«Елдестірмек елшіден…»
Қарағандыда халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени-білім беру шарасы – «Freedom 250 Fest» фестивалі өтті. Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздігіне 250 жыл толуына орайластырылған шара келушілерге ұмытылмас әсер сыйлап, америкалық мәдениетпен, біліммен және ғылыммен жақынырақ танысуға бірегей мүмкіндік туғызды.
Әрбір қонаққа кіреберісте арнайы буклеттер таратылып, ерекше квест-ойын басталды. Ереже бойынша, фестиваль аумағындағы барлық интерактивті аймақтарды аралап, мөр жинаған қатысушыларға соңында бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шараның мақсаты мен маңызы туралы Қарағандыдағы Америкалық бұрыштың үйлестірушісі әрі Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Толқын Жармағанбетова таныстырып, кеңінен тоқталды.
– Бұл ауқымды шара Америка Тәуелсіздігінің 250 жылдығына және АҚШ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық серіктестіктің 35 жылдығына арналып отыр. Біздің басты мақсатымыз – Америка тарихы мен дәстүрлерін заманауи инновациялармен, біліммен ұштастыру, сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ халықтары арасындағы болашаққа бағытталған достық байланысты нығайту. Жалпы, Америкалық бұрыштар – АҚШ Елшілігінің қолдауымен Қазақстан өңірлеріндегі қоғамдық кітапханалар базасында жұмыс істейтін мәдени және білім беру кеңістігі. Қарағандыдағы Америкалық бұрыштың Н.В. Гоголь атындағы кітапханамен серіктестік орнатқанына биыл тура 20 жыл толды, – деді Толқын Сағынтайқызы.
Фестиваль аясында арнайы шақырылған төрт спикер сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөлісті. Солардың қатарында English Language Fellow бағдарламасының қатысушысы Джон Марушак өзінің Қазақстандағы ерекше тәжірибесі туралы айтып берді. Іс-шара барысында «Education zone» (Білім аймағы) шеңберінде халықаралық IELTS, SAT, GMAT емтихандарына арналған жаңа әдебиет көрмесі ұйымдастырылған. Ағылшын тілінде қызықты квиздер мен сөз табу ойындары да өтті. Сонымен қатар, коворкинг кеңістігінде арнайы шақырылған спикерлер – «Open World» бағдарламасының түлегі, журналист Руслан Телегин, «Global UGRAD» бағдарламасының түлегі Татьяна Голубцова және жоғары білім беру жөніндегі маман Айгерім Қожамбергенова да сөз алып, тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды.
Технология әуесқойлары үшін «Steam Lab» аймағы нағыз жаңалық болды. Мұнда қатысушылар қағаздан берік көпір тұрғызып, оны төзімділікке тексерді. Датабот пен жасанды интеллектінің көмегімен қоршаған орта мәліметтерін талдауды үйренді. Ал, «Space Zone» аймағында болса, келушілер телескоппен аспан әлемін бақылап, ғарыш туралы қызықты викториналарға қатысты. «Game Zone» алаңында виртуалды шындық (VR) көзілдіріктері мен графикалық планшеттер арқылы заманауи турнирлер ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында квест жеңімпаздары мен белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен, сертификаттармен марапатталды. Фестиваль тек мерекелік шара ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтқан, білім мен ғылымды насихаттаған өнегелі жобаға айналды.
Ділнәр ЕРМЕК,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті
Сурет автордан


