Білім

Ерекше баланың өз әлемі бар

Соңғы жылдары Қазақстанда психикалық дамудың тежелуі (ПДТ) және сөйлеу тілінің дамуының тежелуі (СТДТ) диагнозы қойылған балалар санының артуы қоғам назарын өзіне аударып отыр. Мамандар сөйлеу, ойлау және танымдық қабілеттердің кешігуіне мектепке дейінгі жаста жиі анықталатынын айтады. Бұл құбылыс ата-аналарды ғана емес, дәрігерлер мен педагогтарды да алаңдатуда. Баласының бойынан диагноз белгілерін анықтаған ата-ана алғашқы медициналық шокты еңсергеннен кейін бұдан да үлкен әлеуметтік вакуумға тап болады. Психологиялық дамуының тежелуі – баланың болашағына қойылған үкім емес. Алайда, оны ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету маңызды. Сондықтан, бұл мәселенің себебі мен салдарын түсіну бүгінгі қоғам үшін өзекті болып отыр.

Қазақстан заңнамасына сәйкес ерекше білім беру қажеттіліктері бар әр баланың жалпы білім беретін мектепте білім алуға толық құқығы бар. Мемлекет инклюзивті білім беруді қолдайды. Алайда, заң мен мектептегі шынайы өмірдің арасында әлі де үлкен алшақтық бар. Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 17 673 бала тіркелген. Олардың 92,1 пайызы, яғни, 16 283-і – арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл өңірде инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Аталған балалардың 3 474-і балабақшаларда тәрбиеленсе, 8 818-і жалпы білім беретін мектептерде білім алады. Сондай-ақ, 1 500 бала – арнайы мектеп-интернаттарда, 774-і – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, 950-і – арнайы білім беру ұйымдарында, ал, 767-сі – әлеуметтік қолдау мекемелерінде оқып жатыр. 887 бала үйде білім алуда. Оның ішінде, 228 бала арнайы мектеп-интернаттардың бағдарламалары бойынша оқытылса, 659 бала жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасымен қамтылған. Облыста инклюзивті білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді. Бүгінде 21 мектепке дейінгі ұйымдағы 69 арнайы топта 683 бала тәрбиеленуде. 14 білім беру ұйымында ашылған 47 арнайы сыныпта 354 оқушы білім алып жатыр. Соңғы жылдары арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. 2025-2026 жылдары Қарағанды қаласында, Бұқар жырау және Шет аудандарында жаңа психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Қазіргі уақытта, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

– Бүгінде облыс аумағында 63 арнайы білім беру қолдау кабинеті жұмыс істейді. Олар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Балқаш қаласы мен бірқатар аудандарды қамтып отыр. Мұндай кабинеттердің ашылуы балалардың тұрғылықты жеріне жақын жерде қажетті көмек алуына мүмкіндік береді. Ерекше назар ерте жастағы балаларды қолдауға аударылған. «Уақыт мүмкіндіктері» жобасы аясында Қарағанды, Шахтинск және Саран қаласында 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу кабинеті жабдықталып, мамандар арнайы даярлықтан өтті. Бұл бастама даму ерекшеліктерін ерте анықтап, дер кезінде түзету жұмыстарын жүргізуге жол ашады. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасы аясында облыста инклюзивті білім беруді қолдайтын 12 ресурстық орталық жұмыс істейтін болады. Олардың басым бөлігі арнайы мектеп-интернаттар базасында және аутизмі бар балаларды қолдау орталығында орналасады, – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Галина Абишева.

Дегенмен, инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдаудың артуына қарамастан, ата-аналарды алаңдататын мәселелер аз емес. Көп ата-ананың көкейінде «Балам оқу бағдарламасын толық меңгере ала ма?», «Сыныптағы басқа оқушылармен қатар білім алып кете ме?», «Мұғалім оған жеткілікті көңіл бөле ала ма?» деген сауалдар туындайды.

Мамандардың айтуынша, ерек­ше білім беру қажеттіліктері бар баланың мектепке сәтті бейімделуі үшін тьюторлық қолдау мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі тиімді жұмыс істеуі қажет. Әсіресе, жеңіл және орташа дәрежедегі даму ерекшеліктері бар балалар мектеп жасына дейінгі оңалту және түзету бағдарламаларынан уақытылы өтсе, жалпы білім беру бағдарламасына бейімделу мүмкіндігі айтарлықтай артады. Дегенмен, нейрокоррекциолог және нейромассажист Айдана Мақсұтқызы соңғы жылдары даму ерекшеліктері бар балалар саны артып келе жатқандығын баса айтты.

