Жаңалықтар

Елбасы – Қарағандыда

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қарағандыға туған жеріне табан тірегендей үлкен махаббатпен келеді. Әр келген сәтінде Қарағандының өзіне ыстық екенін айтудан жалыққан емес. Қолыңыздағы басылымға әр сапары сәтті таспаланып отырды. Оның барлығы газетіміздің мұрағатында сақталып, қатталып тұр. Біз мерейлі мереке қарсаңында Тұңғыш Президентіміздің кейінгі жылдардағы аймағымызға ат басын бұрған кезеңдеріне арнайы фотошолу жасайық деп ұйғардық.

2018 жылғы 6 қыркүйекте Тұңғыш Президент Қарағанды фармацевтика кешенінде болды. Елбасы озық құрылғылармен жабдықталған, өндірістік жобалық қуаты жылына 4 миллион биотехнологиялық дәрі-дәрмек бумасын шығаруға лайықталған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

2018 жылдың 7 қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорынын аралады. Елбасы кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті. «Қазір зауыт аумағында мені ерекше бір сезім баурап алды. Мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды», – деп өткеніне көз жүгірткен еді.

2012 жылы 2 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыдағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебінде» болды. «Зияткерлік мектепке талантты балалар іріктеліп алынады, кейін олар «Назарбаев Университетіне» түсе алады. Осылайша біздің еліміздің элитасы дайындалады. Бүгінде жастар тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеуге тиісті», – деді сол сапарында Елбасы.

2018 жылдың 7 қыркүйегінде Қарағандыдағы «Ақ сарай» салтанат сарайына барды. Елбасы жас жұбайлардың неке қию рәсіміне куә болып, оларды құттықтап, босағаларына бақыт, шаңырақтарына береке тіледі.

2014 жылғы 30 тамызында Елбасы «Бёмер Арматура» ЖШС-де шарлы кран және тиекті арматура өнімдерін шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Тұңғыш Президентке өндірісте қолданылатын инновациялық технологиялар, сондай-ақ, шығарылатын өнімдердің үлгілері көрсетілді.

2014 жылғы 22 тамызында Елбасы «Ютария ltd» өндірістік инновациялық компаниясы» ЖШС-не ат басын бұрды. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне кәсіпорынды дамыту жобалары, соның ішінде, Сәтбаев қаласындағы индустриялық қызмет көрсету комбинаты мен «Астана – жаңа қала» АЭА» аумағында құрылып жатқан автоматтандырылған өндірістік кешені таныстырылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button