Ел ырзығын еселеу жолында

Осыдан екі жыл бұрын Балқаш қаласында жаңа нан зауыты ашылатындығы туралы хабар тез тарап, шаһар жұртшылығын үлкен қуанышқа бөлеген еді. Жаңа нан зауытының ашылуы өңір үшін айтулы оқиға болғаны сөзсіз. Себебі, бұл моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында жаңадан ашылып жатқан алғашқы зауыт болатын. Сонымен қатар, бұл кәсіп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынды.

 

Қазақстан Республикасының Президенті биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «жаппай Кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек» деп талап қойды. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуы тиіс. Яғни, бұл орайда, кәсіпкерлікті өркендете отырып, тұрғындарды жұмыспен қамту – Үкімет пен аймақтар әкімдері қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болып қала бермек.

Қаладағы 1967 жылы тұрғызылып, кейінгі уақытқа дейін жұмыс істеп келген нан зауыты соңғы жылдары техникалық тұрғыдан жаңартылмаған болатын. Сол себепті тұрғындарды нанмен қамтамасыз ету ісі едәуір бәсеңдеп, өнім бағасы қымбаттап кеткен еді. Ал, жаңа нан комбинаты Еуропадан әкелінген заманауи энергия үнемдегіш құралдармен жабдықталғандықтан сапалы әрі арзан өнім шығаруға мүмкіндік берді.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы «Пульс» ЖШС жаңа зауыт жұмысын қолға алып, тәулігіне 17 тонна өнім шығаратын кәсіпорынды іске қосты. Жобаны іске асыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ мен «Цеснабанк» АҚ қолдауымен 500 млн. теңге бөлінді.

Нан пісіруге арналған заманауи құралдар – Франция, Швеция, Дания, Испания, Болгариядан әкелінген. Жаңа құрылғылар мен өндірудің барлық технологиялық процесі халықаралық стандартқа сай келеді. Осы жаңа технологияларды пайдалана отырып, зауыт жұмыскерлері өндірістің экологиялық тазалығын, дәмін, жоғары сапасы мен құнарлығын қамтамасыз етеді. Диеталық және адам ағзасына пайдалы дәрумендермен байытылған жоғары рецептуралық нан сұрыптарын өндіру күннен-күнге артып келеді. Құрамында күнжіт, асқабақ, зығыр, жаңғақтар қосылған нандар француз, неміс, итальян технологияларымен пісіріледі. Нан өнімдері итальяндық 99 бағдарламасы бар «Mondial formi» атты 10 ротация пешінде пісіріледі. 200 келілік нан ашытатын машина да Италиядан жеткізілген. Нанның ашытқысы Францияның «Lacsa», «Langers» фирмаларынан әкелінген арнайы ашытқы жасайтын құралдар көмегімен дайындалады. Зауытта ұн сақтайтын арнайы 5 бункер бар. Онда 52 тонна ұн қоры үнемі тұрады.

Қазір заманауи технологияны пайдалану арқылы «Балқан Нан» ЖШС-де 85 түрден астам нан өнімдері шығарылады. Қысқа мерзім ішінде бой көтерген халықаралық стандартқа сай нан зауыты бұрынғы өндірістен өндірістік қуаты мен сапасы жағынан да басым. «Балқаш Нан» зауытында жаңа жұмыс орындары ашылып, мұнда қазір 140 адам жұмыс істейді.

Арнайы мобильді көліктер наубайханадан жаңа шыққан нанды, тек, Балқаштағы сауда орындарына емес, сондай-ақ, Балқаш станциясына, Қоңырат мөлтек ауданына, Шашубай, Гүлшат, Сарышаған елді мекендері мен Приозерск қаласына да жеткізеді. Бір Балқаш қаласында ғана нан 250 сауда нүктелерінде сатылады. Жылжымалы мобильді автодүкендер қаланың әр жеріне барып, тұрғындарға нан өнімдерін жеткізеді. Бұрынғы нан зауытының ассортиментінде 6 түрлі нан өнімі болса, бүгінде қала дүкендерінің сөрелеріндегі нанның алуандығы тұтынушы көзінің жауын алады.

Бастапқыда зауытта нан өнімдерінің 30 түрі пісірілсе, бүгінде олардың саны 85-ке жетті. Алдағы уақытта тауар ассортименті 100-ге жетпек. Атап айтатын болсақ, «8 дән», «Отрубной», «Президентский», «Бектауата нандары», «Шұбар» батоны және тағы да басқа нан түрлері шығарылады.

Құрылғанына аз уақыт болса да, ұйымшыл еңбек ұжымы көптеген табыстарға қол жеткізді. Мысалы, «Балқаш Нан» ЖШС өнімдері 2015 жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен «Қазақстанда жасалған» және 2016 жылдың мамыр айында Баку қаласында өткен «Сала көшбасшысы» көрмелерінде жоғары бағаға ие болды. Астанада Индустрияландыру күні аясында өткен «Қазақстан үздік тауарлары – 2016» атты республикалық байқауда «Балқаш Нан» зауыты ұжымы жеңіске жетті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында «Қазақстанның үздік тауары» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылдың желтоқсан айында Орта Азия халықаралық «WorldFood Kazakhstan – 2016» көрмесі аясында өткен нан және кондитерлік өнімдер байқауында «Жыл тандауы» деген жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ, «Өнімнің ең жоғарғы сапасы үшін» медалімен марапатталды.

Айта кету керек, серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне жауапты қарайды. Балқашта «Мейірімді іс» атты қайырымдылық акциясы үнемі өтіп тұрады. Жаңа нан зауыты өз дүкендерінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға нан өнімдерін тегін таратуды жолға қойды. Қала тұрғындары үшін бұл үлкен қолдау болды. Бүгінде көпбалалы отбасылар «Балқаш Нан» ЖШС дүкендерінен күнделікті нан алып тұруға дағдыланды. Қаладағы балалар үйіне нан өнімдері күн сайын тегін босатылады.

– Мереке күндері балалар үйіне торт, тәтті тоқаш түрлері міндетті түрде сыйлыққа беріледі. Кәсіпорын басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді балалар үйінің директоры Сәуле Кәріпжанова.

Қазіргі кезде Балқаш тұрғындарының ақ дастарқанынан кәсіпорынның тағамдары үзілмейді. Алдағы уақытта да «Балқаш Нан» ЖШС ұжымы тынымсыз еңбегі арқасында қала экономикасының өркендеуіне өз үлесін қоса бермек.

Зада ЖҰМАТОВА.

БАЛҚАШ қаласы.

One thought on “Ел ырзығын еселеу жолында

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.