Жаңалықтар

Ерекше балаларға – ерекше сый

Шамалы уақыт бұрын «Қоңырат» корпоративті қоры Балқаштағы «Үлкен жүрек» дамыту және әлеуметтік бейімдеу орталығына аумағы 253 шаршы метр болатын жаңа ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, сыйға тартқан болатын. Енді, міне, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталық жанынан ерекше балаларға арналған ойын алаңының ашылуына ұйытқы болды. Қордың кезекті бұл сыйы – облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алғашқы ойын алаңы.

Игілікті шара – «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Балқаш қаласында іске асырылып отырған төртінші ірі жоба.

Ойын алаңын 1-12 жас аралығындағы ерекше балалардың ойлау жүйесін дамытуда, олардың толеранттылық қасиеттерін қалыптастыруда теңдессіз құрал деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар ата-аналарға да үлкен көмек болары сөзсіз. Арнайы жабдықталған алаңға келген балалар түрлі ойындар ойнап, дене шынықтырады.

Салтанатты шарада сөз алған Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков аталмыш ойын алаңының маңызына тоқталды.

– Ел ертеңі – жас буын. Өскелең ұрпаққа жан-жақты жағдай жасау, олардың тең құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекет саясатының негізгі әлеуметтік басымдығы. Демеушілердің қаражаты есебінен ашылған алаң ерекше балалардың тұлға ретінде дамуына, ортаға бейімделуіне мол мүмкіндік береді. Әрбір бала бақытты болуға лайықты! – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ, «Қоңырат» корпоративті қорының президенті Николас Ширли мен «Сары Қазына» ЖШС бас директоры Павел Семенченко да сөз алып, оңалту орталығына бағытталатын қамқорлықтың үзілмейтінін жеткізді.

Орта есеппен, 10 млн. теңгеге жабдықталған алаңдағы әрбір құрылғы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында арнайы тапсырыспен жасалған. Нәтижесінде, балқаштық ерекше балалар да қатардағы жас буын сияқты ойын ойнап, жаттығады, денсаулығын нығайтады.

«Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Людмила Денисова демеуші азаматтарға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады. Ата-аналар атынан Рабиға Мұхамеди сөз алып, ерекше балаларға мүмкіндік сыйлаған азаматтарға алғыс айтты.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button