Жаңалықтар

Ерден Әріпов: «Әділ сот төрелігі – өмірлік таңдауымыз!»

Биыл Қарағанды облыстық соты өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Тоғыз онжылдық – қуғын-сүргін мен ақталу кезеңдерін, кеңестік дәуір мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын, алғашқы реформалар мен XXI ғасырдағы батыл цифрлық өзгерістерді қамтитын біртұтас тарих. Мерейтой қарсаңында біз Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Рауанұлы Әріповпен сұхбаттасып, сот жүйесінің өткені, бүгіні мен болашағы туралы әңгімелестік…

Сурет Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінен

– Ерден Рауанұлы, тоқсан жыл – айтулы белес. Бұл санды өзіңіз қалай қабылдайсыз?

– Бұл әрі мақтаныштың, әрі жауапкершіліктің айшықты белгісі. Қарағанды облыстық сотының тоқсан жылдық жолына көз жүгірткенде, бай тарихымызға мақтанамыз. Сонымен қатар, өзіміздің де осы қызметті атқарған талай буынның бірі ғана екенімізді жете түсініп, үлкен жауапкершілікті қоса сезінеміз. Бізден бұрын әлдеқайда күрделі жағдайда еңбек еткен, тіпті, сол жолда есіл өмірін қиған азаматтар болды. Бұл бізге үлкен міндет жүктейді.

– Торқалы тоқсан жылдық қарсаңында үлкен айтулы оқиғаның бірі деп жарыққа шығар арнаулы энциклопедияны тілге тиек етіп өтсек. Энциклопедияда сот тарихының қайғылы кезеңдері де еш бүкпесіз ашық айшықталған. Бұл саналы шешім болды ма?

– Әрине. Өз тарихына адал қарай алмайтын ешбір институт бүгінгі күні қоғамның сеніміне ие бола алмайды. Ұлы террор жылдары алғашқы төрағаларымыздың қатарындағы Қожамұратов, Тынышбаев секілді тұлғалар қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Кейін ақталды. Олардың есімдері кітапта міндетті түрде болуы керек. Өйткені, бұл – құқық саясаттың ықпалына түскен кезде қандай салдар болатынын еске салатын маңызды дәріс. Сот тарихын билер дәуірінен өрбітеміз. Бір сөзбен айтсақ, бұл – тарихи сабақтастық. Қазақ халқы кеңестік кезеңге дейін-ақ дамыған құқықтық мәдениетке ие бола білді. Билер институты жариялылыққа, әділдікке және беделге негізделген ерекше сот жүйесі. «Даудың түбі – біту» деген асыл қағида бүгінгі медиация мен татуластыру рәсімдерінің негізімен үндеседі. Сондықтан, билер сотын біздің құқықтық мұрамыздың ажырамас бөлігі ретінде қарастыру заңды. «Сот тарихындағы ең маңызды кезеңдер қайсы?» дегенімізде, біріншісі – сталиндік кезеңнен кейінгі жылымық кезеңі. Сол кезде соттардың дербестігі біршама артты. Екіншісі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Ол құқықтық жүйе үшін үлкен сынақ болды. Үшіншісі – 1991 жылғы Тәуелсіздік. Жаңа құқықтық жүйені іс жүзінде нөлден бастап, құруға тура келді. Жаңа Конституция, жаңа кодекстер, жаңа қағидаттар енгізілді. Бұл сот жүйесі үшін үлкен кәсіби әрі интеллектуалдық сынақ болды.

– Қарағанды облысы – өнеркәсібі дамыған, ерекше өңір. Бұл сот жұмысына қалай әсер етеді?

– Әрине, әсер етеді. Біздің облыста шахтерлер де, металлургтер де, аграрлық сала өкілдері де бар. Қалалар мен ауылдардың өмір салты әр түрлі. Сондықтан, судья тек заңды ғана емес, адамдардың өмірін де, әлеуметтік жағдайын да түсіне алуы тиіс. Мен әріптес­теріме үнемі айтып отырамын: судьяға заңды білу жеткіліксіз. Судья істің артында тұрған адам тағдырын, әлеуметтік жағдайды, қатынастарды түсінуі керек. Қарағанды облысында күрделі өндірістік және еңбек даулары көп. Бұл біздің сот мектебінің кәсіби деңгейін қалыптастырды. Енді соңғы жылдардағы реформалардың ең маңызды нәтижелеріне де тоқталып өтелік. Ең бастысы – әділ сотқа қолжетімділіктің артуы. Егер азамат сотқа жетуге физикалық, қаржылық немесе психологиялық тұрғыдан қиналса, онда бұл толыққанды әділ сот емес. Цифрландыру жағдайды түбегейлі өзгертті. Бүгінде азаматтар сот отырыстарына қашықтан қатыса алады. Бұл жай ғана ыңғайлылық емес, әділ сотқа қолжетімділіктің жаңа деңгейі. Қазір талап арыздар онлайн беріледі. Іс материалдары электрондық форматта сақталады. Сот актілері ашық жарияланады. Бұл тек жөнекей автоматтандыру емес, ашықтықты қамтамасыз ету құралы. Азаматтар сот шешімдерімен еркін таныса алады. Бұл өз кезегінде сот мәдениетін жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар, сот тәжірибесін талдау үшін жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Оның мақсаты – заңды қолданудың бірізділігін қамтамасыз ету.

