Ел қорғаны – ер аманаты

Бейсенбі күні Қазақстан қарулы күштерінің сапына қарағандылық 40 сарбаз қосылды. Оларды Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі «Мәңгілік алау» маңында өтті. Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында шақырту алған сарбаздардың бұл салтанаты ҚР Қарулы Күштерінің құрылуы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналды.

Қаншама жігіттің ішінен іріктеліп, қатаң сұрыптаудан өткен сарбаздардың ел тыныштығын күзетуге жан-жақты дайын екендігі айтылды. Облыстың 17 қаласы мен аудандарынан іріктелген әскерге шақырылушылардың әрқайсысы моральдық-іскер сапаға, орташа арнаулы білімге ие. Денсаулық жағдайы бойынша да ешқандай шектеулері жоқ. Жігіттердің де жас шамасы әртүрлі. Дегенмен, олардың барлығы кешенді тексеруден өтіп, жан-жақты дайындықпен бара жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл облыстан 1500 адам әскер қатарына шақырылады деп күтілуде.
Аталған іс-шараға «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, қала аумағында орналасқан әскери бөлімдер, әкім аппаратының және Қарағанды облысының басқарма органдарының өкілдері, «Нұр Отан» партиясының және ардагерлер ұйымдарының өкілдері, Қарағанды қаласындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің ұландары, әскерге шақырылғандардың туыстары және әскери кафедралардың, кадет сыныбының оқушылары қатысты.
Сарбаздарға ақ жол тілеген Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай Отан қорғауды өзіне міндет санаған жас жігіттерді әскерге салтанатты түрде шығарып салу жақсы үрдіске айналып келе жатқандығын атады.
– Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылуы мен ел астанасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында азаматтық борышын өтеуге аттанған сарбаздарға ақ жол тілеп, үлкен үміт пен міндет жүктеп шығарып салғалы тұрмыз. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы. Мұны баршамыз білеміз. Біздің халқымыз жоғары патриотизм рухында тәрбиеленген. Адамзат тарихында жер бетінен жоғалып кеткен халықтар мен мемлекеттер аз емес. Тек патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік қана кез келген мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне кепіл болар негізгі күш. Сондықтан, бүгінгі сарбаз – ел қорғаны, – деді Мирас Құттыбай.
Сөз алған сарбаздар әскер – өмір мектебі екендігін алға тартты. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі артатындығын тілге тиек етті.
Осы күні әскери бөлімдердің жауынгерлері сапқа тұрғызылып, әскерге шақырылушылар Ұлы Отан соғысында шейіт болған жауынгерлерге тағзым ретінде «Мәңгілік алау» даңқ мемориалына гүл дестесін қойды.

Нұрдос Кәрім

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.