Жаңалықтар

Ем қонбайтын дерт жоқ

Жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша әлем бойынша Туберкулезге қарсы күрес күні аталып өтіледі.

Бұл шара туберкулез туралы білімнің жоғарылауына, онымен бірге туберкулездің алдын алу және емдеу шараларын күшейтуге мүмкіндік тудырады.

Туберкулез – бұл инфекциялық ауру, қоздырғышы микобактериялар – бізге Кох бацилласы деген атпен танымал. Бұл қоздырғыш көп жағдайда 80 пайызға дейін адам өкпесін, басқа ағзаларды 20 пайыз шамасында зақымдайды. Туберкулез бір адамнан екінші адамға ауа арқылы жұғады және өлім-жітім көрсеткіші бойынша АИТВ көрсеткішінен кейін екінші орын алады.

Туберкулездің белсенді түрінің басты симптомдары: жөтел, кейде қақырықпен немесе қанмен, кеуденің ауруы, әлсіздік, арықтау, дене қызуының көтерілуі, түнде терлеу.

Бұл белгілер бірнеше айға созылуы мүмкін. Бұл жағдай туберкулездің асқынуына және бактерияларды қоршаған адамдарға жұқтыруға әкеледі. Туберкулезбен ауыратын адам ауруын бір жыл ішінде жақын араласатын 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін.

Егер ауру бастапқы кезеңде анықталса тубекулезден емделіп жазылуға болатындығы дәлелденген. Оған диагнозды да дұрыс қоюға болады. Туберкулезден болатын өлім-жітімді азайтуға болады, ол үшін ерте диагностика мен тағайындалған емді уақытында ұқыпты алу қажет. Жыл сайын туберкулезбен ауыратын миллиондаған адамдар емделіп жазылады. Тек адамның жазылуға деген ниеті болса болғаны.

Бірақ, көбінесе науқастар өз-өздерін жедел респираторлық ауру деген диагнозбен «емдеп» дәрігерге уақытында қаралмай ауруды асқындырып алады.

Қазақстанда науқастардың 70 пайызы асқынған туберкулезбен дәрігерге қаралып жедел түрде ауруханаларға жатқызылады. Бұл әрине, өкінішті жағдай. Азаматтардың өз денсаулығына деген жауапсыздығының көрінісі.

Туберкулездің алдын алу шараларының ең бастысы – емханаларда жүйелі турде қаралу. Бұл шара тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ақысыз көрсетіледі.

Қандай шаралар тегін және қолжетімді?

Туғаннан кейін алғашқы күндері перзентханада жасалатын БЦЖ екпесі.

7 және 14 жаста БЦЖ-ның ревакцинациясы жасалады ( ағзаның реакциясын тексеру мақсатында алдын ала Манту сынамасы жасалады).

Флюорографиялық скрининг (үлкендер үшін жыл сайын ), әсіресе, туберкулезге бейім топтар – қант диабетімен ауыратындар, жас босанған әйелдер, жасөспірімдер үшін міндетті.

Терапевтерге уақытылы қаралу.

Қазіргі таңда дәрігерлер мен азаматтар бірлесіп салауатты өмір индустриясын және аурудың алдын алу шараларын қалыптастырулары қажет.

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған басты мақсат – әр азаматты өз денсаулығын сақтауға үйрету, аурудың алдын алу шараларының тиімділігін көрсету, азаматтардың салауатты өмірге деген көзқарасын өзгерту.

Осы қойылған мақсатты орындау үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырудың басым бөлігін аурудың алдын алуға арналған емдеу-диагностикалық шараларға бағыттап отыр.

Естеріңізде болсын, уақытында анықталған, дәрігердің тағайындаған ем шаралары мен режимін тиянақты орындаған жағдайда – туберкулез емделетін ауру.

Ф.КОПОБАЕВ,

Қарағанды облысы бойынша Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры филиалының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button