АймақБас тақырып

Қарағандыда рухани Мәуліт кеші өтті

Адамзаттың асылы, екі дүниенің сәруары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеге келген Рабиғул әууал айы – исі мұсылман айрықша қадір тұтатын мезгіл. Бұл ардақты елшінің өнегелі өміріне үңіліп, көркем мінезі мен адамзатқа қалдырған асыл мұрасын тереңірек тануға үндейтін ай. Жамағат осы кезеңде салауат айтып, қайырымдылық жасап, мейірім мен ізгілікке ұмтылады. Кеншілер өлкесінде де жылдағы дәстүр жалғасын тауып, Кеншілер сарайында «Адалдықтың асыл үлгісі – Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

Суреттерді түсірген Төлеген БАЗЫЛОВ

Сарай табалдырығын аттағаннан-ақ кештің өзгеше өрнегі аңғарылды. Күмбірлеген күй кең дәлізге ерекше салтанат дарытып, келген жұртты рухани кештің тынысына бірден жетеледі. Кіреберіске діни-танымдық кітаптар қойылып, оқырманға ислам тарихы, пайғамбарлар ғұмыры мен имандылық құндылықтарын қамтыған еңбектер ұсынылды. Ал, заманауи технологияға ден қойғандар VR құрылғылары арқылы ислам тарихына виртуалды саяхат жасап, тарихи-танымдық бейнероликтерді тамашалауға мүмкіндік алды.

Рухани жиынның шымылдығы Алланың кәламы – қасиетті Құран аяттарымен түрілді. Тізгінқағар сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, облыстық Әнет баба мешітінің бас имамы Естай Әбдіғали алып, жиналған қауымды Мәуліт айымен құттықтады.

– Мәртебелі меймандар, Алла тағала әр қадамдарыңызға мол сауап жазсын! Ардақты пайғамбарымыздың дүниеге келген айы – оның өнегелі өмірі мен сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттаудың, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеудің мол мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға салауат айтылып, Мәуліт оқылады. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он рет салауат айтады», – деген. Сондықтан, Мәуліт кешінің басты мақсаты – ағайынның басын қосып қана қою емес, жүректі нұрландырып, жұртты қайырымды істерге жұмылдыру, – деді бас имам.

Естай Айтуғанұлы ардақты пайғамбардың тұлғалық болмысы тұнып тұрған өнеге екенін де тілге тиек етті.

– Ең алдымен, пайғамбарымызды білім мен таным арқылы жақсы көреміз. Оның өмірбаянын, хадистерін, ұстанған жолын оқып, үйренеміз. Екіншіден, жүрек арқылы сезінеміз. Жүректе орныққан шынайы сүйіспеншілік адамды мейірімге, ізгілікке және адамгершілікке бастайды. Сондықтан, әрқайсымыз пайғамбарымыздың көркем мінезін бойымызға сіңіріп, айналамызға мейірім шуағын таратуға ұмтылуымыз керек, – деді ол.

Биылғы рухани кештің бұрынғы жылдардан басты ерекшелігі – мазмұндық һәм сахналық тұрғыдан жаңаша сипат алуында. Мәуліттің мәні тек уағызбен шектелмей ән, театр және көркемсөз арқылы кеңінен ашылды. Қазақ өнерінің көрнекті өкілдері келіп пайғамбар өнегесін әр қырынан ұсынды.

Жас өнерпаздар орындаған «Мұхаммед пайғамбарымыздың өмір жолы» атты поэтикалық композиция көрерменді тәнті етті. Ал, Көкшетаудан арнайы келген айтыскер ақын Арман Бердалин қаз мойын домбырамен екі дүниенің сәруарына арнау айтты.

Кеш барысында бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін арқау еткен театрландырылған қойылымдар сахналанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс жастармен бірге ұсынған көріністе амандасудың әдебі мен ишараты, үлкенге құрмет пен кішіге ізет мәселесін көркем тілмен жеткізді. Әрі қарай әнші Сержанәлі Әлібек орындаған «Пайғамбарға салауат» әні залды әсем әуенге бөледі.

Көп ұзамай сахна төріне Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов шықты. Оның алшаң басып, ойлы кейіппен ортаға келуінен-ақ көрермен көз алдына хакім Абай тұлғасы елестегендей болды.

Өнер иесі Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқып, монолог жанрындағы әсерлі қойылым ұсынды. Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов

жастармен бірге «Маңызды қонақ» атты қазіргі қоғамдағы құндылықтардың орны туралы қойылым сахналады.

Рухани кештің ең сәулелі сәттерінің бірі – жиналған қауым арасынан екі адамға кіші қажылыққа жолдама табысталуы. Алдымен көрермендердің орындық нөмірлері салынған арнайы қобдишадан кездейсоқ таңдау жасалып, бір жанға Ұмра сапарына сертификат бұйырды. Мұнан кейін демеушілердің қолдауымен тағы бір көрерменге қасиетті мекенге баруға мүмкіндік берілді. Күтпеген қуанышқа кенелген жандардың толқынысы залдағы жұрттың да жүрегін тебірентіп, ақ тілектер мен ыстық ықыласқа ұласты.

Мәуліт кеші тек тағылым мен өнердің тоғысы болып қойған жоқ. Оның қайырымдылық сипаты да айқын көрінді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры көпбалалы аналарға қаржылай қолдау көрсетті. Ал, Кештің көркем түйінін «Мәр-Мәр» жетіген ансамблі «Пайғамбарға салауат» әнімен түйіндеді.

Кейінгі жылдар мұғдарында кеншілер өлкесінде руханият пен қайырымдылықты қатар өрістеткен игі бастамалар жалғасын тауып келеді.

 

Соның бірі – имамдарға арнап салынып жатқан 36 пәтерлі қызметтік тұрғын үй. Құрылысы аяқталуға жақын бұл нысан дін қызметкерлеріне жасалған нақты қолдаудың бір көрінісі болмақ. Бұл бастаманың жай-жапсары жөнінде алдағы уақытта кеңінен тарқатамыз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button