– Негізгі фактор – гаджеттерге тәуелділік. Ата-аналардың шектен тыс қамқорлығы және бар. Дерттің нақты себебі әлі де толық зерттелмеген. Осы уақытқа дейін тәжірибемде әртүрлі клиникалық диагнозы бар балалармен жұмыс істеп, оңалтуда жоғары нәтижелерге қол жеткіздім. Жұмыс барысында әр баланың жеке ерекшелігіне қарай диагностика жасап, мидың нейрондық байланыстарын қалпына келтіру үшін баланың ішкі ресурстарын тиімді пайдаланамын. Нәтижесінде, көптеген балалар эхолалия кезеңінен өтіп, саналы түрде сөйлеу деңгейіне шықты. Мәселен, ПДТ мен СТДТ диагнозы қойылған алғашқы оқушыларым қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде 1 және 3-сыныпты сәтті аяқтады. Биыл тағы тоғыз баланың мектеп табалдырығын аттауына ықпал еттім. Тіпті, мұғалімдердің өзі «Қалыпты балаларға қарағанда, осы ерекше балалар сабақты жақсы оқиды» деп таңғалғанын жасырмады, – деді Айдана Мақсұтқызы.

Психикалық дамудың тежелуі мен сөйлеу тілінің дамуының тежелуі диагнозы қойылған балалардың ең үлкен кедергілерінің бірі – коммуникацияның бұзылуы. Яғни, сөздік қоры шектеліп, эмоциясын басқара алмайды. Қатарластарымен қарым-қатынас орнатуда, ортақ ойындарға қатысуда және достық байланыс құруда қиындықтарға тап болады. Ал, бұл арада мәселе тек ерекше балада емес, ортаның мәдениеті де бар. Бала – қоғамның айнасы. Егер, сыныпта, отбасында және қоғамдық ортада өзгешелікке деген төзімділік, түсіністік қалыптаспаса, ерекше бала оқшауланып қалуы мүмкін. Алайда, психологтардың зерттеуіне сүйенсек, ересектерге қарағанда бастауыш сынып оқушылары ерекше балаларды тез қабылдайды екен.

Ата-ананы мазалайтын тағы бір жайт – мектептегі буллинг. Сөйлеуі бұзылған, тұтығатын, ақпаратты баяу қабылдайтын бала кей ортада қатарластарының мазағына ұшырап, психологиялық қысым көруі мүмкін. Әсіресе, сөйлеу тілінің дамуының тежелуі диагнозы бар балалар өздеріне жасалған қиянатты немесе ренішті толық жеткізе алмайды. Мұндай жағдайлар үрей, сенімсіздік, тұйықтық және мектепке деген қорқыныш сезімін қалыптастырады. Сондықтан, мектептегі антибуллингтік бағдарламалар қағаз жүзінде ғана емес, нақты тәжірибеде жүзеге асырылуы тиіс.

– Диагнозы бар балалардан сабақта озат, академиялық дағдылары жоғары шәкірт шығады. Жеке коррекциялық жұмыстан өткен балаларды қоғамға бейімдеу, яғни, социумға қосу өте маңызды. Алайда, көптеген дамыту орталықтары мен мектепке дейінгі мекемелер мұндай балаларды қабылдаудан бас тартады. Біз мекемелерге басқа балаларға зияны тимейтін, академиялық тұрғыдан толық дайындалған балаларды бағыттасақ та, бас тарту жағдайлары жиі кездеседі. Бұл ата-аналардың психологиялық күйзеліске түсуіне әкеп соғады. Сондықтан, арнайы мектепалды даярлық курстары мен әлеуметтендіру кабинеттерін ашқанын қалаймын. Тәжірибемде ерекше балалардың арасында зияткерлік әлеуеті өте жоғары, тіпті, қалыпты дамыған балаларға қарағанда озат оқушылар өте көп. Олардың бойындағы кейбір синдромдар білім алу үдерісіне және академиялық дағдыларына ешқандай кедергі келтірмейді. Тек бұл балаларға қоғам тарапынан қолдау, дұрыс бағыт-бағдар қажет. Бұл диагноз – ешқандай да шектеу емес. Дер кезінде байқап, кәсіби қолдау көрсетілсе, оңалтуға болады. Баланың сөйлеуі мен ойлауындағы кешеуілдеуді ерте анықтау оның болашақтағы жетістігіне тікелей әсер етеді, – деді нейрокоррекциолог және нейромассажист маманы.

Бүгінгі диагнозы бар балалар – ертеңгі ел азаматы. Егер, оларға дер кезінде қолдау көрсетіліп, ортаға бейімделсе, қоғамның толыққанды, еңбекке қабілетті, белсенді мүшесіне айналады. Тіпті, мұндай диагнозы бар балалар болашақта үлкен жетістіктерге жететінін де ғылым мен тәжірибе дәлелдеп отыр. Ал, егер біз оларды қоғамнан оқшаулап, қорқыныш пен түсінбеушіліктің құрбанына айналдырсақ, психологиялық жарақат алған тұтас буын қалыптастыру қаупі бар. Сондықтан, ерекше балалардың болашағы тек ата-ананың ғана емес, мектептің, қоғамның және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі. Баланың қауіпсіздігі мен сапалы болашағына бүкіл қоғам болып жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек.

Камила ЖЕКСЕНБИНА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button