– 2021 жылғы әкімшілік әділет реформасының маңызы неде?

– Реформа ең алдымен, көзқарасты өзгертті. Бұрын азамат мемлекеттік органмен дауласып сотқа жүгінгенде әлсіз тарап болатын. Өйткені, дәлелдеу міндеті негізінен азаматтың өзіне жүктелетін. Қазір мемлекеттік орган өз әрекетінің заңдылығын дәлелдеуі тиіс. Бұл өте маңызды өзгеріс. Нәтижесінде азаматтардың әкімшілік даулар бойынша жеңу көрсеткіші бірнеше есе артты. Бұл мемлекеттің нашар жұмыс істей бастағанын емес, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейгенін көрсетеді. Ұмытпаған абзал. Сенім – соттың басты капиталы. Жасалатын жұмыс әлі де көп. Бірақ оң өзгерістер бар. Мұны нақты көрсеткіштерден көруге болады. Дегенмен сенім – бір рет қалыптасып, мәңгі сақталатын құндылық емес. Ол әрбір сот шешімімен, әрбір қабылдаумен, әрбір азаматпен қарым-қатынаста қайта дәлелденуі керек. Селкеусіз сенімді әділетсіз шешім, дөрекілік, созбалаңдық пен жабықтық бір сәтте жоя алады. Сондықтан, біз азаматтардың өтініштері мен шағымдарын тұрақты түрде талдап, проблемаларды дер шағында анықтап отыруға ынталымыз. Сотқа деген сенімді не көбірек әлсіретеді? Ең қауіптісі – белгісіздік. Егер адамдар ұқсас істердің әртүрлі шешілетінін көрсе немесе сот шешімінің қисынын түсінбесе, сенім демде жоғалады. Сондықтан, сот актілерінің сапалы уәжделуі аса маңызды. Судья тек заң нормасын көрсетіп қана қоймай, неге дәл осындай қорытындыға келгенін де түсіндіруі тиіс.

– Судья тәуелсіздігі бүгінде қаншалықты шынайы құбылыс?

– Тәуелсіздік – үнемі ұмтылатын құндылық. Қазіргі таңда судьяларды іріктеу жүйесі, біліктілік емтихандары мен тағайындау рәсімдері әлдеқайда ашық. Алайда, қысым мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Кейде ол ашық, кейде жанама түрде көрінеді. Мұндай жағдайда бәрі судьяның жеке ұстанымына байланысты. Өйткені, тәуелсіздік – тек заң мен жүйе ғана емес, әрбір судьяның ішкі қағидасы. Әділ соттың тірегі – адамдар. Қазіргі заманғы судья қандай болуы керек? Заңды жақсы білуі тиіс. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Судья адамдарды тыңдай және түсіне білуі қажет. Қарыз өндіру туралы істің артында отбасылық қиындық тұруы кәдік. Еңбек дауының артында адамның қадір-қасиеті тұруы мүмкін. Сонымен қатар, шешім қабылдағанда эмоциядан жоғары тұра білуі керек. Судья мамандығының ерекшелігі де осында. Қазір бұл мамандыққа қызығушылық артып келеді. Судья болуға үміткерлердің кәсіби деңгейі жоғарылады. Қарағанды облысында судьяларға түсетін жүктеме республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сондықтан кадрлық мәселелер мен жүктемені оңтайландыру маңызды міндет болып қала береді.

– Қарағанды облыстық сотын он жылдан кейін қалай елес­тетесіз?

– Мен адамдар қорықпай, сеніммен келетін сотты көргім келеді. Цифрлық технологиялар судьяны артық қағазбастылықтан босатып, істің мәніне терең үңілуге мүмкіндік беруі керек. Сот шешімдері түсінікті, дәйекті әрі әділ болуы қажет. Тіпті, дауда жеңілген тараптың өзі соттың әділ болғанын сезінуі тиіс. Сын-қатерді де естен шығармақ жоқ. Мәселен, жүктеменің артуы. Құқықтық қатынастардың күрделене түсуі. Криптовалюталар, жасанды интеллект, жаңа бизнес модельдері құқық саласына тың мәселелер әкелуде. Сот қаншалықты қолжетімді болған сайын, оған жүгінетін азаматтар саны да артады. Демек, жүйе де соған сай дамып отыруы керек. Әділ сот – біздің өмірлік таңдауымыз! Егер сіз өз еңбегіңіздің нақты бір адамның өміріне оң әсер ететінін түсінсеңіз, бұл кез келген материалдық ынталандырудан күшті әсер етеді. Жылдар өткен сайын бір нәрсені анық түсінеміз: әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Сол тағдырға заң аясында ықпал ету – үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Меніңше, дәл осы сезім осы сотта қызмет еткен барлық буынды біріктіріп келеді.

Сұхбаттасқан Ерқанат Кеңесбекұлы
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button