Қарқаралының Тәттімбет ауылында 28 жұп егіз бала дүниеге келген
Қарағанды облысында егізі көп ауыл бар. Қарқаралы ауданындағы Тәттімбет елдімекені құрылғаннан бері 28 жұп егіз бала дүниеге келген. Мұнда әр жылдарда қос-қостан туған батыр аналар аз емес. Қазір сол жігіттер мен қыздар еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада жемісті еңбек етіп келеді.

Мәслелен, ауылы жұртының көзайымына айналған Альбина, Альмира, Айлина, Ясина есімді өнерлі қыздар алдағы оқу жылы 1-сыныпқа барады. Төртеуінің жұбы жазылмайды. Олар концертке, театрлық көріністерге бірге қатысады. Салтанат Қалымжанова есімді мектеп мұғалімі оларды бір жылдан бері мерекелік іс-шараларға қатыстырып келеді. Ол төртеуінің есімін атауда әлі күнге дейін жаңылатынын айтты.
– Әуелде тізімнен екі жұп егізді көргенде, абдырап қалдым. Олар бір-біріне өте ұқсайды. Бірақ, жаз бойы солармен жұмыс істеп, қазір оп-оңай бет-әлпеттерін ажырататын болдым. Көбі байқай бермейтін әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар, — деді мұғалім Салтанат Қалымжанова.
Ал, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бағдат Күлмағамбетова да егіздердің анасы. «Екеуі сырттай бір-біріне ұқсамайды. Бірақ, білім мен зияткерлік қабілеттері бірдей» дейді қос қыздың анасы.
– Егіздерім бір-біріне ұқсамайды. Біреуі ұзын бойлы, екіншісі аласа, біреуі қара торы, екіншісі аққұба. Әрқайсысының өз мінезі мен өзіне тән қызығушылықтары бар. Тіпті, мамандықты да әртүрлі таңдады. Екеуінің білімге деген құштарлығы, зиткерлігі ұқсас. Екеуінің қызығатын тақырыптары да бірдей, – деді егіздердің анасы Бағдат Құлмағамбетова.
Бағдат Күлмағамбетова 30 жылдық еңбек жолында бірнеше жұп егізге сабақ беріпті. Бет-әлпеттерін ажырата алмаған сәтте отырған орындарына қарап анықтайды екен.
– Жұмыс істеген жылдарымда егіз оқушыларым көп болды. Оларға сабақ беру маған мүлдем қиын болған жоқ. Өйткені, үйде де егіздер өсіріп отырмын. Олардың мінезі мен ерекшеліктері маған жақсы таныс. Дархан мен Балкан деген егіздерге сабақ бердім. Олардың бет-әлпетін айыра алмайтын едім. Соншалықты ұқсас еді. Сондықтан, шатастырмас үшін оларды әртүрлі партаға отырғыздым. Балкан – қазір Тәттімбет ауылының әкімі. Ал, егіздің сыңары – осы ауылдың тұрғыны, – деді Бағдат Құлмағамбетова.
Көпбалалы ана Күміс Мұқышева егіздердің өмірге келуі генге байланысты дейді. Бұл әулетте 7 жұп егіз дүниеге келіпті. Текте бар құбылыс 20 жыл сайын қайталанады екен. Бір қызығы енесінің құрсағына екі рет егіз бітіпті.
– Отбасымызда егіздердің дүниеге келуі – таңсық емес. Менің анам да, күйеуімнің анасы да егіздерді дүниеге әкелген. Күйеуімнің әпкесі мен қарындасы да егіз босанды. Сондықтан, бұны отбасылық ерекшелік деуге болады, – деді Күміс Мұқышева.
Күміс Мұқышеваның да Айым мен Гүліме есімді қыздары бар. Егер біреуінің көңіл күйі түсіп кетсе, екіншісіне де әсер етеді екен. Сыңары ауырып қалса, екіншісі де сырқаттанып қалады дейді.
– Айым мен Гүлім бір-біріне өте ұқсайды. Екеуі де тұрмыста. Бірақ, араларында әлі күнге дейін ерекше, өте берік байланыс сақталған. Тұңғыш қызым дүниеге келгеннен кейін небәрі бес минут өткен соң сыңары шыр етіп дүние есігін ашты, – деді Күміс Мұқышева.
Күміс апаның жолын келіні Жұлдыз Оспанова да жалғапты. Егіз қыз Айлина мин Ясинаның тек келбеті ғана емес, сөйлеу мәнері де ұқсайды екен. Дегенмен, екеуінің әуестігі әртүрлі.
– Егіздерімнің бір қызық ерекшелігі бар. Біз оларға әрқашан бірдей киім сатып алатынбыз. Бірақ олар өз заттарын ешқашан шатастырмайтын. Әрқайсысы қай көйлек кімдікі екенін жақсы біліп, әпкесі сіңлісінің киімін ешқашан кимейтін. Олардың арасында өте мықты байланыс бар. Біреуі біраз уақытқа кетіп қалса, немесе жанында болмаса, екіншісі бірден сыңарын іздей бастайды, – деді егіздердің анасы Жұлдыз Оспанова.
Зульфия Рахимова – Тәттімбет аулына келін. Бір қызығы екі жылдан соң, сынары Альфияда да осы елдімекенге келін болып түсіпті. Себебі, екеуінің жұбы туғалы жазылмаған.
– Мен ауыл жігітіне тұрмысқа шыққанда, егіз сыңарым мені сөкті. Ол кезде ауылда ештеңе жоқ еді деп айтып, өмірімді неге ауылмен байланыстыруды жөн көргенімді түсінбеді. Бірақ, уақыт өтті, ол өзі де сол ауылға күйеуге шықты. Қазір қыстауда тұрады. Міне, өмір бәрін өз орнына осылай қойды. Бірімізді-біріміз сағынамыз. Жиі көрісіп тұрамыз. – дедді егіз қыздардың анасы Зүлфия Рахимова.
Зульфия Рахимованың қазір егіз қыздары бар. Альбина мен Альмираның қылығы да, қызығушылығы да бірдей екен.
Тәттімбет ауылдық округінде тұрғындар саны 500-ге жуықтайды. Бір ауылда егіз туған балалардың көп болуы – сирек кездесетін таңғажайып құбылыс. Генетикалық тұрғыда бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Әзірге оның жұмбағын шешкен жан жоқ. Дегенмен, түрғындардың бір бөлігі бұл таза табиғаттан деп пайымдаса, енді бірі киелі топырақтан дейді.



