«Елім!» деп басын бәйгеге тіккен арда азамат еді
Қабырғалы қаламгер, халқының қара нардай қайыспас қайраткері Кәмел Жүністегінің қазасын естіп, жаным ауырып, жүрегім сыздап отыр. Өзім ауырыңқырап жүр едім, мына қаралы хабар үлкен соққы болды.
Кеудесі қазынаға толы азаматтан айырылдық. Кәмел аға нағашым еді. Нағашымнан көз жазып қалдым. Шет өңіріне табаным тисе, үйіне еркелеп барып, әңгіме соғушы едім. Асқар таудай ағамның өмірден өткеніне өзімді қоярға жер таба алар емеспін.
Ел басына күн туған қиын кезеңде. жанын шүберекке түйіп, белін бекем буып, өмірін елі мен жеріне, оның болашағына арнаған арқыраған азамат еді ғой, Кәмел ағам. Қандай қиындық, қағажу көрсе де, дегенінен қайтпады. Қасқайып, қарсы тұрды. Әлдекімдер сияқты жалған атақ-даңқ үшін біреудің ығына жығылған жоқ. Еңсесін тік ұстап жүріп өтті өмірден.
Кәмел Жүністегі бос сөзге былғанып өмірін босқа өткізгендердің қатарынан емес. Қаншама көркем шығарма жазды. Ойындағы дүниелерін тасқа басып кетті. Үйінің өзі – бір мұражай еді. Сөйлегенде кірме сөз қоспай таза сөйлеуші еді марқұм. Ұшан-теңіз білімі мен өнегелі өмірі кейінгі жас буынға үлгі боларлық тұлға.
Өмірінің кез келген сәтін алып қарасаңыз ұлты үшін күресіп өткен ізі сайрап жатыр.
Соңына қалдырған түрлі жанрда жазылған мол мұрасы ел игілігі үшін қызмет ете берері анық. Асқақ рухы ел-жұртымен бірге жасай бермек.
Жаратушы иеміз, алдыңыздан жарылқап, панасына алсын!
Жаныңыз жәннатта, тәніңіз рахатта болғай Кәмел нағашы!
Сіз мәңгі біздің жүрегіміздесіз!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.