Жаңалықтар

Әділетке бастар жол

Құқықтық мемлекет құру жолындағы ең маңызды міндеттердің бірі – азаматтардың сот билігіне деген сенімін нығайту. Бұл сенімнің өзегі – әділдік, заң үстемдігі және сот жүйесінің ашықтығы мен кәсіби сапасы. Сот төрелігі шынайы әділетке негізделген жағдайда ғана азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері толық қорғалып, қоғамда тұрақтылық пен құқықтық тәртіп орнығады. Сондықтан да, сотқа деген сенім – құқықтық мемлекеттің берік іргетасы.

Сурет ЖИ

2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Рес­публикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Судьялардың ІХ съезінде сот жүйесінің қоғамдағы рөліне айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ, сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті», – деп атап өтті.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 2024-2025 жылдары Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ауқымды кешенді шараларды іске асырды. Соттардың қызметі туралы Қарағанды облысының халқын уақытылы әрі нақты ақпарат пен қамтамасыз ету үшін баспасөз қызметі және судья-үйлестірушілер бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар резонанстық істер бойынша құқықтық түсіндірмелер беріп, журналистермен тұрақты қарым-қатынас орнатып, сот пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға күш салады. Мәселен, былтыр облыс соттары бойынша 614 мақала, 98 репортаж, 686 интернет материалы жарияланып, 4 брифинг ұйымдастырылды. Облыстық соттың ресми сайтында 82 жаңалық орналастырылды. «Заң алаңы» медиа жобасы аясында судьялардың қатысуымен бейнетүсіндірмелер әзірленіп, әлеуметтік желілерде орналастырылды.

«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі өтініштерді қабылдау мен қарау процесін жеңілдетіп, олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Биылға дейін Қарағанды облысының соттары тарабына «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 4678 арыз келіп түсті. Оның ішінде, 4271 өтініш қаралды, 364 өтініш құзыретіне сәйкес басқа мемлекеттік органдарға жолданды, ал, 43 өтініш қаралу сатысында қалды. Атап өту қажет, 2024 жылы Қарағанды облыстық сотында алғаш рет, қоғам қызығушылығын тудырған Қарағандыда жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан күдіктіге қатысты қылмыстық іс онлайн режимде өткізілді.  Бұл сот өндірісінде ақпараттық технологияларды тиімді қолдану арқылы қоғамның тез және сенімді ақпаратқа қолжетімділігін қамтамсыз етеді. Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегі соттарында істерді автоматтандырылған бөлу жүйесі (ІАБ) 2019 жылдан бастап енгізілді.

Осы жүйені пайдаланудың айрықша ерекшелігі сот өндірісінің азаматтық және әкімшілік істерін қараудың жаңа тетігі, эксаумақ­­тық соттылық деп аталатын қағидатты қолдану мүмкіндігі дер едік. Демек, әрбір азаматтың Республика төңірегіндегі кез келген сотты таңдап, істерді қарауға құқығы бар екендігінің бір белгісі бұл.

Істерді автоматты тіркеу және бөлу (АТБ) «ТӨРЕЛІК» жүйесіндегі роботтандырылған платформа материалдардың толықтығын тексереді, келіп түскен құжаттарды тіркейді және істерді судьялар арасында эксаумақтық соттылық қағидаты бойынша бөледі. Әкімшілік істер бойынша автоматтандыру жол-көлік оқиғалары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары және бірқатар өзге де құқық бұзушылық санаттары бойынша қаулы жобалары адам қатысуынсыз қалыптасады, кейін судья бекітеді. Жасанды интеллект элементтері бар талдау интеллектуалды іздеу, Сот тәжірибесі және Сот аналитикасы бағдарламаларын кеңінен сот жүйесінде қолдануда.

Құпия ақпаратты қамтымайтын сот процестерінің онлайн-трансляциясы іске қосылып, мектеп оқушылары мен заң факультетінің студенттері үшін ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сот ісін жүргізудің Бірыңғай ақпараттық жүйесі жетілдіріліп, талап арыз беру, істің қозғалысын бақылау және сот шешімдерін алу үдерістері едәуір оңтайландырылды. Сонымен бірге, электрондық құжат айналымы сот органдары, адвокаттар мен іс қатысушылары арасында біріздендірілді.

Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында оқыту семинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Негізгі назар азаматтармен этикалық қарым-қатынас орнату, іс жүргізу нормаларын қатаң сақтау, әділ әрі бейтарап шешімдер қабылдау, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және әдеп нормаларын сақтау мәселелеріне аударылады.

Азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау мен қарау тәртіптері жетілдіріліп, әр өтініш мұқият зерделеніп, тиісті шаралар қабылдануда. Қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, құқықтық мәдениетті арттыру және сотқа деген сенімді нығайту бағытындағы іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде.

Ал, Қарағанды облысы бойынша сот әкімшілігінің департаменті халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту бағытындағы қызметін тұрақты түрде жүзеге асыруда. Алдағы уақытта департаменттің басты басымдықтары ретінде қоғаммен кері байланысты нығайту, ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету, тиімді коммуникация орнату, құқықтық түсіндіру және ағарту жұмыстарын жүргізу, БАҚ-пен тұрақты өзара әрекеттестікті ұйымдастыру, сондай-ақ, сот жүйесін цифрландыру арқылы ақпараттың қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы
бойынша департамент басшысы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button