Руханият

Елдігіміздің тірегі

   Мемлекеттік тілді дамыту барысында жүйелі түрде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы жылы cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облысы бойынша департаментінде қызметкерлерден диктант қабылданды.

Департаменттің басқармаларынан командалар құрылып, олардың арасында қазақтың салт-дәстүрлері, сөйлеу мәдениеті, ұлттық ойындары, ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, мемлекеттік тілде құжат толтыру және «мыңнан жүйрік» сұрақ-жауап сайыстары өткізілді.

Жалпы, Отанымыздың Тәуелсіздікке қол жеткізуі бізге, ұлттық табиғатымызға, ұлттық бастау-болмысымызға оралуға жол ашты. Ана тіліміз – елдігіміздің, ұлттығымыздың тірегі. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай: «Кез келген тәуелсіздік алған мемлекет сол өзінің алған тәуелсіздігінің бірінші көрінісі ретінде өзінің тілін дамыту керек. Ол тілді дамыту – сол ұлттың мойнындағы, тарих алдындағы парызы». Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту шаралары Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан кезде, түрлі құралдар арқылы іс-шаралар ұйымдастырып, тілді меңгеруге енжарлық көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметтегі азаматтарымыздың мемлекеттік тілге деген патриоттық сана-сезімін қалыптастырса деген тілегім бар.

Бұл жерде мекеме басшысының тілге жанашыр азамат болып, қолдау көрсетіп отыруының маңызы өте зор. Ресми тілде сөйлейтін қазақтармен жұмыс істемейінше, тіл жағдайы ілгері баспайды. Өйткені, мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына кедергі болып келе жатқан – сол қандастарымыз. Ал, өзге ұлттардан ондай байқалмайды. Өз тілін өз елінде жүріп білмеу деген – білімсіздіктің белгісі. Оның үстіне, алдымызда бейтаныс әлемдік жаһандану ғасыры тұр, оның әсерінен ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе деген қауіп те жоқ емес. Мемлекеттік тілдің – ана тіліміздің тағдыры кез келген азаматты бейжай қалдырмауы керек!

Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі оның отаншылдығының бір өлшемі деп түсінгеніміз жөн. Әр адам өз ана тілін ардақтауы әрі білуі тиіс. Бұл ел-жұртқа қызмет етудің алғы шарты. Қазақстанның әлемдегі қуатты да бай, алып мемлекеттердің қатарынан нық орын алуына бәріміз жауапты екендігімізді ұмытпайық.

Белгілі ғылым қайраткері Сәбетқазы Ақатайдың: «Қазақ тіліне қазақ халқының көзқарасы, кісілігі мен парасаты, саяси мұраттары мен қоғамдық көкейкесті арман-тілегі, әлеуметтік және тарихи жиған-тергені сіңген. Демек, қазақ халқы өзінің тіліне деген көзқарасы арқылы не әлемдегі кісі сыйларлық ұлттар қатарынан табылып, шарықтап аспанға шығады, не басқа жұрттардан қалып, жер болады, қайтадан «малды жақсы бағушы» халыққа айналады. ХХІ ғасыр – қазақ баласы үшін сын ғасыры, сынақ ғасыры» деген сөзі бекер емес.

Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту жұмыстары жалғасын таппақ.

Т.Ысқақов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button