кезеңін көрсеткен Елбасы мұнда жаңғырудың рухани жағына да жақсы тоқталып өтті. Оқу-біліммен қарулану арқылы заманауи жетістіктерді еркін меңгерген «қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналады» деген жалғыз ауыз сөзінің түбінде «Мәңгілік Ел» болудың алғышарты жатқан жоқ па?! Иә, бұл – ел болып қолдайтын қадам!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button