Елордадағы айтулы кеш
Сейсенбі күні Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында шертпе күйдің шебері, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, жерлесіміз Мағауия ХАМЗИННІҢ 90 жылдығына арналған «Қоңырқаз» атты еске алу кеші өтті.
«Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылған игі бастамаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетіпті.
Шараға Мұқамеджан Тілеуханов, Қайролла Сәдуақасов, Амантай Жұмашев, Нұртай Танабаев, Жанғали Жүзбай сынды өнер қайраткерлері қатысып, сом тұлғаның соңында қалған мол мұрасын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Манап Анықбаев, Ерлан Дәкенов сынды өнерпаздар өнер көрсетті.
– Осы жыл мәдениет және өнер саласына көп мүмкіншілік берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өте көп жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде күйші Мағауия Хамзин атамызға тоқталған себебіміз, ол кісі 1961 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында қызмет етті. Сондықтан, Мәдениет министрлігінің қолдауымен осы шараны ұйымдастырып отырмыз, – деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Дархан Балажанов.
Өнер өлкесіне өзіндік өрнегін салып, қолтаңбасын қалдырып кеткен бірегей күйшінің осы тектес еске алу кеші өз өңірімізде де өтсе игі еді. Бұл бастаманың жыл соңына дейін Қарағанды облысында да атқарыларына сенім бар.
Рауан ҚАБИДОЛДИН