Саран

Елеулі мектептің мерейтойы

     Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған Саран қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің іргесі қаланғанына – 55 жыл толып отыр. Бұл білім ошағы 1962 жылы 8 жылдық мектеп болып ашылып, 1966 жылы орта мектеп болып өзгерген еді.

1992-1993-ші оқу жылында қазақ тілі сыныбы ашылып, аралас мектеп болып қалыптасты. 2014-2015-ші оқу жылынан бастап, оқыту қазақ тілінде жүргізілуде. 1964-1988 жылдары мектеп директоры қыземтін А.Куленко, 1989-2000 жылдары Н.Мижаев, 2000-2003 жылдары С.Мұстафин, 2003-2008 жылдары М.Мамирова атқарса, 2008 жылдан осы уақытқа дейін С.Адиетова басшылық етуде.

Аталған мектептің мерейтойына орай, «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі саласы – жаңа тәсілдер аясында» тақырыбында ашық есік күні өтті. Мұндағы мақсат – білім мазмұнын жаңарту шеңберінде жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы мектептің даму стратегиясын жүзеге асыру. Оған қалалық білім беру бөлімінің өкілдері, білім беру мекемелерінің директорлары, мектеп ардагерлері мен түлектері, қала мектептерінің мұғалімдері қатысты.

Іс-шараны мектеп директоры С.Ад­иетова ашып, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады. Сондай-ақ, өткізілетін шараның бағдарламасымен таныстырып, барлығына сәттілік тіледі.

Ашық есік күні екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде мектептің бастауыш сынып, география, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, ағылшын тілі, физика, өзін-өзі тану, тарих, информатика пәндерінің мұғалімдері түрлі тақырыптарда ықшам сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөліссе, «Білім мен тәрбие беру мазмұнын жаңарту» деп аталатын екінші бөлімде мектеп мұғалімдері Сарыарқаның сан қилы ғажайыптарымен таныстырып, «Вернисаж», «Дебат», «Қуыршақтар сөйлейді», «Жасыл әлем» үйірмелері жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, «Ментальды арифметика», «Экономика және бизнес», «Мен және менің денсаулығым», «Қисынды ойлау», «Ағылшын тілін ұнатамын» тақырыптарында сабақтарды түрлі әдістермен, жан-жақты өткізсе, «робототехника», «этнопедагогика» сабақтарында оқушылар үйренгендерін ортаға салды. Ал, ағылшын клубының оқушылары сол тілде ертегіден үзінді көрсетіп, кітапханашы түрлі кітаптардың көрмесін ұйымдастырды. Сабақтар қызықты да тартымды өтті. Сабаққа қатысқан қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына ризашылықтарын білдірді.

Сабақ соңында мектептің акт залында «Сүйікті мектебіме – 55 жыл» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жиналғандар алдында мектеп оқушылары ән салып, күй шертіп, би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Концерт барысында білім беру бөлімінің басшысы Қ.Омаров, балалар-жастар орталығының директоры, кәсіподақ ұйымының төрағасы О.Свиргун мектеп мерейтойымен құттықтап, мектеп ұстаздарына мақтау қағаздарын табыс етті. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжі директорының орынбасары Н.Нұрсафина, мектептің бұрынғы директорлары С.Мұстафин мен М.Мамирова құттықтап, естелік сыйлықтарды табыс етті. Мектептің ардагер ұстаздары О.Бартаева мен В.Як­у­сеевич ізгі тілектерін білдіріп, барша мектеп ұжымына шығармашылық табыс, жас ұрпаққа білім нәрін себудегі ұстаздар жұмыстарына сәттілік, еңбектеріне жеміс тіледі. Шара соңында мектеп оқушылары келген қонақтарға өз қолдарымен жасалған сыйлықтарын ұсынды.

Нұрбану БАЙМҰХАМБЕТОВА.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button