Басты тақырыпСпорт

Ел құрамасы – үздіктер көшінде

    Алматыдағы ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарының тоғызыншы күнін (7 ақпан) Қазақстан құрамасы екінші сатыда түйіндеді. Алдымызда – тек, Ресей спортшылары.

Сейсенбіде ел қоржыны бірнеше жүлдемен толықты. Оның үшеуі биатлоншылардың еншісінде.

Алдымен, биатлоншы Галина Вишневская Қазақстанның Универсиададағы 11-ші алтынын өз есебіне жазды. Галина 12,5 шақырымға созылған сында украиналық Яна Бондарь мен ресейлік Лариса Куклинаны артта қалдырды.

Роман Еремин мен Антон Пантов биатлоннан масс-старт жарысында олжа салды. 15 шақырымдық бұл бәсекеде бірінші орынды француз Батист Жути иеленді. Жутиден кейін мәре сызығын кескен Роман мен Антон, тиісінше, күміс және қола медальдарды қанжығаға байлады.

Сондай-ақ, осы күні шаңғышы Анна Шевченко жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді. «Алатау» шаңғы кешенінде өткен 15 шақырымдық сайыста жеңіске деген жігерін танытқан Анна қола медальға қол жеткізді.

Қыздарымыз шорт-трек бағдарлама­сында биіктен көрінді. Құрама сапында өнер көрсеткен Мадина Жанбосынова, Ким Йонг А, Анастасия Крестова және Анита Нагай қазақстандық шорт-трекші қыздар құрамасы тарихында алғаш рет Универсиаданың қола медаліне ие болды. 3 мың метрлік додада бірінші орын оңтүстік кореялықтарға, екінші орын – қытайлықтарға бұйырды.

Шорт-тректен ерлер құрамасы да қола жүлдені қанағат тұтты. Мұнда Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша ел намысын қорғады. 5 мың метрлік қашықтықта жарысқан эстафеташыларымыз қытайлықтар мен ресейліктерге есе жіберді.

Шайбалы хоккейден ерлер командасы финалға өтті. Чехиямен өткен жартылай финалдық кездесуде отандастарымыз 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Матчтағы алғашқы шайбаны чехтар соқты. 17-ші минутта Дэниел Арност мергендігімен көзге түсті. 0:1. Алайда, көпке ұзатпай Константин Савенков есепті теңестірді. 1:1. 31-ші минутта Дмитрий Гренц басымдықты 2:1-ге жеткізді. Бұдан кейін Павел Акользин және бір шайба салды. 3:1. Ал, 43-ші минуттағы қазақстандық Алексей Анциферовтің соққысынан кейін таразыдағы көрсеткіш 4:1-ді көрсетті. Осы есеп ойын соңына дейін сақталды.

Енді, Қазақстан хоккейшілері финалда ресейліктермен кездеседі. Олар жартылай финалда канадалықтарды 4:1 есебімен ұтқан еді. Канадалықтар чехтармен қола жүлдені сарапқа салады.

Ақтық ойын кеше, яғни, 8 ақпан күні өтті.

Сөйтіп, қазақстандық спортшылар Универсиаданың тоғызыншы күнін 34 медальмен қорытындылады. Еншімізде – 11 алтын, 7 күміс және 16 қола медаль бар. Көш бастаған Ресей құрамасында – 68 медаль (27 алтын, 26 күміс, 25 қола). Үздік үштікті 21 жүлдемен (11 алтын, 5 күміс, 5 қола) Оңтүстік Корея командасы тұйықтады. Бұдан бөлек, алғашқы ондықта Жапония, Польша, Франция, Италия, Қытай, Белорусь және Украина мемлекеттерінің құрамалары орын тепті.

Бет қатталып жатқанда:

Қазақстандық хоккей құрамасы Универсиаданың күміс жүлдесін қанжығаға бөктерді. Финалда ресейліктерден 0:1 есебімен ұтылып қалды. Даниил Ильин біздің қақпадан саңылау тауып, отандастарына жеңіс сыйлады.

Сондай-ақ, Универсиада қоласын Канада құрамасы иеленді. Үйеңкі жапырақты ел өкілдері чехтардан 4:3 есебімен басым түсті.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button