Елдіктің жауы – енжарлық

Қарағанды қаласының орта тұсында, Ермеков көшесінің бойындағы біздің редакцияға іргелес орналасқан сауда үйінің алдында құйрығы қайқайып, мұрты едірейген мысықтың мүсіні тұр. Қоладан құйылған мүсін күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Ертегі елінен келгендей төңірегіне паңдықпен қарай қалыпты-ау. Маңайында қоқыс түгілі, қылшық жоқ…

Қарағандыдан атшаптырым аумақтағы Шет ауданының Қармыс ауылында қасиетті Қойсана анамыз жатыр. Атақты Байғозы баһадүрдің қызы, Ақжолтай Ағыбай батырдың анасы болған соң бар Алаштың анасы ғой! Қасиетті анамыз жатқан жердің айналасы аңғал-саңғал, көзге тым қораш. Қоршау жоқ емес, бар. Бірақ, тағы да айтамыз, оңып тұрған жоқ. Салдыр-салақ. Жоғарыда біз мысалға келтірген әлгі мысық-екеш мысық ескерткішінің маңында титтей қылау жоқ. Ұлт анасы Қойсана шешеміздің басы қараусыз. Тіпті, мемлекеттің қарауына алынбаған да сияқты бұл жер. Масқарасы – сол!

Газетіміздің өткендегі бір санында осы мәселені көлденең тартып, шет жағасын шығарғанбыз. Сонда өзекті жайтты қаузамас бұрын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құ жаттама басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының жігіттеріне хабарласып, сұ растырғанбыз. Олардың бір өкілі «иә, бұл жерді мемлекет қарауына алу ту ралы ұсыныс жоқ емес, бар» деген сыңайда жауап бергенімен, кесіп ештеңе айтпады. Сосын мәселеге төтесінен түсіп жазып көрсек, сең қозғалар деген ой туған. Алайда, қыңқ еткен қазақ, үн қатқан оқырман жоқ. Қарақан басына түспеген соң ба, ел – енжар.

Материал газетке шығысымен, ертесіне халықаралық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жанынан құрылған «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік Ел» кітаптар сериясы бірлестігі өкілдері бас қосқан дөңгелек үстелде аталған мәселені қайта қозғадық. Темірғали Көкетай аға бастаған біраз жігіттер «біз бұған дейін Қойсана анамыздың жатқан жерін білмеген екенбіз, өте орынды мәселе көтеріп отырсың» деген. Сол отырыстан кейін арамыздағы бір тарихшы мұны Ағыбай батырдың ұрпақтарына жеткізген көрінеді. Олар қорым қоршалғандығын алға тартыпты. Онысы, әрине, шындық. Ана жолы Қарқаралы ауданына қарасты Бақты ауылына барып-келгенде, жолда тұрған ақын Шөже, Құсбек төренің мазарларының қоршауын көрдік. Олар дың мемлекет қамқорлығына алын ғаны бірден байқалады. Қалай бол са, солай емес, ескерткіштері қоршау ішінде, жалтырап тұр. Қойсана анамыздың басында мұның бірі жоқ. Мемлекет қамқорлығы түгілі, қарапайым қоршауларының өзі жөндеу көр мегелі қырық жыл өткенге ұқсайды. «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне де енбеген-ау, шамасы.

Айтпағым – өзіне келгенде қазақ қоғамының енжарлығы. Немқұрайды күйде жүре беретіндігіміз. Кез келген мәселеге келгенде сондаймыз. Бұл тақырып газетте жазылғалы ешкімнің қыңқ етпегені – көңілге қорқыныш ұялатады.

Сөз басында айтқан әлгі мысық мүсінін жиһаз сататын сауда үйінің қожайыны қойғандықтан, өздері баптап, күтеді. Ауласының тазалығы керек оларға. Ал, қазақ ұлтының анасындай Қойсана шешеміз қазақтан басқа кімге керек?

Еріксіз басыңды шайқайсың, бармағыңды шайнайсың…

«Әттең, бір кем дүние!»

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газеті мәдениет, руханият, әдебиет және жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі.