Ер еңбегі еленгені абзал
Ұлттың сөзін сөйлейтін, өткен жолын ұрпаққа өнеге етер, үлгі көрсетуші, алысты пайым, парасатымен, даналығымен болжай алатын, кеудесі қазынаға толы ақсақалды қадірлейтін елміз. Бүгінде Арқада алдымызға салып, төбемізге тұтар ақсақалымыздың бірі – Қасым Орынбетов. Талғамы биік газет оқырманына бұл есім жақсы таныс. Өңірдегі журналистиканың дамуына орасан үлес қосқан, бүтін бір буынды баптаған қаламы жүйрік журналист һәм ұстаз. Халқының қызметіне жараған қайраткер. Бүгінде сол ел арасында Қасым ақсақалымызға «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі қозғалып жатыр. Сең қозғалған екен, біз де үнсіз отыра алмадық. Қасым Орынбетовтің еліне сіңірген еңбегін айтпақпыз.
Қасым ақсақал 1940 жылы 10 ақпанда Балқаш көлінің маңындағы Саға тауының етегінде дүниеге келген. Бұл – Ақтоғай ауданы. Осы жер Абылай ханның батыры болған даңқты Байжомарттың, атақты Орманбет бидің, Нарманбет ақынның мекені болған. Өзі осы ұлт асылдарының ұрпағы.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Қасым Орынбетов – жазушы, әдебиет зерттеуші, Совет одағының батыры, әйгілі Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті. Студент кезінде дәріс алған. Өзіне рухани ұстаз тұтқан. Мәлік Ғабдуллиннің тәрбиесімен, ықпалымен жазу жолына түскен. Биік таудың етегіне жақындап, өзі де биіктікке жастайынан ұмтылған.
Алаш алыбының тәрбиесін көрген жігіт Қасым 1973 жылдың наурызында «Жезқазған туы» газетіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Бойындағы дарыны мен жиған білімі тәжірибемен ұштасқан жас журналист 1978-1982 жылдар аралығында Шет ауданындағы «Ильич туы» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Аудандық атқару кеңесінің депутаты және пленум мүшесі болған. Сол кезеңде жазған очерктерімен, портреттерімен, өзіндік стильмен жазылған репортаждары талғамды оқырманды жалт қаратты. Қазақтың арғы-бергі тарихын жақсы білген, ауыз әдебиетін бойына сіңірген, білімді журналисттің жалт қаратар дүниелерді жазуы – заңды еді.
1992 жылы Ақтоғай ауданындағы музейге басшы болып барды. 1995 жылға дейін қаңырап, жүдеп тұрған мәдениет ошағын аяғынан тік тұрғызған. Бөлімдер ашып, жұмысты жүйелеген. Осы қызметімен өзін қарымды қаламгер ғана емес, білікті басшы ретінде де танытқан.
Бүгінде ақсақалымыз 83 жаста. Әлі күнге дейін ойы тың. Өзекті мәселелерге қатысты мақалалар жазып, өз пікірін білдіріп отырады. Мәселен, таяуда газетімізге «Қазпошта» мемлекеттік саясатқа қарсы ма?» деген мақаласы басылды. Жазғанда да жай емес, тиер жеріне тигізіп, жетер жеріне жеткізіп жазды. Газеттің ауылдағы, тіпті, қаладағы ағайынға жеткізілмеуі – жұрттың мәдениеті мен сауатының төмендеуіне әкелетінін айтқан. Расында алаңдататын мәселе.
«Facebook» әлеуметтік желі парақшасында ел тарихы мен ұрпақ тәрбиесі хақында тағылымды ойлары тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Сөз соңында, Арқа баспасөзінің абызы Қасым Орынбетовтің «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағына әбден лайық екеніне шүбә келтірмейміз. Ер еңбегі еленгені абзал!
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»