АбайАймақ

Елдос БАЙМАҒАМБЕТОВ: «Халық сенімі зор жауапкершілік жүктейді»

Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес 2022 жылдың 21 тамызында Абай ауданы Мичурин ауылдық округінің әкімі болып осы аймақ сайлаушыларының тікелей дауыс беруі нәтижесінде үш үміткердің арасынан 93% дауыс жинаған Елдос Баймағамбетов сайланған болатын. Соған байланысты біз бұл қызметті бұған дейін төрт жыл атқарып, орынтағына қайта отырған ауыл әкімімен сұхбаттасқанбыз.

– Елдос Өміржанұлы, әңгімеміздің әлқиссасын округ тұрғындарының қазіргі әл-ауқатынан бастасақ…

– Біздің округ аумағына Агрогородок, Садовое, Ягодное елді мекендері енген, онда тұратын 1351 адамның 748-і халықтың экономикалық белсенді тобына жатады. Мұндағы табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы орган қызметінің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда отын және атаулы әлеуметтік көмек екі отбасына тағайындалып, көмір сатып алу үшін 32 отбасы көмек алды. Барлық мерекелер алдында округтегі демеушілердің есебінен жалғызбасты зейнеткерлерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтары табыс етіледі. Осы демеушілердің көмегімен «Мектепке жол» акциясы кезінде Мичурин негізгі орта мектебінің 10 оқушысына қажетті кеңсе тауарлары мен сөмке берілді. «Салют» лагерінде екі оқушы тынығып қайтты.

– Округте қанша ауылшаруашылық құры­лымы бар, олар немен айналысады? Олардың ауылдық округ дамуына қосар үлесі қандай?

– Ауылдық округ аумағында сегіз шаруа қожалығы, үш ЖШС және Абай көпсалалы колледжінің қосалқы шаруашылығы бар. Біздегі 9 159 гектар жарамды жердің 1956 гектарын егістік, 559 гектарын шабындық, 6 644 гектарын жайылым құрайды. Былтыр сол алқаптардан 784 тонна астық, 9 000 тонна картоп, 350 тонна көкөніс жиналды.

Округтің ауылшаруашылық құрылымдары осы өнімдерін «Ауыл-береке» жәрмеңкелерінде жұртқа ұсынып, ауылдастарын да ұмыт қалдырмайды. Мәселен, «Надежда» шаруа қожалығының басшысы Сергей Замозеев өз шаруашылығындағы 73 үлескердің бәрін картоп, көкөніспен, мал азығымен, қысқы отынмен қамтамасыз етіп отырады.

Ауыл тұрғындарының өз қосалқы шаруашылығын жүргізуі үшін 22 адамның жер телімін алуына көмек көрсетілді. Тұқым асылдандыру және түрлендіру бағдарламасына екі шаруа қожалығы қатысып, 69 сиырға үш асыл тұқымды бұқа қосылды.

Біздің округтің ауыл шаруашылығын дамытуға мына көлемде инвестиция тартылған: «Надежда» шаруа қожалығына 895 мың теңге екі бірлік техника сатып алуға; «Мамедов А.Э.» шаруа қожалығына жеті миллион теңге картоп қоймасын салуға; «Алпысов» ЖК 20 миллион теңге тауарлы сүт фермасын пайдалануға беруге. Барлығы негізгі капиталға 27 895 теңге инвестицияланып, игерілуде.

Биыл Агрогородок ауылында жылыжай кешенінің құрылысы басталып, оның 500 шаршы метрді құрайтын алғашқысы салынып бітті. Енді сондай 117 данасын іске қосу жоспарда. Әлбетте, оның игілігін жергілікті тұрғындар ғана емес, аудан мен облыс халқы да көрмек.

Өзім де халықпен күнделікті араласып, кездесіп, мұң-мұқтажын, өтініштерін тың­дап, шамам келгенше оң шешуге тырысып жүрмін. Өйткені, олардың сайлауда маған дауыс беріп, сенім артқаны мол жауапкершілік жүктейді.

– Округте жұмыссыздық деңгейі қандай? «Жол картасы» және басқа да бағдарламалар бойынша несие алып, өз кәсібін ашқандар бар ма?

– «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы индикаторларына қол жеткізу үшін бірнеше бағытта іс-қимыл жасаудамыз. Мә­селен, есепті мерзімде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша «Сұлу» ЖК зоодәріханасы бар малдәрігерлік емхана ашу үшін бес миллион теңгенің грантын ұтып алды. Ал «Төлеген» ЖК ірі қара малын өсіру үшін 1 миллион 225 мың теңгенің мемлекеттік грантына ие болды.

Бүгінге дейін кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша 2022 жылдың межелік көрсеткіштері орындалды. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша 4, екінші жастар практикасына 1, әлеуметтік жұмыс орнына 2, алғашқы жұмыс орнына 1, «Күміс жас» жобасымен 2 адам жұмысқа орналастырылып, 1 адам қысқа мерзімді курс оқыды. Жалпы, біздің округте жұмыссыздық жоқ деуге де болады.

– Ауылды абаттандыру бойынша қандай шаруалар атқарылды?

– Өткен мерзімде ауылдық округ аумағындағы елді мекендердің санитар­лық жағдайын жақсарту үшін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұ­мыстары көктемгі екі айлықта және күзгі бір айлықта, әр аптада «Тазалық бейсенбісі» күндері өтеді. Жылдан жылға ауыл­дағы қордаланған мәселенің бірі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару еді.Осы мәселені шешу үшін округ орталығы Агрогородок ауылындағы Садовая көшесі мен Оқу қалашығы маңына 2 контейнер орнатылып, күн жылынысымен қоқыс қалдықтарын шығара бастап, оларды «ECO town» ЖШС көліктері сыртқа тасымалдауда.

Өткен жылы көшелерге 20 жарық тірегі орнатылып, ескілері жаңасына ауыстырылды. Демеушілердің көмегімен 50 терек көшеті отырғызылып, «Вольный-Долинка» тас жолы бойындағы шөп, бұталар қырқылды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған екі студент те тазалық ісімен шұғылданады. Округтегі 3 ауылда да балалардың ойын алаңдары орнатылып, жабдықталды. Ал, Садовое ауылында аялдама павильоны тұрғызылды.

– Жаңа Қазақстанды құру жолында ауыл әкімдеріне біраз міндеттер жүктелді…

– Иә. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолы сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжі­лісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы өзін ақтағанын тағы да атап өтті. Мұның артында мені осы қызметке лайық көріп, дауыс берген жерлестерімнің маған деген мол үміті мен сенімі жатыр. Соны ақтау үшін бұрынғыдан да артық күш жұмсап, еселей еңбек етуге тиіспін.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ержан ИМАШ,

Ortalyq.kz

Абай ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button